«Әр адам өз пікірін білдіруге құқылы» деген тәмсілді жиі естиміз. Әдемі-ақ сөз. Алайда, Тәуелсіз Қазақ елінде тұрып «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болуы керек» деген сөзді ашық айту барып тұрған арандатушылық болып есептеледі.
Өкінішке орай, соңғы 2-3 жылдан бері Ермек Тайшыбеков дейтін сабаз әлеуметтік желіге шығып, Тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін пікірлер айтуды әдетке айналдырып алды. Әу баста ұлтшылдар оның пікіріне «ит үреді керуен көшеді» деп қараған болатын. Алайда, ол мұнымен шектелмей жүйелі түрде Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қарсы пікір айта бастады. Сондықтан да кезінде қазақ бұқаралық ақпарат құралдары бұл туралы көп жазып, пікір білдірді. Осының нәтижесі болса керек қазіргі таңда Ермек Тайшыбековтың ісін Жамбыл облысы Қордай аудандық соты қарап жатыр. Нақтырақ айтсақ оған «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Аталған айыпты Алматы тұрғыны Ботагөз Исаеваның «Facebook әлеуметтік желісіндегі Тайшыбековтің жазбалары ұлтаралық араздықты қоздырады деп санаймын» деген арызы негізінде ҰҚК қозғап отыр.

Бір қызығы Ермек Тайшыбеков сотты кейінге шегеріп қулыққа басып жатқан сияқты. Мәселен, судья сәрсенбі күні тергеу жүргізу тәртібін қарауды жоспарлаған болатын. Алайда, соталушы «іс материалдарымен таныспағанмын» деген соң сот отырысы қарашаның 9-ына ауыстырылды. Сондай-ақ, сотталушы судья мен прокурордан қолын қылмыстық кодекске қойып, «сот процесі кезінде жеке саяси көзқарастарым емес, заңды ғана басшылыққа аламын» деп ант беруін өтінді. Әйтсе де судья айыпталушының бұл өтінішін орындаудан бас тартты.
Жалпы сот отырысында Ермек Тайшыбеков әртүрлі орынсыз ұсыныс айтып, судияны мазақ етіп жатқаны анық байқалады. Бұған әрине таңғалуға болмайды. Өйткені ол Қазақ елінің территориялық тұтастығына күмән келтіріп, тіпті оның шаңырағының шайқалуына мүдделі болып отыр. Ендеше оның судияны сыйламай мазақ етуі қалыпты жағдай емес пе? Сондай-ақ оның сот отырысын кейінге қалдырып, бұлтақтауы да кезекті қулық болуы мүмкін. Бұл туралы сот отырысына арнайы барып қатысқан «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай мәлімдеді.
– Ермек Тайшыбековтің сотына Қордай ауданына арнайы барып қатыстым. Сот белгіленген уақытынан 2 сағатқа кеш басталды. Менің ойымша Ермек сотты болдырмауға немесе барынша кейінге ысыруға барын салып жатыр. Мәселен сот басталарда ол сотқа бір талап қойып еді, судья соны екі сағат талқылап, сағат 17.00-де сот процесін бастады. Сондай-ақ, Тайшыбеков «мен бес томдық сот материалдарымен таныспадым, маған танысуға 4-5 күн беріңіз» деді. Оның неше түрлі бұлғақты ойлап таба бергеніне қарағанда, оның астыртын жұмыс істеп отырған мықты заң кеңесшілері бар секілді, – дейді Жарылқап Қалыбай .
Қанша жерден Ермек Тайшыбековтың астыртын қолдап отырған заңгерлері болса да судия оған тиісті жазасын беруі керек. Өйткені, «Қазақстан Ресейдің бір губерниясы болуы керек» деп, Қазақ елінің Тәуелсіздігіне күмән келтірген сепаратистік пиғылдағы адамның тайраңдап жүруіне ешқандай қақысы жоқ. Ондай ниеттілер дер кезінде анықталып, тиісті жазаға тартылуы тиіс. Егер біз бүгін оның әрекетіне көз жұма қарасақ, ертең ондаған, тіпті жүздеген Тайшыбековтер шығуы мүмкін. Сондықтан да, ел іргесін бұзуды көксеген Тайшыбеков заң бойынша тиісті жазасын алуы керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ