«Доллар бағамы 400 теңгеге жетуі мүмкін»

/uploads/thumbnail/20170708202521362_small.jpg

«Алматы» телеарнасындағы «Іскерлер уақыты» бағдарламасына шақырылған экономист Мақсат Серәлі Қазақстанда АҚШ долларының құны қанша теңгеге дейін көтерілетіні туралы болжамдарымен бөлісті. Бұл туралы «Қамшы» порталы «Алматы» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұлттық банктің төрағасы ауысқандығы баршаға мәлім. Осы уақытқа дейін бұрынғы басшы Қ. Келімбетов теңгені ұстап тұру үшін белгілі-бір қаражатты күнделікті сатып және сатып алып отырған. Қазіргі таңда жаңа басшы ауысқаннан кейін бұл процесс тоқтатылды. Енді теңгені толық еркін айналымға жіберу жоспарланып отыр. 1-2 күннің ішінде Ұлттық банктің жаңа төрағасы баспасөз мәжілісін ұйымдастырып, өзінің саясатын ашық түрде халыққа жеткізеді. Сол кезде Ұлттық банктің төрағасынан болашаққа жоспарланған жоспарын көре аламыз», – дейді Мақсат Серәлі.

Экономистің айтуынша, қазіргі таңда доллар бағамының өсуі заңды.

«Доллардың өсуі заңды. Өйткені, осы уақытқа дейін мұнайдың бағасы төмендеп келе жатыр. Яғни, Қазақстанға кіретін ішкі кірістің, доллардың көлемі азайғандықтан, ішкі нарықтағы теңгенің құны төмендей бастады. Бұның бірінші себебі, мұнай бағасының төмендеуі. Қазір мұнайдың бір бареллі 48 долларға бағалануда. Егерде мұнайдың бағасы ары қарай төмендей беретін болса, міндетті түрде теңге төмендейді. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасына ең тиімді болатын мұнай бағасы 70-80 доллар төңірегінде, бірақ бұл көрсеткішке жете қойған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта долларға шаққандағы теңгенің әлсізденуі мүмкін», – деді «Іскерлер уақыты» бағдарламасының қонағы.

Оның топшалауынша доллар бағамы алда 400-ге жетуі мүмкін.

«Доллар қаншаға жетіп, тоқтайтындығын нақты айтуға болмайтын шығар. Өйткені, процесс басталды және жүріп жатыр. Доллар бағамы тұрақтау үшін мұнайдың бағасы белгіленген деңгейге келіп тоқтауы керек. Доллардың теңгеге шаққан бағамы 350-360 теңгеден басталып, 400-ге де жетуі мүмкін», – деді ол.

Қатысты Мақалалар