Қазақ даласының бір өңірі –Атырау топырағын мекен еткен өзге ұлт өкілдері тым көп емес. Алайда, олар өздерінің тілін, дінін, ұлттық салт-дәстүрін сақтауға мол мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын жасырмайды. Өйткені, мұнайлы өңір топырағында өркен жайған өзге ұлт өкілдері «Қазақстан – біздің Отанымыз! Біз бір шаңырақтың астында топтасқан, достығы берік, ынтымағы жарасқан халықтың өкіліміз!» дегенді риясыз көңілмен ұдайы айтып жүреді. Мұны өңірде өтіп жататын түрлі басқосуларда естіп қаламыз. Және мұны өзге ұлттың өкілдері айтып қана қоймай, өздерінің ұйымдастыруымен өткізілетін шараларға да арқау етеді.
Ассамблея-фестиваль«Бірлікті сақтау – парызымыз»
Өңірдегі бір-бірін жатсынбаған этнос өкілдері осы мақсатқа жұмылып отыр
Атырауда әр ұлттың басын біріктірген 17 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Бұлардың арасында орыс, корей, неміс, татар-башқұрт, әзербайжан, армян, еврей, грузин, чешен-ингуш секілді этностардың этномәдени бірлестіктері жергілікті халықпен бірлесіп, ұлтаралық татулықтың, достықтың буынын бекітуге лайықты үлесін қосып келеді. Араларында қазақпен төс түйістірген құда болғандары да жетерлік. Әрине, мәселе қазақпен қыз алысып, қыз беріскен құда болуда емес. «Көңіл жарастырған жастар қай ұлттың өкілімен отбасын құрмай жатыр? Ең бастысы, елдің бірлігін, елдің тұрақтылығын сақтауға, халық арасындағы достықты бекіте түсуге үлес қосуы қажет», дейді газет тілшісімен әңгімесінде қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан, қазақ тілін өзінің ана тіліндей білетін корей қызы Вера Шин.
Ал елдің бірлігіне, ынтымағына қылау түсірмеу – тек қазақ халқының ғана емес, бұл – қазақ жерін мекен еткен барша ұлт өкілдерінің парызы. Осы орайда, ТМД мемлекеттері арасында алғашқы болып біздің елімізде отау тіккен Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген жауапкершіліктің де, осынау қоғамдық институттың атқарар жұмысының ауқымы да кең. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның сессиясында сөйлеген сөзінде елімізде этносаралық, конфессияаралық қатынастың барлық аспектілерін зерттейтін бірлестік құрудың қажеттілігіне тоқталып, «Бұл – өте маңызды әрі күрделі ғылым», деп атап өткен болатын. Рас, бұл өте күрделі зерттеуді қажет ететіні де даусыз. Әсіресе, өңірлерде бұған үлес қоса алатындай тәжірибелі кімдер бар? Міне, осы сауал қозғалғанда, алдымен этномәдени бірлестіктердің жетекшілеріне, сол бірлестіктердің белсенді әрі аузы дуалы мүшелеріне таңдау түседі.
– Қазақстанды мекен ететін сан этнос Ассамблея арқылы өздерін этнос ретінде ана тілі мен мәдениетін өркендетудің қажеттілігін сезіне алды, – дейді «Татулык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі Гүлсина Байкенова. – Ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға мүмкіндік алған өзге ұлт өкілдері де еліміздің келешегі үшін қоғамның бірлігі мен келісімін сақтаудың жауапкершілігін терең түсінді. Осылайша бізге де жаңа дәуірдегі дамудың ерекшеліктеріне абдырай қараған әр адамға этносаралық келісімнің, бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтаудың маңызын түсіндіруге тура келді.
Бұл күндері Ассамблеяның Атыраудағы мүшелері өздерінің ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жұртшылыққа көрсетуге қомсынбайды. Себебі, әр этностың ұлттық ерекшелігінің үлгі тұтар тұстары да жетерлік. Тілі басқа болғанымен, тілегі бір әр ұлттың дәстүрінде алдымен мейірім мен қайырымдылыққа, бөтеннің ала жібін аттамау мен біреудің ар-намысына тіл тигізбеуге үндейтін үрдістер өте көп. Мұны көнекөз қариялар әрдайым жастардың санасына сіңіріп отырады. Тегінде ұлтаралық татулық пен достықтың маңызын аға буын, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстың отты күндерінен аман оралған ардагерлер мен сол кездері еңбекке буыны бекіместен ерте араласқан ұрпақтың өкілдері жақсы біледі. Міне, сол себептен Ассамблея тек этномәдени бірлестіктерді ғана емес, соғыс ардагерлерінен құралған «Фронтовичка» клубын да қанатының астына алып отыр. Ал бұл клубтың мүшелері жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуден, оларға Отанды қорғаудың азаматтық парыз екенін кеңінен насихаттаудан тартынған емес. Әсіресе, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолда Ризуанов, Нұржиян Абдолова, Абат Кенжеғалиев, Иосиф Шмаль, Сергей Цой, Владимир Стамов секілді аға буын өкілдері әркез Ассамблея ұйымдастыратын түрлі шараларға ақыл-кеңесін беруден бас тартпайды.
– Әр этномәдени бірлестіктің ұлттық дәстүріне сай өтетін мерекелері бар. Оған тек бір ұлттың өкілдері ғана жиналмайды. Барлық этномәдени бірлестіктің мүшелері шақырылады. Бір-бірінің өнерін, мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін тереңірек тануға мүмкіндік алады, – дейді «Иверия» грузин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Зураб Бобохидзе. – Ассамблея мүшелері ретінде біз шекаралас облыстарға, әсіресе, Ресейдің Саратов, Орынбор, Астрахань облыстары мен Татарстанға тәжірибе алмасу сапарларына барып тұрамыз. Қай жерде жүрсек те, қандай шараға қатыссақ та еліміздегі берекелі іске ұйыстырған бірлік пен ырысқа бастаған ынтымақты сақтаудың маңызын түсіндіреміз.
Атырауда атамекеннің топырағын аңсап оралған оралмандар да бар. Олар Атырау қаласының іргесіндегі Көкарна ауылында шоғырланған. Сол қандастардың басын қосып, үкіметтік емес ұйым құрған Құдабай Қаржауов Ассамблеямен тығыз байланыс орнатқанының жемісін ауылдастары көріп отыр. Ассамблеяның ұйытқы болуымен дәл осы ауылда жыл сайын Наурыз мерекесі атап өтіледі. Дәл осы ауылда отбасы мерекесін өткізу бастау алды. Сонан соң бұл мереке өзге этномәдени бірлестіктердің де шын ықыласымен өткізетін мерекесіне айналып жүре берді. «Әр этностың ұлттық салт-дәстүрін кеңірек танытатын таптырмайтын бұл шараға баршамыз қолдау білдірдік», дейді Ассамблея мүшелері.
Ассамблея мүшелері белсенділікпен атсалысатын шаралардың бірі – «Қымбаттым, мектепке» деп аталады. 2010 жылы бастау алған алғашқы шараның бастапқы кейіпкері Игорь Деревянкин болатын. Онымен бірге Лида есімді апайы да қатысқан. Ол күйеуімен бірге өзінің баласына қоса Игорьді де тәрбиесіне алған екен. Тек бауыр еті – баласын тәрбиелеумен шектелмей, Игорь секілді жаутаңкөздің тағдырына бейжай қарамайтын мұндай отбасының өнегесі көпке үлгі емес пе! Сол кезде облыстық Ассамблея төрағасының бұрынғы орынбасары Жаннат Асабаева демеушілер тауып, Игорьге мектеп сөмкесі мен жазу құралдарын сыйлады. Бауырларымен бірге «Балдәурен» лагеріне жіберді. Айтқандай, осы шараға қонақ ретінде қатысқан Атыраудағы украин отбасының өкілі Людмила Беленконың сіңлісі, Мәскеуден келген Ольга Ивановна өзінің толқынысын жасыра алмапты.
– Мен Мәскеуде көптен тұрамын. Бірақ, туып-өскен қалам – Атырауды ұмытпай, мұнда жиі келемін. Мені бұл қала, әсіресе, адамдары магнитше тартады да тұрады. Бұл қаланың тұрғындары өте жайдары, үнемі көңілді жүреді. Автобустарда жастар орын беріп, үлкенді сыйлайтын инабаттылығын көрсетіп жатады. Қайда барсаң да досың секілді ыстық ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытады. Қазақстан халқының бір-бірін жатсынбай, ежелгі достардай өте тату, сыйластықта тұратынына қызығамын, – деп ағынан жарылыпты сонда Ольга Ивановна. «Сырт көз – сыншы» деген ғой, көршілес елдің өкілі біздің елдегі татулықты орынды аңғара алыпты.
…Раушан гүлімен көмкерілген кілем үстімен бір жасқа енді толған Валя Юн тәй-тәй басып келеді. Сәби жолында кедергілер де жоқ емес. Ата-анасы сол кедергілерден сүрінбей өтуіне жәрдем жасады… Бұл «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігі баланың бір жасқа толуына ұлттық дәстүрмен өткізген шарадан көрініс болатын. Енді бірде өзге отбасыларда тұсаукесер, орыс халқының үйлену тойы секілді шаралар өтіп жатады. Тағы бірде «Ассамблея аруы» сайысына әр этностың арулары қатысуға құштарлық танытып тұрады. Шараның қай-қайсысы да көңіл жабырқатпайды.
Қазір бұл шаралар мемлекеттік тілде де өткізіліп жүр. Отбасы мерекесі тек қала аумағында қалмай, ауылдарға бет бұрды. Президент қолынан Ассамблеяның алтын медалін алған Зураб Бобохидзе жетекшілік ететін «Иверия» этномәдени бірлестігінің мүшелері Мақат, Жылыой аудандарына барып, грузин халқының салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсетіп жүреді. Осы бірлестік жанынан құрылған би ансамбліндегі бірнеше ұлттың жастары әр этностың билерін билейді. Ал бірлестік жетекшісі Зураб Бобохидзе «Иверия» мүшелерінің балақайлары үшін «Әліппе» сатып алып берсе, «Былина» этномәдени бірлестігіне мүше болған орыс отбасылары балаларын балабақшаның қазақша топтарына, мектептің қазақ сыныптарына беруді мақсат етіпті. Орыс этносының жастары қазақ тілі курстары мен мамандандырылған лингвистикалық орталықтарына баруды жалғастыруда.
Экономиканың әр саласында еңбек ететін, «Біз – қазақстандықтармыз!» дегенді ерекше тебіреніспен айтатын өзге этнос өкілдері елдегі бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан Қазақ елінің берекесін тасытуға өз үлестерін қосуды парызы санайды.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Пікір қалдыру