Қойнауы құтты Күреңбел

/uploads/thumbnail/20170708204010140_small.jpg

Бағдат ӘЛИЕВ, Кербұлақ ауданының әкімі:
Еліміздің шығысына сапарлағандар жүретін Алматы – Өскемен трассасының Алматы облысы аумағын басып өтетін бөлігінің бойында орналасқан ірі елді мекендердің бірі Сарыөзек – Кербұлақ ауданының орталығы. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақтың біртуар ақыны, арқалы жыршы-термешісі Шынболат Ділдебаев «Сары алтындай Сарыөзек» деп жырға қосқан өңірді жергілікті жұрт «Күреңбел» деп әспеттеп, мақтан тұтады. Сырын ішіне бүккен Сарыөзек аймағы былайғы жолаушыға сұрықсыздау көрінері рас. Ал осы өңірде тұратындар туған өлкесінің басынан құс ұшырмайды. Қазақтан шыққан тұңғыш этнограф-ғалым Шоқан Уәлихановтың жамбасы жерге тиген өлкенің тарихтан алатын орны да ерекше. Шындығында, құт қонған Күреңбелдің қойнауы толы байлық. Жетісу жерінде астықты ең көп өсіретін аудан да осы Кербұлақ. Тауының баурайы толы төрт түлік. Сонымен бірге кеннің неше түрі бар. Соған сай ауданның даму мүмкіндігі аса зор және жергілікті жұрт соны тиімді пайдаланып, кейінгі жылдары толайым табыстарға жетіп отыр. Басшылық та байыпты басқару, ұтымды ұйымдастыру арқылы өңірді өркендетуге күш салуда. Қалай болғанда да, аймақтың бүгінгі жайын, болашақ жоспарын сол өлкеге басшылық етіп отырған жаннан артық білем деу артығырақ. Осыған орай Кербұлақ ауданының әкімі Бағдат Әлиевті әңгімеге тартқан едік. 
– Алғаш қызметке келгенімде, ауданды шамам жеткенше зерттедім. Бұған дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сына жетекшілік еткендіктен, Күреңбел өңірінің бұл саладағы жетістігі де кемістігі де, болашақ мүмкіндігі де көкейімде сайрап тұрды. Сондықтан бірінші кезекте руханият жағын зерделеп алғанды жөн көрдім. Соңғы он шақты жылда облыста өткізілген мәде­ниет күндеріне қатысқан біздің аудан өнер­паз­дарының көш соңында қалып келгені ойландырып тастады. Содан мәдениетке қатысты барлық жауапты қызметкерлерді жинап, арнайы байқау жариялап, ауыл-ауылдан дарынды жастарды іздедік. Ауданда арнайы мәдениет күндерін өткізіп, әділқа­зылар алқасы талантты жандарды іріктеді. Бас бәйгеге 1 млн теңге тігілді. Театрлан­ды­рылған көрініс, күмбірлеген күй, әдемі ән, мың бұралған би мен хор бойынша бақ сынасты. Сөйтіп, Сарыөзекте үлкен гала-кон­церт өткізілді. Өңірдің дарынды жаста­рының өнеріне халық қатты сүйсінді. Сондай еңбектің арқасында облыста кейінгі өткен мәдениет күндерінде мәртебеміз өсті. 
Руханият саласы тұрақты қолдауды қажет етеді. Талдыбұлақ ауылдық Мәдениет үйіне 90 млн 768 мың теңгеге күрделі жөн­деу жұмысы жүргізіліп, пайдалануға беріл­ген соң материалдық-техникалық базасын нығайтуға тағы да 3 млн теңге бөлінді. Аудан­дық Мәдениет үйіне 6 млн теңгеге сахналық киім тіккізіп, 6 млн теңгеге жаңа дыбыс күшейткіш аппаратура алынды. Жоламан ауылдық Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін болды. Был­тыр мамыр айында Кербұлақ ауданы­ның 40 жылдығы кең көлемде, республи­калық дең­гейде тойланды. Оған елімізге, шетелдерге танымал ғалымдар мен ақын-жазушылар, мемлекет қайраткерлері, белгілі өнер адам­дары шақырылып, Бикен Римова атындағы драма театрының артистері мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ауданның түп-тарихынан басталып, бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы туралы театрлан­дырылған көрі­ніс ел назарына ұсынылды. Сондай-ақ биыл ақпан айында «Өнерлі отбасы» атты байқау ұйымдастырылып, озық шыққан отбасылар аудандық Мәдениет үйінде гала­концерт ұйымдастырды. 
Қазақстан халқы ассамблеясының 20, Конституциямыздың 20, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты Қоғалы ауылында «Бақыттымыз, біргеміз, берік біздің іргеміз» атты фестиваль өткізілді. Іс-шараның мақ­саты – ауданымызда тұратын түрлі ұлт­тар­дың салт-дәстүрін, мәдениетін көрсете оты­рып, көпұлтты еліміздің ауызбірлігі мен ын­ты­ма­ғын, татулығын паш ету. Бұл шараға жергілікті халық ерекше белсенділікпен қатысты. 
 Күреңбел өңірінің сан ғасырлық жүріп өткен жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Туған жер, тұғырлы мекен, өскелең орта жайлы сыр шертер болсақ, талай ойдың түйінін тарқатуға болады. Қазақ елінің келешегі мен жерінің тұтастығы үшін жанын құрбан еткен батыр бабалардың ел есінде сақталып қалуы үшін Сарыөзек ауылының батыс жа­ғындағы кіреберіс жеріне «Ұлы даланың ұлы даралары» атты саябақ ашып, мемо­риал­дық кешен салдық. Бұл жай ғана бой көтерген кешен емес, бабалардың есімін тасқа түсірген ескерткіш. 
Тағы бір жаңалығымыз, Сарыөзектің орталығына қарай орналасқан аллеяға ауданның дамуына айтарлықтай үлесін қосқан 26 Еңбек Ерінің есімі жазылған үлкен тақтатас қойылды. Осы өңірден майданға аттанып, асқан ерлік көрсеткен 11 адам Кеңес Одағының батыры атанған. Олардың есімдері ел есінде қалу үшін үлкендігі 2х1,5 метрлік қызыл беріктасқа аты-жөні таңбаланды. Сарыөзек ауылының жері ойлы-қырлы екені белгілі. Су мәселесі шешіліп, алаңдарға егілген ағаш көшеттері дер кезінде суғарылып, жаз бойы субұр­қақ­тары жұмыс істеді.
Күреңбел өңірі – бай өлке. Қазіргі уақыт­та өңірде өндіріс саласын дамыту кезек күттірмейтін міндет. Осы орайда жаңа жұмыс орындары ашылуда. Көксу ауылында 63 миллион теңге инвестиция тартылып, сабан мен қамыстан биоотын шығаратын зауыт іске қосылды. Он екі адам жұмыспен қамтылды. Аудан орталығында көп жылдан бері тоқтап тұрған ет комбинатына жан бітті, 12 адам осы өндіріс орыннан екі қолға бір күрек тапты. Шұбар ауылында тәулігіне 4 тонна қарақұмық ақтайтын шағын цех іске қосылды. Мұнда 4 адам жұмыс істейді. Қарашада туф тасын өңдейтін, жылдық қуаты 200 мың текшеметр өнім шығаратын «Альтас Капитал – 2015» ЖШС іске қосыла­ды деп жоспарлап отырмыз. Ойға алғандар орындалса, тек осы кәсіпорында ғана 150 адам­ға жұмыс табылмақ. Қуаттылығы жы­лына 1 млн тонна цемент шығаратын «Жаңа­лық Стройсервис» ЖШС техника мен адам күшін өндіріс алаңына шоғыр­ландыруда. Жоба іске қосылған мерзімде 500 адам еңбекпен қамтылады. Көктал өзенінде «Жарық Энерго» ЖШС 5 су электр стансасын салмақ. Бұл жобалардың тиісті құжаттары дайындалып, өңіраралық үйлес­тіру кеңесінің қарауына жіберілді. Осының ішінде туф құрылыс тасын өңдейтін «Альтас Капитал 2015» ЖШС өндірістік жоба­сы 2015-2019 жылдарға арналған «Мемле­кет­тік үдемелі индустриялық-инновация­лық даму» бағдарламасына енгізілді. 
Сөз басында айтып өткенімдей, аудан­ның басты бағыты – ауыл шаруашылығы. Бар­лық егістік көлемі 99663 гектар, оның ішінде дәнді дақыл алқабы 80106 гектар жер­ді құрайды. Бүтіндей алғанда егістік кө­лемі өткен жылмен салыстырғанда 906 гек­тарға ұлғайтылған. Жылма-жыл жерді тү­ген­деу жұмысы жүргізіледі. Бос жатқан 7-8 мың гектар жерді аудандық жер қорына қай­тардық. Жерді тиімді пайдалану үшін тиіс­ті шараларды жүзеге асырудамыз. Бұл да оңай шаруа емес. Біраз дау-дамай бола­тыны белгілі. Алайда заң талаптары орындалуға тиіс. 
Қазақ халқы үшін мал шаруашылығы­ның орны ерекше. Жесең ет, мінсең көлік, сат­саң пұл болатын мал талай жеке шаруа­шы­лықтың табысын арттыруға септігін тигізіп отыр. Мемлекеттік «Сыбаға» бағдар­ламасы арқылы 3 шаруа қожалығы қосымша 163 бас ірі қара сатып алуға 31 млн теңгеге құжаттарын тапсырды. Сол сияқты «Алтын асық» бағдарламасы бойынша «Жоламан», «Дина» шаруа қожалықтары 1034 бас қой алуға 7 млн теңгеге құжаттарын тапсырды. «Құлан» бағдарламасы бойынша 42 бас жылқы 14 млн теңгеге сатып алынды. Оның сыртында 43 бас жылқы сатып алуға 13,5 млн теңгеге тапсырыс облыстан қолдау тапты. Көріп отырғаныңыздай, мемлекет тарапынан осы салаға жүйелі түрде көмек көрсетіліп отыр. Тек қана ары қарай ұқсатып, дамыта білу керек. 
Бүгінгі күні ауданда 2065 шаруа қожа­лы­ғы бар. Олардың бағыты да жермен, малмен байланысты. Сондықтан халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуде сыртқа алақан жая қоймаймыз. 
Сарыөзек стансасы 1973 жылы аудан құрылғанда орталық болып бекітілген екен. Шынын айту керек, Кеңес Одағы кезінде кенттің құрылысын жандандырып, сәулетін арттыруға назар аударылмапты. Кейінгі оңтайландыру жылдары Сарыөзек мүлде тозып, халқының берекесі кеткені белгілі шығар. Мұндағы жұмысты Сарыөзек кентінің Бас жоспарын бекітуден бастадық. Бұл жоспар 2013 жылдан бері жүзеге асы­рыла бастады. Сексен жылдық тарихы бар бекетті халықаралық маңызы бар автомо­биль мен темір жолы басып өтеді. Алайда елді мекенді абаттандыру мәселесі көп жыл бойы қолға алынбапты. Он екі мың тұрғыны бар аудан орталығында бірде-бір демалатын мәдениет орын болмаған. Салынып жатқан бірлі-жарым құрылыстар заман талабына сай еместігі анықталды. Осыны ескеріп, «Сарыөзек елді мекенін абаттандыру» жоба­сын жасадық. Бұл жобаны іске асыру үшін өткен жылы облыстан 400 млн теңге қаржы бөлініп, игеріле бастады. 
Аудан орталығындағы 3 орта мектеп бала санының өсуіне байланысты үш ауы­сымда оқытатын. Оның үстіне тұрғын­дар тарапы­нан таза қазақ тілінде оқытатын мек­тептің жоқ екені туралы сындар айты­лып, шағым түсетін. Күрделі мәселені шешу менің ен­шіме бұйырыпты. Алдымен 900 орынды жаңа мектептің жобасы жасалды. Осыдан кейін жаңа мектеп құрылысына 440 млн теңге бөлінді. Құрылысы 2016 жылы аяқта­лады. Биыл Қаспан орта мек­те­біне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу үшін 185 млн теңге қаржы бөлінді. Апатты жағ­дай­дағы Нұрым орта мектебіне 450 млн теңге қарасты­ры­лып, жөндеу жұмысы аяқ­талады. Бұған қоса жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан балабақша мәселесі де қолға алынды. 2014 жылы басталған 320 орындықты балабақша құрылысы биыл бі­теді. Ал құны 445 млн теңге тұратын жас­өс­пірімдердің спорт кешенінің құры­лысы басталғанын көрген спортқа ынталы бала­ларымыздың қуанышы өз алдына бір төбе. 
Адамның бір бақыты – баспана. Өткен жылы бір бөлмелі 20 үй пайдалануға берілді. Бұл үйлер, негізінен, көпбалалы отбасына, тұрмыс деңгейі төмен адамдарға, мемле­кеттік қызметкерлерге бұйырды. Бұған қоса өз қаржысына үй салушыларға жер телімі берілуде. Былтыр 725 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 3780 шаршы метр үй салынды. Қазіргі кезде Сарыөзек ауылының келбеті жылдан-жыл­ға жақсарып келеді. Салтанатты үйлер сап түзеп, жаңа ықшамаудандар бой көтерді. «Жастар» демалыс саябағында кафе, бассейн мен монша құрылысы жүргізілуде. «Гүлістан» бағы жайқалып өсіп келеді. Оған қоса кәсіпкерлердің өз қаржысымен салып жатқан қонақүй, сауда орталықтары, жеміс-жидек сақтайтын қойма сынды халыққа қажетті нысандар аудан экономикасына оң әсерін тигізері анық. Амандық болса, қазір­гі кезде төрт жолақты болып салынып жатқан Алматы – Өскемен автомобиль жолы мен елімізді Ресей және Қытаймен жал­ғас­тырып жатқан Түрксіб шойын жолының үстінде орналасқан Сарыөзегіміз сәні мен сымбаты келіскен сындарлы елді мекен атанып, ауданымыз Жетісу жерінің жетістікті өңірі атанар кез алыс емес. Тек береке мен бірлігімізден айырмасын!

Дереккөз: Айқын-ақпарат

Қатысты Мақалалар