Айыпталушы Қанат Сәдуов бұрынғы әйелінің өліміне қатысты кінәсін мойындамай отыр. Мұндай мәлімдемені ол 20 қазанда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың залында алдын-ала тыңдау барысында жасаған. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Астана» телеарнасына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сәдуовтың қорғаушысы да айыпталушының еш кінәсі жоқ екенін айтады.
Аталған оқиға үстіміздегі жылдың 26 мамырында орын алған. Астанадағы №25 мектепте жұмыс істеген әйелін Қанат Сәдуов сыртқа шығарып, үстіне жанармай құйып өртеп жіберген болатын. Денесінің 70 пайызын күйік шалған ұстаз ауруханада бір аптадай жатып, ақыры есін жимастан көз жұмды. Оны жер қойынына тапсыруға күйеуінің бірде-бір туысы келмеді дейді марқұмның жақындары.
Еске сала кетейік, Астананың полицейлері Қанат Сәдуовті 14 қыркүйекте ұстаған болатын. Ол туыстарының бірінің үйіндегі жертөледе жасырынған жерінен табылған.