Кеше Астана қаласында жол-патрульдік полиция қызметкерін мас жүргізуші көлікпен сүйреткен. Бұл туралы «Қамшы» порталы BNews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласы ІІД жол-потрульдік полиция полкінің қызметкері аға сержант Бағлан Қарымбаев қызмет бабы кезінде сағат 17.00 шамасында Lada Kalina автокөлігін тоқтатады. Тоқтатуға аталмыш көліктің жолдың қарсы бетіне шығып кетуі себеп болған.
Құжаттарын көрсету талап етілгенде, жүргізуші оқиға орнынан қашып кетпек болады. Астана ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбаған жүргізуші көлігін оталдырып, орнынан қозғалып кеткен.
«Полицияның аға сержанты Б.Қарымбаев орнынан қозғалған көліктің рулінен ұсталып, тәртіп бұзушыны тоқтатпақ болады. Жүргізуші жылдамдығын еш төмендетпестен полиция қызметкерін келесі жол қиылысына дейін сүйреп барған. Өмірін қатерге тігіп, дене жарақатын алғанына қарамастан, полицей ақыры тәртіп бұзушыны тоқтата алды», – деп хабарлады ІІД-ден.
Медициналық куәландырудан өткен соң жүргізушінің мас екені анықталды. Сонымен қатар, ұсталған азаматтың Қостанай облысының 38 жастағы тұрғыны екені, бұған дейін бірнеше рет істі болғаны және Қызылорда облысында қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргені белгілі болды.
Ұсталған азамат сот санкциясымен қамауға алынып, уақытша ұстау абақтысына жабылды. ІІД Тергеу басқармасы Қылмыстық кодекстің 380-бабымен (билік өкіліне өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін зорлық көрсету) тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Тәртіп бұзушының аса қауіпті жол-көлік оқиғасын жасауына жол бермеген жол-патрульдік полициясы жасағының қызметкері аға сержант Бағлан Қарымбаев медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді.