Қайрат Нұртастың әкесі Нұртас Айдарбеков концерт билеттерін көрермендерге мәжбүрлі түрде алғызған. Бұл туралы "Қамшы" порталы Нұр.кз-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Концерт 20-қазанда ОҚО, Сарыағаш ауданы Абай қаласында өткен. Аталмыш ауданда мұғалім болып қызмет атқаратын Гүлжан Ізтайдың айтуынша, Нұртас Айдарбековтің концерті өтіп кеткеннен кейін билетті ұстаздарға мәжбүрлеп сатқызған. Ол өз мақаласында: «Осы жанайқайға шара қолданатын кім бар?! Неге мұғалімдер өтіп кеткен концерттің билетін алуға тиіс? Неге мектепті тексеріп келген комиссия мүшелері мұғалімдердің көзіне көрінбейді? Неге оған ақша жиып береді? Комиссия өз міндетін неге адалынан атқармайды? Неге мектеп басшыларына ұжымдары мүлік (кітап, журнал, концертке билет, т.б. бұйымдар) сатып алуы үшін аудан әкімдері жоғарыдан ауызша бұйрық береді? Осы былықтарға белшеден батып отырса да назар аударған кім бар?! Құзырлы органдар мектеп жағдайын түзету үшін басын сұғып көрді ме?!» -деп ашына жазды.
Ауыл мектептерінің бірі саналатын Сарыағаш ауданы №77 С.Сейфуллин атындағы мектепке де осы билеттерді әкеліп өткізуге тапсырған. Негізі әр билеттің құны мың теңгеден болыпты.
Пікір қалдыру