Алматы облысында жыл басында Елбасының бастамасымен елімізде жарияланған «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында бірқатар нақты жұмыстар атқарылды.
Акцияны қолдауға орай қолға алынған «Халықтық марка» жалпыұлттық конкурсы кәсіпкерлік саласындағы көшбасшыларды анықтауға мүмкіндік береді. Басты мақсаты – елімізде шығарылған тауарлар мен өнімдердің танымалдығын арттыру арқылы отандық тауарөндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту болып табылатын республикалық конкурсқа Жетісу өңірі атынан қатысатындар арасында өнімдері облыс тұрғындарының талғамынан шығып, таңдауына ие болған «Көгер ЛТД» ЖШС құс фабрикасы да бар.
Алматы облысы орталығының іргесінде орналасқан кәсіпорын инновациялық жолды таңдаудың арқасында тауық жұмыртқасы өндірісінің көлемін анағұрлым арттырып қана қоймай, жұмыртқалық бағыттағы «Ломан Браун-Классик» тауық тұқымының мекиендерін өсіру мен көбейту жөніндегі еліміздегі бірден-бір асылтұқымды шаруашылық атанды. Фабрикадағы селекциялық жұмыс құсты өсірудің бірнеше операциялары мен кезеңдерінен тұрады. Мекиен болатын балапандарды әкелуден бастап, оларды өсіру, инкубациялық жұмыртқалар алып, олардан балапан өрбіту сынды жұмыстардың ақтық нәтижесінде, өнімнің өзіндік құны төмендеп, қаржының сыртқа кетуі барынша азаяды.
Соңғы жылдары жаңа технологияларды енгізуде белсенділік танытқан аталмыш кәсіпорында автоматтандыру бірінші орынға шыққан. Қол еңбегі барынша азайған. Жұмысшылар өздерінің әлеуметтік кепілдіктерін тұрақты пайдаланады. Еңбекақыны уақытында төлеу, жұмыс орнына алып келіп, тұрғылықты жерге қайта апарып тастау мұндағы бұлжымас тәртіптің бастылары.
Алматы, Семей, Өскемен, Қызылорда, Аягөз қалаларына тәулігіне жарты миллионнан астам жұмыртқа жөнелтіледі. Тауар еліміздің әр қиырындағы сауда нүктелеріне кәсіпорындағы мамандандырылған көліктермен жеткізіледі. Басты нарық – оңтүстік астана болып табылады. Құс фабрикасы Алматы қаласының маңынан азық-түлік белдеуін құруға үлкен үлес қосып отыр.
Биыл кәсіпорын «Алтын сапа» конкурсының «Үздік өндірістік тауар» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
– Бұл жеңіс – біздер үшін үлкен жетістік. Сонымен бірге тұтынушылар алдындағы жауапкершілігімізді барынша арттыра түседі. Біз әрдайым сапаны басты назарда ұстаймыз. Өз саламызда үздіктер қатарынан көрінуге тырысамыз, – дейді бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Светлана Иванова.
Құс фабрикасының алдында үлкен асулар мен жауапты кезеңдер күтіп тұр. Соның бірі «Халықтық марка» республикалық байқауында облыс намысын абыроймен қорғау.
Дереккөз: Айқын-ақпарат