Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасында республикамызда ғылымды дамыту мәселелеріне аса назар аударылады.
Осыған байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылған Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы Махметғали Сарыбековтен сұхбаттасқан едік.
– Махметғали Нұрғалиұлы, «100 нақты қадам» бағдарламасының 64-қадамында «Ғылыми және ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңды әзірлеу қарастырылған. Осы заңның қажеттілігі қандай? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Сіз айтып отырған заңды білім және ғылым қызметкерлері көптен күткен. Себебі, осы күнге дейін ғылыми-зерттеу жұмыстардың нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мәселесі заңды түрде шешілмей келеді. Нақты айтсақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу механизмін реттейтін нормативтік құжат болған жоқ. Ал сондай құжат болмағандықтан, осы жұмысты қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеді. Сондықтан осы заң Қазақстан Республикасындағы ғылыми және ғылыми техникалық қызмет-тің нәтижелерін коммерцияландыру жүйесінің қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ коммерцияландыру процестері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың мемлекеттік кепілдік берілген қолдау тетіктерін реттейтін болады.
Заң жобасын ҚР Білім және ғылым министрлігі дайындап, ҚР Парламентінде қаралып, Елбасына жіберілді.
2015 жылдың 31 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бұл заңға қол қойды.
– Сіз басқарып отырған университеттің ғылым саласындағы жетістіктері қандай?
– Елбасы инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынды.
«Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сондықтан ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуымыз қажет» деп көрсетті Н.Назарбаев.
ТарМУ халықаралық білім беру кеңістігінде интеграцияны тереңдету, оқытушылардың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің (ШЫҰУ) желісіне ресми түрінде қабылданды.
Яғни университет студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейін білім беру бағдарламасы бойынша 3 мамандықтан «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Гидротехникалық құрылыс және ғимараттар» ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынатын болады.
Сонымен қатар университет Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірге 8 жоба әзірленуде. Ұсынылған жобалардың ішінде Жамбыл аймағы үшін «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұрпаттағы өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жобасының маңызы ерекше. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 %-ға жеткізетін әмбебап технологиялық нобайы бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің ресурс үнемдеу технологиясын және жаңа техникасын енгізу қарастырылған. Жоба Жамбыл облысында дәнді дақылдарды өңдейтін және ұн өнімдерін шығаратын кәсіпорындардың қатысуын және қолдауын қажет етеді.
Тағы да басқа ауқымды ғылыми жобалардың бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Беларусь ұлттық техникалық университетінің ғалымдары қатысатын «Ғимараттардың қадалық іргетастарын қалау үшін ресурс үнемді ұңғымалы темірбетонды қадаларды тәжірибелік сараптау және әзірлеу» жобасы. Соққыға шыдамды және экономикалық тиімді, ТМД-да және алыс шетелдерде теңдесі жоқ берік қадалар отандық құрылыс саласының инновациялық дамуының жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл жобаға байланысты университет «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-мен келісім-шартқа тұрды.
2015 жылдың 15 сәуірінде ТарМУ университеттердің Еуразиялық Ассоциациясы-на толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Бұл біздің ғалымдарымызға жаңа ғылыми жобаларды осы Ассоциация аясында орын-
дауға мүмкіндік береді.
– Біз білетіндей, Тараз мемлекеттік университеті Оңтүстік өңірде ең ірі патент иеленуші. Осы ғылыми жаңалықтардың нақты өндіріске енгізу жағдайы қалай?
– Өте орынды сұрақ қойдыңыз. Жалпы айтқанда, ғылым монография немесе диссертация үшін керек емес, ғылым қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет. ТарМУ біздің өңірде ең ірі патент иеленуші болып табылады. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құрылыс материалдарына орта есеппен 30-дан ҚР инновациялық патентін және авторлық куәліктерін алады. Өкінішке қарай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмей келеді.
Жамбыл облысында патент иеленушілер қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-ден басқа «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, Жамбыл жобалау институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және бірқатар ұйымдар бар.
Облыстағы жоғары оқу орындары мен ұйымдарында көптеген патенттер мен авторлық куәліктердің шоғырланғанын ескере отырып оларға коммерциялау бойынша іріктеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің аясында арнайы аймақтық талдау орталығын (АСО) құру қажет.
Аталған аймақтық талдау орталығының жұмысына ғалымдар, экономистер, бизнес, кәсіпорын өкілдері және мүдделі тұлғалар қатысуы тиіс. ТарМУ өзінің мамандарының қызметін ұсынуға және аталмыш орталықтың тиімді жұмысы үшін университет базасында қолайлы жағдай жасауға дайын.
Елбасы бірнеше рет ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясын іске асыру қажеттігін айтты. Бұл ұсыныс «100 нақты қадам» бағдарламасының 63-қадамында да көрсетілген. Себебі, негізгі мақсат – аймақтарда ғылымды қажет ететін экономиканы дамыту.
– Университеттегі ғылымның дамуы зертханалық базаға да байланысты. Осы орайда университетте қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Университеттің даму стратегиясына сәйкес әр жылы зертханалық базаның дамуына 180-200 млн теңге бөлінеді. Соңғы екі жылдың ішінде 15 кафедраның зертханалары жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Мысалы, «Су ресурстары» кафедрасына Ұлыбританиядан гидроқұрылымдардың қауіпсіздігін зерттейтін арнайы зертхана алынып орнатылды.
«Биология» кафедрасында табиғи материалдардан өнімдерді дайындау технологиясын іске асыру мақсатымен жаңа зертхана жабдықталды. Бұл зертханада Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) тамырынан тамақ және косметология өнімдерін дайындау технологиясы зерттеліп жатыр.
«Наноинженерлік лаборатория» арнайы пресс-машиналармен жабдықталды. Осы құрылғылар арқылы құрылыс материалдардың сапасын сараптамадан өткізуге толық мүмкіндік алып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ерман ӘБДИЕВ,
Жамбыл облысы
Дереккөз: Айқын-ақпарат