Байбазаровтың сөзінше, кейінгі бірнеше аптада валюта нарығында теңге бағамының әлсіреуіне әсер еткен белгілі бір ауытқулар болды. Ол өткен аптада доллар бағамы 500 теңгеден асқанын еске салды.
“Осыған байланысты, біздің азаматтар мен бизнестің алаңдаушылығын түсіне отырып, үкімет пен Ұлттық банк валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша келісілген шаралар қабылдап жатыр. Ұлттық валютаның айырбас бағамын түзету іргелі сыртқы факторлардың әсерінен ғана туындайтын құбылыс екенін атап өткен жөн", – деді Байбазаров.
Вице-премьер теңге бағамына әсер ететін негізгі үш факторды атады.
- Бірінші фактор – соңғы айларда доллар индексінің жаһандық деңгейде нығаюы;
- Екінші фактор, мұнайдың әлемдік бағасының аздап төмендеуімен байланысты;
- Соңғы, маңызды фактор – ресей рублінің әлсіреуі.
"Ресей біздің негізгі сауда серіктесіміз екенін ескерсек, рубль бағамының ауытқуы теңге бағамына әсер етуі мүмкін. Осындай жағдайда азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқатының нашарлауына жол бермеу және кәсіпкерлерге кері әсер етуді азайту үкіметтің басты міндеті саналады. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажет шаралар қабылданады”, – деді премьер-министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, Қазақстан үкіметінің "бұл үшін ресурстары мен құралдары жеткілікті".
Пікір қалдыру