«Қайрат» футбол клубының туын аяққа басып түскен суреті үшін Мс Сайлаубек клуб ойыншылары мен жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Бұл туралы «Қамшы» порталы Vesti.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ол өзінің инстаграммдағы парақшасында: "Құрметті Қайрат футбол командасы @f.c.kairat жəне оның жанкүйерлері! Ақтөбе футбол командасы "Қайраттан" жеңілген соң менің астыма туды əдейі лақтырды, адам көп болған соң, ажиотаж болған кезде астымда не жатқанын байқаған жоқпын! Дұрыс түсініңіздер! Кешірім сұраймын!", - деп жазды.
Естеріңізде болса, ғаламторда Ақтөбеде өткен «Қайрат» пен «Ақтөбе» клубтары арасындағы ойынды тамашалауға келген «әнші» Мс Сайлаубектің стадионда «Қайрат» клубының туын аяғына басып тұрып түскен суреті жарияланған болатын.
Алайда, Мс Сайлаубектің бұл «кешірім сұрауы» өз айыбын шынайы түсініп, өкінгендіктен гөрі, ойланбай жасалған оспадар қылығын оңай жуып-шая салу ниетіне көп ұқсайтын сияқты.