2022 жылдың 22 қазанында Абай ғылыми-зерттеу институты базасында жұмысын қайта жалғастырған ӘУЕЗОВ ӘДЕБИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ұйымдастыруымен «Абай және Әуезов» атты әдеби-танымдық кеш өтті. Кештің кіріспе сөзін Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев бастап, қонақтар мен қатысушы студенттерді бірлестіктің тарихымен таныстырып, ісшараның сәтті өтуіне тілек білдірді. Әдеби-танымдық кештің қадірлі қонақтары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің аға эдвайзері, аға оқытушы Шоқан Шортанбаев, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Советхан Тілеубаев, механика-математика факультетінің аға эдвайзері, доцент Болат Әбенов, медицина және денсаулық сақтау факультетінің аға эдвайзері Гүлбану Әрінова кеш барысында әдеби бірлестіктің алдағы шығармашылық жұмысына ақ жол тілеп, жылы лебіздерін жолдап отырды. Филология факультетінің 1-курс студенттері ұлы Абай өлеңдерін және өз шығармашылықтарынан өлең жолдарын жатқа оқып, «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Қайтқанда» тарауынан сахналық қойылым көрсетті. Хормен «Көзімнің қарасы» әнін нақышына келтіре орындап, Мұхтар Әуезовтің «Әйелдер галереясынан» монолог үзіндісін, Абайдың өзге тілге аударылған өлеңдерін оқыды, механика-математика факультетінің студенттері «Ерке сылқым» күйін шертті. Кешті Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, профессор м.а. Төрегелді Тұяқбай және филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ләйла Мұсалы қорытынды сөзбен тәмамдап, қатысушыларға алғыс білдірді. Аталмыш кеш қос санаткер Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасы мен үндестігінен сыр шертіп, жас буынның әдеби-танымдық білімін арттырды.
Жұмысын 1941 жылдың мамырында ұлы қаламгердің өз жетекшілігімен бастаған ӘДЕБИ БІРЛЕСТІКТІҢ қайта жандануы әдебиетке құмар студенттердің жаңа белестерге ұмтылуына, шығармашылық және танымдық тұрғыда дамуына негіз болмақ. Бұл – қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттық руханияттың өркендеуіне мол үлес қосатын игілікті іс екені даусыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
филология ғылымдарының
кандидаты, доцент Л. Мұсалы
Абай ғылыми-зерттеу институтының
кіші ғылыми қызметкері Е. Елдос,
филология факультетінің 1-курс докторанты,
ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының
аға оқытушысы Г.М. Мужигова
Пікір қалдыру