тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие
Дағдарыс өзінің шеңгелі мен қылбұрауын қанша жерден салса да, өзінің стратегиялық міндетін жан-жақты ойластыра білген кәсіпорындардың ұпайы түгел болып қала бермек. Бұл өз кезегінде өнім сапасын және оның қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі көтеру деген сөз. Сонымен бір мезгілде шығарылған өнімді өткізу жөніндегі рынок шеңберін сақтап қана қоймай, оны одан әрі ұлғайтуды көздеген кәсіпорындарға қандай дағдарыс та қауіп туғыза алмайды.
Орал өңіріндегі ет-балық, құс және көкөніс түрлерін өңдейтін баламасы жоқ кәсіпорын «Кублейді» дәл осы қатарға қоса аламыз. Өйткені, қазіргі нағыз дағдарыс жағдайында да кәсіпорынның тынысы одан әрі кеңеймесе, тарыла қойған жоқ. Тұрақты даму жолын алға ұстай білген отандық компанияның еліміздегі тамақ өнеркәсібінің өркендеуіне, ұлттық асханамыздың өрісі өсуіне қосып отырған үлесі қомақты. Биыл мұндағы өнім өндіру үлесі өткен жылмен салыстырғанда 10-15 пайызға өскені осы сөзіміздің дәлелі.
Бұлай болатын жөні де бар екен. Экономикалық-қаржылық тұрғыдан бір ызғар мен салқындықтың лебін алдын ала сезген «кублейліктер» өткен көктем мен жаз айларында өндірісті өркендетудің кең ауқымды бағдарламасын жасақтап үлгеріпті. Соған сай технологиялық желілер қайта жарақтандырылудан өткізіліпті. Осы арқылы зауыт конвейерінен бұған дейін тұтынушыларға жол тартқан қалбырдағы тағам түрлері одан әрі көбейген. Осы тұста «Кублей» өнімдеріне алдын ала мұқият сұрыпталған табиғи шикізат негіз болатынын айта кеткен жөн.
Бүгінде ұлттық тағамдарымыздың артықшылығы мен азықтық жұғымдылығына, адам ағзасына тигізетін оң әсеріне және оның экологиялық тұрғыдағы жоғары сапалық қасиеттеріне Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер тұтынушыларының көздерін жеткізіп үлгере алмай жатқанымыз жасырын емес.
Осы олқылығымыздың орнын отандық компания – «Кублей» толтырып отыр десек шындықтан алшақ кетпейміз. Бұл бағытта компания технологтары отандық және шетелдік тұтынушылардың талап-тілектерін толықтай өтеу үшін ұдайы ізденістер мен маркетингтік зерттеулерге бой ұра білді. Соның нәтижесінде тек «Кублейдің» өзіне ғана тән консерві әзірлеу рецептісі өндіріске жол тартты. Бұл рецепт – аса бай ұлттық ас әзірлеу дәстүрлеріне сәйкестендірілді. Ең бастысы, аталған өнімдердің аты мен затынан еш кемістік көре алмайсыз.
Міне, қалбырларға салынған «Кублейдің» өнімдеріне көз салып көрейікші. Бұлар «Қазы», «Қарта», «Жал», «Жая», «Қазақша асылған ет», «Бұқтырылған жылқы еті», «Әзір түскі тамақ», «Шұжық» деп жалғасып кете береді. Осы орайда мұндағы ұжым мүшелері арасында орныққан басты ұстанымды да айта кеткен жөн. Бұл «Жұғымды тамақ – ұлт саулығы» делінеді. Қалбырдағы отандық өнімдердің тағы бір артықшылығы – табиғилығы мен нәрлілігінде. Аса дәмділігінде. Әсіресе, есіл уақыт жете бермейтін от ала қашқан бүгінгідей қым-қуыт кезде оны өте тез пайдалануға болатындығында. Қалбырдың қақпасын қайырып, қыздыра қойсаңыз қас пен көздің арасында түскі тамақ әзір дей беріңіз.
«Кублей» – халқымыздың ежелгі ұлттық тағамдарын қара қазаннан жаңа түскендей буы бұрқыраған әзір күйінде қалбырлап тұтынушыға ұсыну технологиясын терең түйсіне білген еліміздегі баламасы жоқ компания. Оның өнімдерінің өтімділігінің басты сыры – экологиялық тұрғыдан тазалығында, қандай да болмасын жасанды қоспалар мен дәмдеуіштерсіз әзірленетінінде, әрі азық-түлік қауіпсіздігінің барлық талаптарына сәйкестігінде. Сондықтан да оған ішкі және сыртқы нарықтарда қашанда сұраныс мол. Кәсіпорын өз жұмысын алғаш бастаған кезде тек бір ғана сиыр етін қалбырлап шығарған болса, бүгінде зауыттағы әзір өнімдердің түрлері жүзден асып жығылады. Әрі мұндағы конвейерде бір ауысымда жүз мың дана консерві шығарылады.
Осыдан екі жыл бұрын Орал қаласындағы «Кублей» ЖШС компаниясы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері атанды. Бұған қоса олар өздері тектес әріптестері арасынан «Халық тұтынатын тауар шығаратын үздік кәсіпорын» аталымын жеңіп алды. Осы тұрғыда компания басшысы Талғат Берекешев өз ой-пікірін былайша сабақтады.
– Біз өз өнімдерімізбен халықаралық көрмелерге жиі қатысып тұрамыз. Биылғы жазда Ресейдің Мәскеу қаласында өткізілген «Продэкспо-2015» XXII халықаралық азық-түлік көрмесіне қатысып, арнайы алғысхатпен марапатталдық. Әрине, басты мақсат – марапат алу емес. Ашығын айтқанда, мұндай көрмелердің жаңа байланыстар орнатуға, бір-бірімізден үйренуге және өнім өткізу кеңістігін кеңейтуге тигізетін пайдасы мол.
Бүгінде «Кублейдің» консервілері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейдің Батыс Қазақстанмен шекаралас облыстарына, Түрікменстан мен Қырғызстанға таралып отыр. Таяуда мұндағы өнім өткізу аумағы Ор, Мәскеу, Новосібір және Волгоград қалаларымен толықтырылған. «Кублей» компаниясы қазіргі күні жергілікті шикізатты пайдалану көздерін ұлғайту үшін Орал қаласының іргесінен ірі мал сою кешені құрылысын тұрғызу үстінде. Бұл өндіріс орны алдағы жылдың басында аяқталады деп күтілуде. Жаңа кешен пайдалануға берілген кезде ауылшаруашылық өнімдерін қалдықсыз өңдеу технологиясы іске қосылмақ. Яғни, бұдан да гөрі түсініктірек тілмен айтқанда, мұнда тері мен сүйек-саяқ және мал сирақтары да терең түрде өңделмек.
Қазіргі таңда «Кублей» конвейері мен цехтарында 400 адам тұрақты жұмысқа тартылған. Компания басшысы, халқымыздың намыстан жаратылған отаншыл азаматтарының бірі Талғат Берекешев олардың бірде-бірі қысқартудың қамытына килікпейді деп мәлімдеп отыр.
Дереккөз: Егемен Қазақстан