Бүгін Астанада өткен қазақ-жапон бизнес-форумы барысында «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – Қазақстанның даму банкі (ҚДБ) Жапонияның Sumitomo Mitsui Banking Corporation банкінен 37290000 АҚШ доллары көлемінде қарыз алу туралы келісімге қол қойылды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Қазақстанның даму банкі қоғаммен байланыс қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі келісім біз үшін өте тиімді шарттармен жасалып отыр. Біз бұл келісім бойынша осы қаражатті игермеген жағдайда қандай да бір жауапкершілік алмаймыз. Жапония тарабы бұған да келісіп отыр. Банк жоспарында жекелеген клиенттер бойынша қорландырудың қымбат көздерін барынша арзанына ауыстыру бар. Бұл келісім клиенттермен тиімді жұмысқа ықпал етіп, банктің қарыз портфелін жақсартады, жобаларға қатысты тәуекелдерді азайтады», - деді ҚДБ-ы басшысы Болат Жәмішев.
Жапон банкінен 7 жыл мерзімге алынған бұл қаражат даму банкінің жалпы корпоративтік мақсаттарына немесе инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін алмастыруға жұмсалатын болады. Екі банк арасындағы әріптестік туралы келісім алғаш рет 2008 жылы жасалған болатын.