Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Катардың жетекші корпорациялары мен қаржы институттары басшыларымен кездесті. Кездесу барысында Қазақ елі Катармен ұзақ мерзімді және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайын екені белгілі болды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Ақ орданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан мен Катар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанына тоқтала келіп, сауда-экономикалық қарым-қатынасымызды мейлінше жоғары деңгейге жеткізу қажеттігін айтты.
Иранның Парсы шығанағындағы Бандер Аббас портына Қазақстаннан тікелей шығатын теміржол елдеріміз арасындағы тауар айналымының жандануына ықпалын тигізеді деп үміттенемін. Орталық Азияда Қазақстанның әлеуеті зор және экономикалық мүмкіндіктері жеткілікті. Біз ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайынбыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы елімізде ауқымды институционалдық реформалар, индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.