Түсірілімі басталмай жатып дақпырты жер жарған әйгілі «Қазақ елі» телехикаясы биыл көрермендерге ұсынылмайтын болды. Тәуелсіздік күні қарсаңында эфирге шығады деген жобаның әлі ауы мен бауы бар сияқты. Республикалық ақпарат құралдары өкілдерін жинап, түсірілім жұмыстарымен таныстырамыз деген ұйымдастырушылардың игі ниетіне қуанғанышымыз солардың өз аузынан осы жәйттерді естіген соң су сепкендей басылды.
Әу баста жиырма сериялы фильм болады делінген туынды түрлі себептермен он серияға дейін қысқарды. Сәйкесінше, сценарий де айтарлықтай өзгеріске түсіп, түсірілім кеш басталды. Соның барлығы жиналып келіп сериалдың экранға шығу уақытын да кешіктіріп отыр. Бүгінге дейін түсіру жұмыстарының тек 40 пайызы аяқталған. Алматы облысының Шошанай ауылы маңында өтіп жатқан түсіру жұмыстарына негізгісі бар, қосалқысы бар 300-ге тарта актер жұмылдырылған.
Фильм түсірілімі 4 ай бұрын басталған болатын. Сериалда хандықты негізін қалаған бас кейіпкерлердің қатарында Асан Қайғы мен Қазтуған жырау да бар. «Ішкі сарайдың интригасына бұл кісі қатысқан. Осы қазақ хандығының қалыптасуында, ноғай-қазақтың ыдырауында өзіндік бір рөлі болған, сол кездегі көшбасшы, көсемдердің бірі болған адам. Өте бір жақсы рөл деп ойлаймын. Осы рөлдің маған бұйырғанына мен өте қуаныштымын», – дейді Қазтуған жырау рөлін сомдаушы Бекболат Тілеухан.
«Желтоқсанның орта белінде бүкіл материалды түсіріп бітеміз деген ойдамыз. Алдын ала бәрін айта алмаймын. Өте күрделі жоба. Халықтың алдында, елдің алдында масқара болмай, кәдімгі дұрыс деңгейде, ауыз толтырып айтатындай қып жасағымыз кеп отыр», – дейді «Қазақ елі» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірәшев. Сценарий бойынша 10 сериялы фильм Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуінен басталып, Жәнібектің таққа отыруымен бітеді. Әрі қарай жалғастыру үшін үшін демеуші қажет. Түсірушілер фильмге деп бөлінген бір миллиард теңгенің осы он серияға ғана жететінін айтады.
Дархан Мұқан