Профессор Имаш Барғанұлының жүріп өткен ұстаздық, азаматтық жолына талдау жасау оңай шаруа емес.
Дегенмен бұл кісінің шәкірті, інісі, құдасы ретіндегі ілтипатым, сыйластық қарым-қатынасымыз көптен бері жалғасып келеді. 1957 жылы ҚазПИ-ге оқуға түскенде Кеңес Одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллин институт ректоры, ал Имекең оқу жөніндегі проректор екен. Институттың бірінші басшыларын қабылдау комиссиясы кезінде көрдім. Соңғы курстарда институт өміріне белсене қатысып, факультетте комсомол ұйымын басқарып жүргенде студенттердің оқу, тұрмыстық мәселелері жөнінде Имаш Барғанұлының алдына талай барғанбыз. Біздерді жақсы қарсы алып, мұқият тыңдап, өтініштерімізді ретіне қарай шешіп беретін.
Сол кезден бастап Имекеңнің институт ұжымында беделді, әділетті басшы екенін естіп қана емес, өзіміз де аңғара бастадық. Имаш Барғанұлы жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген студенттерді ылғи да қолдап отыратын. Мәселен, мені 5-курста факультет Лениндік стипендияға ұсынғанда қолдау көрсеткені есімде. Біз оқыған кезде жоғары оқу орнын бітірген түлектерді жұмысқа бөлетін арнайы комиссия құрылатын, оның төрағасы, әдетте, институттың оқу жөніндегі проректоры болатын. Институтты бітіргенде осындай комиссияның төрағасы Имаш Барғанұлы Мадин болды. Имекеңнің осы комиссияны басқарған кезінде мәселені әділ шеше білетіндігін ерекше айтқым келеді. Оқу үлгерімі, қоғамдық белсенділігі, отбасы жағдайы, т.б. мәліметтерді ескере отырып, әркімге өзіне лайықты қызмет ұсынатын. Мені аспирантураға қалдыруға шешім қабылдаған болатын, бірақ аспирантураға түспей, қәзіргі кездегідей, жас мамандар ауыл-селоға бару бастамасын қалап, Павлодар облысына мұғалім болып кеттім. Үш жылдан кейін ҚазПИ-ге аспирантураға түсейін деп келсем, орын жоқ. Тағы да Имаш Барғанұлына барып, жағдайымды айтқаннан кейін: «Олай болса, сен институттың партия тарихы кафедрасына ізденуші болып, кандидаттық минимумдерді тапсырсаң, емтихансыз күндізгі бөлімге аспирантураға түсуге мүмкіндік болады» деген ақылын айтты.
Имаш Барғанұлы Мадин 1915 жылы қазіргі Баянауыл ауданы Жұмат Шанин атындағы кеңшардың үшінші ауылында дүниеге келді. Әке-шешесі аса бай болмаса да ауқатты жанұя сапында саналатындықтан, баласын Баянауылға алып келіп 4 жылдық бастауыш мектепке оқуға береді. «Әліппені Рахымжан Сағынов деген ұстаздан үйрендім. Атағы облыс көлеміне белгілі сол педагогтен төрт кластық білім алып шықтым» дейтін аса ризалық сезіммен Имекең. Сол Баянауылдағы шаруа жастар мектебін, одан соң 1934 жылы Қызылжардағы теміржол техникумының екі курсын бітіріп, Абай атындағы қазақ педагогика институтының бір жылдық даярлық курсынан бір-ақ шықты.
Төрт жылдық студенттік өмір. «Балықтың жаны – суда» дегендей, үлкен арманының теңіз толқынында жүзіп жүріп, педагогтерінің ауызға алып мақтанарлық студенті атанды. Институттың қоғамдық өміріне де белсене араласты, 1940 жылы физика-математика факультетін жақсы біліммен аяқтап шықты. Жас маманды Павлодар облыстық халық ағарту бөліміндегілер жылы шыраймен қарсы алып, сол кезде қаладағы №10 қазақ орта мектебіне директорлыққа тағайындайды. Бұл тағайындаудың бір себебі сол кезде жоғары білімді педагогтер тапшылығынан да болар. Алайда жастығына қарамастан, ойлы, пайымды сөйлеуі, сөзін дәлелдермен нықтап айтуы осы тағайындауға негізгі себеп болғаны ақиқат. Осы мектепте басшылық қызмет атқарған бір жыл ішінде ол оқу орнында қалыптаса бастаған жақсы дәстүрлерді әрі қарай жаңа мазмұнмен оқу-тәрбие процесінің әдіс-тәсілдерін жетілдіре түсуге бар күшін салды.
Бір жыл деген немене, өте шықты зымырап. Ойлағандарының бірқатарын жүзеге асырғанымен, көпшілігі қағаз бетінде, көңіл түкпірінде қала берді, оған қарғыс атқыр соғыс кедергі болды.
Имаш Барғанұлы – Ұлы Отан соғысына бірінші күннен бастап қатысып, жауды өз ордасында тізе бүктіріп қайтқан жауынгер. Ол 1944 жылы Украинада Кеңес Одағының екі мәрте батыры А.Федоров басқарған партизан қозғалысына да қатысқан. Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуының 50 жылдық мерекесі қарсаңында Украина президенті Леонид Кучма қол қойған хат және ескерткіш белгі алды. Хаттағы «Қасиетті жерімізді фашист басқыншылардан тазартуға қатысқан еңбегіңізді украин халқы мәңгілік ұмытпайды» деген сөздерді оқығанда бұрынғы партизанның көз жанарына жас оралып еді.
Бейбіт өмірге оралысымен Имекең Алматыға келіп, Республика оқу министрлігінің мұғалімдерді сырттан оқыту бөлімінің бастығы, республикалық ғылыми-методикалық кабинеттің директоры қызметтерін атқарды. 1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының педагогика кафедрасына аға оқытушы болып ауысты. Кандидаттық қорғағаннан кейін, 1958 жылдан қатарынан он алты жыл осы институттың оқу ісі жөніндегі проректоры қызметін атқарды. Ғалымды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтында да жақсы біледі. Ол мұнда 1990 жылға дейін педагогика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
И.Мадинге 1980 жылы профессор атағын берді. Ғалымның ғылыми еңбектері туралы да 1958 жылы жарық көрген «Қазақстанда сырттан оқытып педагогикалық білім беру» атты еңбегінің маңызы зор ерекше. Сол бір кезеңде еліміздің мектептерінде, әсіресе, ұлттық кадрлар тапшылығы көбірек қиындықтар келтіргендігі белгілі. Бұл осы олқылықтардан шығудың жолдарын көрсетіп берген бағалы еңбек болды. 1964 жылы жарық көрген «Сырттан оқитын студенттердің дербес жұмысы туралы нұсқау-методикалық көмекші құрал» атты еңбегі де әлі күнге дейін кеңінен пайдаланылып жүр. Сондай-ақ профессор И.Мадиннің «Советтік дәуірде Қазақстанда педагогикалық пікірдің даму тарихы» атты монографиясын педагогикалық қауым жылы қабылдағаны белгілі. Имекеңнің бұлардан басқа елуден астам ғылыми еңбектері, шағын кітапшалары, мерзімді баспасөз беттерінде жүзге тарта мақалалары жарық көрген екен. Оның үстіне 50 жылдан астам студенттерге, аспиранттарға жоғары деңгейдегі лекцияларын, Республикалық педагогикалық қоғамның, ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері республикалық кәсіподақ комитеті президиумының, Республикалық «Білім» қоғамының, Ұлы Отан соғысы және енбек ардагерлері Алматы облыстық кеңесінің мүшесі ретінде жұртшылық арасында өткізген қоғамдық педагогикалық жұмыстарын қосыңыз.
Соғыстан кейінгі жылдары жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге белсенді қатысқаны үшін Отан соғысы жеңісінің 45 жылдығына байланысты ардагерлер комитетінің төрағасы Кеңес Одағының батыры авиация маршалы А.Силантьев Имаш Барғанұлы Мадинге алғыс жариялады.
Ұзақ өмір сүрген ғалымның жолдас-достары көп болатын. М.Ғабдуллин, Т.Жангелдин, Ә.Шарипов, Қ.Қайсенов, Ғ.Жұматов, т.б. Ал ғалымдар арасынан Ш.Шокин, Я.Аубакиров, С.Қирабаев, генерал Ә.Тілеулиевтерді айтуға болады. Өмірінің аяғына дейін достық қарым-қатынаста болған ғалым-әдебиетші Төлеутай Ақшолақов, ғалым-филосов Жұмабек Жандосов, Ж. Ақышевтар еді.
Бүгінде 90 жылдықтарын атап өткен ақын-жазушы ағаларымыз Мұзафар Әлімбаев, Қалмұқан Исабаевтың Имаш Барғанұлының шәкірті, қамқоршы інілері ретінде көрсеткен сый-құрметтерінің куәгерімін.
Имекеңмен көп жылдар бойы қарым-қатынаста болғандықтан, жеке басының қасиеттеріне тоқталсам. Имаш Барғанұлы сырт көзге қарағанда қатал, сұсты адам болып көрінгенмен, қарамағындағы және өзінің айналасындағы адамдарға тек нұрлы ақылымен, ыстық ілтипатымен, адамгершілік биік қасиетімен, биязы мінезімен танылған адам. Имекең өмірде және өзінің іс-әрекетінде байыпты да байсалды, әрбір істің шешімін ойланып табуды қалайтын, көп сөйлемейтін, өркөкіректік, дандайсу мен менсінбеу, әсіресе, жағымпаздық деген қасиеттер бұл кісіге мүлде жат еді.
Профессор Имаш Барғанұлы мен жан жары, қамқоршысы, ақылшысы балған ғылым кандидаты, доцент Ғайни Ластайқызы төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлдарының екеуі – Мұрат пен Болат ғылым кандидаттары, кенже ұлы Қайрат ғылым докторы, профессор.
Имекең өз отбасында өте сыйлы, құрметті отағасы, сүйікті жар, қамқоршы ата бола білді. Имаш Барғанұлы Мадин 25 наурызда 2001 жылы 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Бүгінде 100-ге толып отырған еңбек және соғыс ардагері Имаш Барғанұлының ұлағатты өмір жолы жастарға үлгі боларлықтай. Профессор Имаш Мадин – талай ұрпақ өкілдерін қанаттандырған ұлағатты ұстаз, мұғалімдердің мұғалімі.
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: Айқын-ақпарат