Жұманың қадірі қайда? «Пятница-пияница»-ның жыры

/uploads/thumbnail/20170708200840990_small.jpg

            Бодандық қай елді оңдырды дейсіз... Иә, бізді де оңдырмады. Діліміз, дінімізді ұмыттық. Ата-дәстүр аластатылды.

            Артынша тәу еткен тәуелсіздігіміз келді. Біраз дәстүрлерімізді қайтардық. «Мен кіммін?» деген сауалға ауыз толтырып жауап айта алатын болдық. Тамырымызды тереңге жайып, хандығымыздың 550 жылдық мерейтойын тойлатып жатырмыз. Құтты болсын!

            Бірақ, әңгіменің әлқиссасы басқада. Бодандықтың бұлты тарқады дегенде, бостандықтың да бүлінген бұрышы көріне бастады. Бізге батыстың болмашы дәстүрлері, әуені, менталитеті кіре бастады. Оны жасыру мүмкін емес. Айта-айта ауыздан дуа кетті. Бірақ кейбір дүниені елемей өту ессіздің ғана қолынан келеді. Мәселен, тіл мен діл мәселесі...

            Діл демекші. Таяуда бір досым сырымен бөлісті.

            -..."Досым хабарласты",- деп бастады ол әңгімесін, - негізі заты қазақ, жұма күні хабарласып тұр. Кешкісін "демалайық" дейді. Тахуа болып жүргеніміз шамалы, бірақ жұмада анамыз шелпек пісірген шаңырақтан шыққанымыз бар. Зәре-құтым ұшып кетті. «Не деп отырсың?»,-дедім. Бүгін жұма екенін айттым.

             Ол маған: "Ертең сенбі ғой. Бүгін пятница. Пятница-пияница емес пе?",- деп таңдана қарады.

            Апта ауыр болғанымен, дін жағын қозғамасақ та, жұмада дұға оқитын қазақ едік. Бұл тегін дүние емес деген ой келді. Ұрпақты ділден, діннен айыру - барып тұрған ұлтқа деген қастандық",- деп досым әңгімесін аяқтады .

            ...Мұндайлардың қолын кесіп, басын жұлу керек деп отырғанымыз жоқ. Бірақ осы тұрғыда мемлекеттік пен қатар ұлттық идеяның туын қатар ұстау керек сияқты.  Мағжан сенген, Қасым таңдана қараған қазақ жастарының бұл көрінісі жүректі қанжылатады. Құл болсаң төбеңде, ұл болсаң қолыңда ойнайды дүр қамшы. Сап, ұлттың ұпайын түгендейік.

 

Аян Мейраш

«Қамшы» порталы

Қатысты Мақалалар