Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін қайта өңдеу саласындағы шағын өндіріс орындарының жұмысына қатысты проблемаға қатысты пікірлер мен көзқарастар әртүрлі.
Мамандар мен сарапшылардың бірқатары қайта өңдеу саласындағы аса қуатты кәсіпорындармен қосамжарластырып шағын цехтар мен шаруа қожалықтарын, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін құру тиімсіз деп тұжырымдайды.
Олардың ойынша, мұндай жағдайда сапаға мән берілмейді, жасандылық орын алады және тағысын тағыларды көлденең тартады. Бұларға қарсы тараптағылардың өз тұжырымдары бар: жекелеген жеміс пен көкөніс шаруашылықтарындағы немесе осы бағыттағы топтасқан ірі шаруашылықтардағы шағын цехтар ірі кәсіпорындарға кедергі болмайды, керісінше жаңа өнім түрлерін шығару арқылы ірі кәсіпорындарды жаңашылдыққа ынталандырады. Алматы облысында қайта өңдеу саласындағы осы аталған екі бағыт та қолдау тауып отырғанын айта кеткен жөн.
Алматы облысындағы көкөніс шаруашылығының жағдайына жасалған талдау барысында байқағанымыз, еліміздегі көкөніс өсірудегі облыстың үлесі айтарлықтай. Нақтырақ айтар болсақ, республикада өндірілетін көкөніс өнімдері түрлерінің 27 пайызы Жетісу жерінде өсіріліп, өндіріледі екен. Ал жеміс-жидек өндірісі құрылымында біздің облыстың үлесіне жалпы республикалық көлемнің 35 пайызы тиесілі.
Кейінгі жылдары облыста көкөніс өсіруге арналып бөлінген алқаптар ауқымы анағұрлым артыпты. Мәселен, 2008 жылы облыста тұтас алғанда 20400 гектарға көкөніс түрлері өсірілсе, биыл оның көлемі 31742 гектарды құраған. Мұндағы негізгі мақсат – Алматы қаласының азық-түлік белдеуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда жүктелген міндетті орындауда кейінгі жылдары саны да, көлемі де артқан жылыжай шаруашылықтарының өзіндік алатын орны барлығы да айдан анық.
Іс жүзінде көріп жүргеніміздей, ірілігі өз алдына, ең үлгілі деген шаруашылықтың өзінде күзгі өнім жинау кезінде орынды-орынсыз жоғалтулар болып жатады. Бір жерде қызанақтар босаңқырап кетсе, тағы бір тұста қияр дер кезінде жиналмай қалады немесе тым үлкен болғандықтан сатуға арналған стандарттарға сәйкес келмейді. Кей кездері жиналған өнімді тиісті орынға жеткізетін ыдыстар жетіспейді, көлік сынады дегендей, көзге көрінбейтін көлденең кедергілер жиі алдан шығады. Осының салдарынан шаруашылықта басы артық өнім жиналып қалады. Тез арада амалын қарастырмаса, ала жаздай төккен тер босқа кетеді. Дәл осы қысталаң шақта шағын ғана консервілеу цехы болса, бар қиындықтан құтқарады: қосымша жұмыс қолдары тартылып, жиналған өнім қайта өңделіп, тұтынуға дайын күйге жеткізіледі де, бірден тұтынушыларына жол тартады.
Дегенмен, дер кезінде жиналмай қалған алмасы мен алмұрты төгіліп, құлпынайы мен таңқурайы ағып, көкөнісі шіріп кететін Алматы облысында нақ осындай шағын цехтарды айтпағанда, ірі кәсіпорындардың ауадай қажеттігіне қарамастан, жағдай оң шешімін тауып отырған жоқ. Дәл қазіргі кезде өлкеміздегі өзіндік аты мен атағы бар жеміс-көкөніс өңдейтін 8 өндіріс орнының үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар: «Есік» жеміс консервілеу зауыты, Қапшағайдағы «СД и К» ЖШС және «Ащыбұлақ» ШҚ. Қайта өңдеу орындарының қарқынды қимылдамауының, тұрып қалуының себебі шикізаттың жетіспеушілігімен түсіндіріледі. Болымсыз сылтауға қарап отырып, облысымызда даладан өндіріс орнына жеміс пен көкөністі жеткізудің өте нашарлығын мойындауға тура келеді. Негізінен, бұл жұмыстағы іркіліс қажетті орама ыдыстардың жетіспеушілігіне және шикізатты сатып алу бағасындағы түсініспеушіліктерге тікелей байланысты. Осы орайда, биылғы күзде қант қызылшасынан бұрындары болып көрмеген өнім жинаған жетісулық қызылшашылар мен тәтті түбірді қайта өңдеушілерді ортақ іс төңірегіне ұйыстыра білген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ойлап тапқан амалдар жеміс пен көкөніс шаруашылығында да аса қажет-ау деген ой туады.
Дегенмен, жоқтан бар, бардан нар жасап отырған шаруашылықтар жоқ емес. «Ащыбұлақ» шаруа қожалығының жеміс пен көкөністі өздері өсіріп, өздері қайта өңдеуді жолға қойғанына он жылдан асты. «Дары Семиречья» брендімен шырындар мен джемдер консервіленген көкөністер шығарып келе жатқан шаруашылықтың биылғы табысы да жаман емес.
Дереккөз: "Айқын-ақпарат"