СТВ-ның есі дұрыс па?

/uploads/thumbnail/20170708151236262_small.jpg

    Тоқсаныншы жылдардың соңы... Бір топ қазақстандықтар Еуропаның төріне, неміс жеріне табан тіредік. Делегация құрамында кімдер жоқ дейсіз? Ақ сақалды академик те, қырма сақал кәсіпкер де, діні берік діндар да, күміс көмей әнші де, тіпті "жалаңаяқ" журналист те бармыз. Аттарын атамай-ақ қояйын, оны сәлден соң өздеріңіз де түсінесіздер. Хош, сонымен мейманханаға орналасып жатырмыз. Оператор Хасен Омарқұлов екеумізге атшаптырым екі бөлмелік номер бұйырды. Кәрі құрылыққа алғаш табаны тиген біздер үшін бәрі таңсық. Тоңазытқышта тізіліп тұрған неше түрлі сусындар, пультпен істейтін желдеткіш, тіпті есіктің өзін магнит кәртешкемен ашудың өзі таң қалдырып жатты. Хасен батыр алты адам еркін аунайтын алып төсекке жата қалып телевизорды қоспай ма...Анау жақтан жалаңаш әйел еркегімен жарқ ете түскенде көзіміздің бұлдырап кеткенін несін жасырайын. Әлгі бәлесі жалт-жұлт етті де жоқ болды. Орнына немісше бір жазулар қайта-қайта жылтыңдап шыға беріп, жынымызға тиді. Хасекең мұндайда пысық. Немісшесі жоқ болса да жүгіріп кетіп, "жерден жеті қоян тапқандай" қайта оралды. -Е, білдім,-дейді,-Мына пульттің мына бір нүктесін баса қойсаң, жаңағыны қалағаныңша көре береді екенсің. Тек ертең таңертең "ресепшінге" ақшасын төлесең болғаны... ...Хасен қоймады. Мен де көп қарсылық білдірмедім ғой деймін. Әйтеуір бір-екі сағат көргеніміз есімде. Ең қиыны таңертең болды. Ақша төлейтін жерге баруға жүрек дауаламай, біраз толқығанымыз рас. Аз да болса ұяттың болғандығынан ғой деймін. Төлемесең тағы бәле. Ұяла, ұяла "ресепшінге" келсек... бүкіл делегация осында. Ақ сақалды академик те, қырма сақал кәсіпкер де, ділі берік діндар да, күміс көмей әнші де...оған жалаңаяқ журналистер қосылдық. Дәл бірдеңе бүлдіріп қойғандай, бір-бірімізге тура қарауға тайсақтағанымызды айтсаңызшы , сонда...Неміс халқының данышпандығына таң қалып едім сонда. Бізді ешкім қинаған жоқ. Көрмесең көрмей-ақ қой... Өліп бара жатсаң ақшасын төле де көре бер! Өте дұрыс принцип... ...Кеше түнде кезекті сценарийімді бітіріп, түн ортасынан ауып кетсе де телевизорды қоса қалғаным бекер болды-ау... Әлгі СТВ арнасынан жалаңаш қыздарды көріп шалқамнан түстім. Немістер секілді емес. Қанша көрем десең де көре бер. Тіпті телефонын ұсынып, оңашада ойыңнан шығатындығына кепілдік беріп жатыр. Ау, мұның барлығын он бес жыл бұрын өтіп кетіп едік қой! СТВ-ның есі дұрыс емес! Ақ сақалды, қырма сақалды көкелер! Сенбесеңіздер бүгін түнде СТВ-ны қосыңыздар! Немерелер ұйықтап қалады ол кезде... Тек, таңертең бір-бірімізден ұялып жүрмейік...

Түйін:  Бұл Заң бұзушылық болып саналады. ҚР БАҚ туралы заңының, 25 бап, 2-1 тармағына сәйкес зорлық жане порнографиялық ақпарат үшин СТВ арнасы заң  алдында  жауап беруге миндетті.

Арман Сқабылұлы

Қатысты Мақалалар