I
Кер даланы кезген көне естеліктің оқиға сорабы бүй деп сөйлейді: Абайдың он төрт жастағы кезі екен. Құнанбай шаңырағында Бозай төре мен Жылтыр ақын келелі кеңес құрып отырыпты. Әсерлі әңгіменің ауаны бір мезетте шақшаға қарай ауысыпты. Екі алақанына күміс зерлі шақшаны алма-кезек аударып отырған Бозайға Жылтыр ақын:
Қызылсу Шарға құймай тасымайды,
Әркімнің бір жары бар басыбайлы.
Аңырып отырғанша ермек болсын,
Бозеке, бері таста насыбайды, – депті.
Бұған Бозай мен Құнанбай: «Бәрекелді, өлең-ақ екен. Айтар болсаң, осылай айт», – деп Жылтырды көтермелей жөнеліпті. Ал Абай болса, бұлардың мақтауын аса бір қоштай қоймапты. Қоштағаныңыз былай тұрсын Жылтырға тіке қарап: «Сізді ақын екен десем, жамаушы, тіпті өтірікшінің өзі екенсіз ғой», – деп бір-ақ қайырыпты. Мұндайды әсте күтпеген Құнанбай қонақтарының алдында кәдімгідей әбігерге түсіп: «Әй, Абай, сөзіңді дәлелдеп бер, әйтпесе қайтып ал», – деп қатуланыпты.
Сондай Абай: «Өтірікші дегенім, өлеңнің алғашқы жолындағы «Қызылсу Шарға құймай тасымайды» дегені ғой. Қызылсу ешқашанда Шарға құймайды, өз бетімен ағып Ертіске құяды емес пе? Екінші, «Әркімнің бір жары бар басыбайлы» делінді. Қарының (ойнасшының) қашан басыбайлы жары болушы еді. Әйелдің жалған байы болса, ол қалайша басыбайлы болады екен. Ал жамаушы дегеніме келер болсақ, осы бір өлеңді айту үшін Қызылсу мен Шарды біреудің жарына әкеліп қосақтаудың қаншалықты қисыны бар. Бір ауыз өлең Бозекеңнің өз айналасынан да табылмай ма», – депті. Сонда Бозай: «Шырағым Абай, осыны өзің айтқанда қайтіп айтқан болар едің, кәні?» – деп қайыра сұрақ қойыпты. Мен болсам мұны бүй деп айтқан болар едім депті Абай:
Қараша хан қасында басыбайлы,
Қарасыз ханның көңілі тасымайды.
Ақыры отырғанша, ермек болсын,
Бозеке, бермен таста насыбайды.
Дәл тауып айтылған дәлелді сөзге үшеуі де тоқтаған екен деседі қария естелік.
Небары он төртке қараған бозбала Абайдың өлеңге деген талғамы мынадай болғанда қырықтың қырқасынан асқандағы айтқан «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» дегені шынымен-ақ рас болғаны ғой. Алашқа «көмекей әулие» атымен мәлім Бұқарды да бетім демей мінеп отырған Абай біздердің бүгінгі шатпағымызды көрсе нендей күйде болар екен?!
Анығында, «АҚЫН дегеніміз кім, ӨЛЕҢ қандай болуы керек?» деген қос сұраққа хакім тарапынан толыққанды жауап берілген. Бәрін жіліктеп жіпке тізіп отыруға уақыт тапшы болғандықтан, біз соның бірер жолдарын ғана сөз етпек ниеттеміз. Қос ұғымды (ақын мен өлеңді) қосақтап айтқан Абайдың бір шумақ өлеңі былай болып келеді:
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Бұл жердегі қолданылып тұрған «бөтен сөз» ұғымы мынаны білдіреді: «Өлең деген – әр сөздің ұнасымы» деп қарайтын хакім үшін ғазал «тілге жеңіл, жүрекке жылы» болып келуі шарт. Бұл енді құйылып түскен құдіретті өлеңнің нағыз талаптары ғой. Ал Абайдың жоғарыда аңдатқан «жамау» мен «құрау» ұғымдарының бұған тіпті де қатысы жоқ.
Жамау, бәрімізге мәлім, сол (төл) заттың емес, сырттан әкеліп жапсырылған бөгде заттың қиындысы екендігін ескерер болсақ, хакімнің айтып отырған «бөтен сөзінің» мәні енді ғана түсінікті болды. АБАЙ ҮШІН МҰНДАЙ ӨЛЕҢШІ «БЕЙШАРА АҚЫН» БОЛЫП ЕСЕПТЕЛЕДІ.
Әлгіде ғана «Айтушы мен тыңдаушы көбі надан, Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деп кейіп отырған кемеңгер осы бір өлеңнің аяққы шеніне келгенде: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп бұйрық райға көшеді. Неге дейсіз ғой? Абайдың бұл жердегі «СӨЗ» деп отырғаны ӨЗІ. Себебі, өзін түзей алмаған ақын өзгені түзетуге әмәндә дәрменсіз. Оның сөзінің дуалы болмайтыны да осында. Мұндай ақынның оқырманға халық атынан сөйлеп ақыл айтуға немесе жол көрсетуге ешқандай қақысы жоқ. «....Сен олардың қызыл сөзді судай сапырып жүргенін көрмейсің бе? Демек, олар істемеген ісін істедік деп айтады. Алланы танып, тура жолға түскен ақындар бұған жатпайды» деп келетін қасиетті Құран-Кәрімнің 26-сүресінің (224-227 аяттар) мәні де осыны меңзейді. Сонымен «өлеңнің техникасы дамып, тереңдігі кеміген» мына заманда «құраушылар» мен «жамаушылардың» жолдары шынымен-ақ болып тұр. Өзгеге түсіндіріп бермек түгілі, өздері не сандырақтап отырғанын білмейтін сол шіркіндер ТҮСІНІКСІЗДІГІН ТЕРЕҢДІККЕ, КҮҢГІРТТІГІН (дұрысы талантсыздығын) КЕМЕҢГЕРЛІККЕ, ШАТПАҒЫН ШЕДЕВРГЕ балайды. Солай десек те буы бұрқыраған әсіреқызыл сөзге күпті осы «ақындарымыздың» екпіні (жарнамасы десек те болады) тіптен күшті. Айтпақшы, Абай атамыз мұны да ащы тілімен көктей өтіпті. Жай «Әсіре қызыл емес деп жиренбеңіз, Түбі терең, сөз артық, бір байқарсыз» дей ғана салыпты.
Қош... ҚОЛДАН ӨЛЕҢ ҚҰРАЙТЫН «БЕЙШАРА АҚЫН» БОЛҒАННАН ГӨРІ, БОЛМАҒАН ӘЛДЕҚАЙДА ҚАЙЫРЛЫ ҒОЙ. Есіл уақытыңды тектен-текке сарп қылған сол бір шимайыңның күні ертең желге ұшары тағы да мәлім. Мұны СІЗ бенен БІЗ білмегенмен, данышпан Абайдың аңдамай қалуы тіптен мүмкін емес. Осыны түсінген Абай біздерге аса жанашырлық жасап, «шырақтарым, мұндай «өлеңді» бекерге әуре болып жазбай-ақ қойыңдар, бәрібір жоқтың есебінде саналасың» деп жалынғандай да болыпты.
«...Өлеңі бар өнерлі інім сізге,
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге...»
Әулие Гете «Әгәрәки, жер бетіне бір сызық түсуі керек болса, ол ең алдымен ақынның жүрегіне түсуі тиіс» деген екен. Бұл енді түсіне алғаныңмен, түсіндіріп беруге келмейтін хал ғой. Ақиқатына келер болсақ, ақындық Алла тарапынан берілген АМАНАТ пен ДЕРТ. Дәлірек айтар болсақ, ақын – құдайдың қаламсабы іспетті.
Олай болса, бұдан шығатын пәтуа байламы: ӨЛЕҢДІ БІЗ ЖАЗБАЙДЫ ЕКЕНБІЗ, АБЗАЛЫ ЖАЗДЫРТАДЫ ЕКЕН. Біз осы аталған қос өлшемнің қайсысына жататынымызды ішіміз (дұрысы жүрегіміз) сезгеніменен, амал қанша, еш мойындағымыз келмейді.
Абайдың жаратылыстың сырын толық түсінген данышпандығы мен дәлдікке құрылған алгоритімдік зердесі туралы сөз тіптен бөлек. Мұны енді кемеңгерлік дейміз. Қысқасы, біздің «ақын» болғанымызбен, Абай бола алмайтынымыздың қарапайым арифметикасы да осында жатыр...
II
Абай «қалың елі қазағын» қапысыз сүйді. Сол үшін ғазиз басын тауға да, тасқа да ұрды. Қазақты қайтсе де ел қылмақтың қамын күйттеген қайраткер осы бір сұрақтың аласұрып жауабын іздеді. Кірпік ұшындағы ғұмыр-ай дерсің. Ет жүрегін шабақтап елу тоғыз жыл сүйген сол алашы ақыл мен парасаттан тым алшақ кетіскен екен. Ақылдың бұл жәмиғатқа қол емесін сезінген хакім бұл сауалдың қарымтасы тек екі істе ғана қалғандығын бағамдады. Қырық бірінші қара сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек. Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек... Екіншісі – ол адам есепсіз бай боларға керек».
Хакімнің қазақтың қамын күйттемек болған адамға өкіметтік зор билік пен байлықты насихаттауының бар құпиясы: «Қазақты я қорқытпай, я параламай... ешнәрсеге көндіру мүмкін емес». Мұнсыз «әй, азамат, жарытып түк те істей алмайсың» дегенге саяды. Содан бері аттай аунап екі ғасыр өтіпті. Абайдың сол қазағы, негізінде, басқа сапаға өтуі керек-тұғын.
Жоқ, өкінішке қарай, олай болмай шықты. ҚАЗІР ДЕ ҚАЗАҚТЫ ТҮЗЕТУДІҢ АБАЙ АЙТҚАН ҚОС ТЕТІГІНЕН ӨЗГЕ БАЛАМА ЕШБІР БАҒЫТТЫ КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ. Ендеше, есі бар азаматқа бар құпияның сыры мағлұм болды.
ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫ мен ҰЛТТЫҚ БУРЖУАЗИЯ қалыптасып, осы екеуі бір мүддеге ұйыспайынша қазақтың көгермегі қиын екен. Киелі билік – кім көрінгеннің жұрт «қорқытатын» жұмысы емес, ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫНЫҢ халқына қызмет жасауының қасиетті құралына айналуы қажет. Абайдың «Қазақты я қорқытпай, я параламай ешнәрсеге көндіру мүмкін емес» механизмін бүгінгі билік жүз пайыз жүзеге асырып отыр.
Әрине, басқа мақсатта...
Рас, көп кемшіліктен көңіл суыды. Мешкейлік пен қорқақтық (рухсыздық) өн бойымызды әбден меңдеп алды. Ендігі мақсат «қазақты қалайша түзесем екен» деген абайлық ниеттің айналасында болуы тиіс. Қайталап айтамыз. Тек абайшыл ниеттің айналасында ғана. Қазіргі қазақ баласына жетпейтіні де осы...

Ықылас Ожайұлы