Аудармаға абай болайық

/uploads/thumbnail/20170708151250672_small.png

Тарихымызға зер салсақ, XX ғасырдың басында Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы іс жүргізу қағаздары қазақшаланбайынша, онсыз қазақ тілінің дамуы алға баспайтынын айтқан. Осы мәселе қазіргі таңда да күн тәртібінен түспей келеді. Өйткені мемлекеттік тілдегі ресімделетін іс қағаздарды сауатты жүргізудің мәні қашанда зор. Бұл орайда ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш түрлі шарт керек. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деген қағидасын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік және ресми тілдегі құжаттарды аудару ісі жауапкершілікті талап етеді.

Туған тілімізді іс қағаздарға сапалы етіп жазу, аударма сынды игі шаруада қазақ тілінің заңдылықтарын басшылыққа алумен қатар, қазақы ойлау мен қазақы психологияны да естен шығармағанымыз абзал. Бұл аудармашы мамандардан қазақ тілінің табиғатын жетік білуді талап етері сөзсіз. Мемлекеттік тілге аударылған әрбір сөз тілімізге нұқсан келтірмей, мағынасы – түзу, білдірер ойы – түсінікті, жазылуы келісті болса игі. Қандай мәтін болмасын оны сауатты аудару үшін, менің ойымша, екі тілді бірдей жетік меңгеріп қана қоймай, аударма теориясының қыр-сырын терең меңгеріп, оны іс жүзінде тиімді пайдалана білуіміз қажет. Бірақ бұл тілектің үдесінен шығуға аудармашылардың әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етілу дәрежесі көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, аудармашы маманның қолында «қазақша-орысша», «орысша-қазақша» салыстырмалы грамматикасына негізделген синтаксистік әдістемелік нұсқаулығының жоқтығы жанға батады. Мұнсыз аударма ісінің алға басуы мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті. Аударма жұмысымен айналысуда керекті сөзді тауып қолдану, аударған мәтіннің естіген құлаққа түрпідей тимей, жатық болуы аудармашының шеберлігін айқындайды. Бұл аударма мәтініне және берілген мәтіндегі жекелей сөздер мен сөйлемдерге, сондай-ақ қызметтік терминдерге де қатысты. Сол үшін, осы талаптың үдесінен шығу үшін іс қағаздарды жүргізетін аудармашы маман өзінің жұмыс барысында, біріншіден, нормативтік-құқықтық құжаттарға сүйенсе, екіншіден, түрлі саладағы терминологиялық сөздіктермен қамтамасыз етілуі шарт. Сауатты аудармашыға қойылатын негізгі талаптың бірі ол аудармашының екі тілдің де грамматикасын жетік білуі. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің әр тілдегі тәсілін білмей, тілдік құбылыстарды жетік меңгермей сапалы аудармаға қол жеткізу мүмкін де емес. Негізі орыс тіліндегі сөйлемдерді қазақшаға аударғанда сөздердің орналасу тәртібі, қарапайым тілмен айтқанда, мағынасы мен сөздің орналасу реті бірдей болмайтыны белгілі. Мысалы бұл ретте: «Памятка по изучению качества преподавания предметов общественно-гуманитарного цикла в учреждениях образования» – «Білім мекемелеріндегі қоғамдық-гуманитарлық цикл пәндерінің оқытылу сапасын тексеру бойынша жадынама» немесе «Об организации горячего питания в общеобразовательных школах на 2013-2014 учебный год» – «Жалпы білім беретін мектептерде 2013-2014 оқу жылына ыстық тағамды ұйымдастыру туралы» деген нұсқадағы сөйлемдерді келтіруге болады. Бұл екі тілдік топтың шығу тамырларының бөлек болуынан. Орыс тілі флективті тілдер тобына («ішінен өзгеретін») жатса, қазақ тілі агглютинативті тілдер тобына, яғни «жалғанбалы тілдерге» жатады. Бұл тек осы тілдердегі сөздер құрылысының өзгешелігі ғана емес, сондай-ақ жалпы сөйлем құрылымының да ерекшеліктері болып табылады. Кейде аударма ісіндегі олқылықтар терминологиялық комиссия бекітпеген немесе бұрын бекітіп, қайта өзгерткен атауларды пайдаланудан туындап жатады. Мысалы, аттестационная комиссия – аттестаттау комиссиясы (аттестациялық комиссия емес); индивидуальный трудовой договор – жеке еңбек шарты (дара еңбек келісім-шарты емес); должностная иснтрукция – лауазымдық нұсқаулық (қызметтік ереже емес); оптимальный – оңтайлы (тиімді емес); принцип – қағидат (қағида емес); предшкольный – мектепалды (мектепке дейінгі емес), т.б. Қазақ тілінде синоним сөздердің көп болуы және синонимдік қатарға жататын сөздердің әрқайсысының мағыналық реңкі, қолдану орны болғандықтан, аудармашы маман мұны да ерекше назарда ұстай білгені жөн. Мысалы, тура (верно) деген көп мағыналы сөз бір мағынасында дұрыс, жөн, түзу (правильно) деген сөздермен синоним болса, екінші мағынасында тік (ровный) сөзімен, үшінші мағынасында шақ, дәл (впору) сөздерімен синоним бола алады.  Кейбір синонимдік қатардың қазақша баламасында екі-үш сөзден кездеседі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол тәрізді тілдегі әрбір сөздің, әсіресе, бір ұғымды білдіретін мәндес сөздердің қолдану жүйесін нақтылы білмей, дұрыс аударма жасау мүмкін емес. Сөз логикалық дәлме-дәлдігімен, ойдың қызметтік реңкін дұрыс көрсетуімен ерекшеленеді. Мысалға, қаражат, қор, ақша, жағдай деген синонимдік қатардағы сөздердің әрқайсысының қолдану аясын білу керек. Мәселен, «Қаражат көзі қарастырылды», «Қамқоршылық Кеңес қорынан алынды», «Ақшалай сыйлық берілді», «Тұрмыстық жағдайы жақсы» және өзге де нұсқалар. Тағы да бір мысал, қазақ тіліндегі «шен» сөзінің синонимдік қатары: атақ, дәреже, лауазым сөздерінің әрқайсысының өз қолдану орны бар. Есім, атау, ныспы деген синоним сөздердің есім дегені тек адамға байланысты айтылады. Ал мекеме, қала, өзен, тау, т.б. атауларға байланысты атау сөзі айтылады да, есім сөзі олармен тіркеспейді. Міне, осындай көп мағыналы сөздерді аударғанда олардың орыс тіліндегі нақты мағынасын таба білу керек. Қазіргі қазақ тілінде қысқарған сөздерді бірізге түсіріп, қысқарған сөздердің сөздігін жасау мәселесі де уақыт қажеттілігін байқатады. Жақында «Ана тілі» газетінен тілші-ғалым Шерубай Құрманбайұлының «Қысқарған сөздер» жөніндегі кітабының жарық көргенін оқыған едім. Мұндай бағыттағы еңбектер кәсіби аудармашыларға зор көмек берері сөзсіз. Мысалы, мекемеге келіп түскен құжаттарда қазақша қысқартылған сөздер болады, ал осыған байланысты сөздіктердің болмауынан олардың орыс тіліндегі баламасын іздеу қиындық тудырады. Осы орайда кейбір сөздердің қысқартылуы түсініксіз болып қала береді де, ал кейбір қысқартулар бірдей нұсқада болып шығады. Мәселен, ҚҚБ – құқықтық қамтамасыз ету басқармасы, ҚҚБ – құжаттық қамтамасыз ету бөлімі және т.б. Сонымен қатар бүгінде аударма саласында бірізділіктің, ортақ стильдің қалыптаспай отырғанын да айта кеткеніміз орынды. Бір өкініштісі, елімізде аудармашыларға жөн сілтейтін, нұсқау беретін, олардың кәсіби біліктілігін бағалайтын, білімдерін шыңдап, бас­қа аудармашылармен тәжірибе алмасуына мүмкіндік тудыратын, жаңадан бекітіліген терминдер туралы хабардар етіп, сондай-ақ аудармашыларға қажетті сөздіктерді, көмекші құралдарды, оқулықтарды електен өткізіп, айналымға енгізуге жарайтындарын сұрыптап отыратын арнайы құзырлы орын жоқ. Сондықтан да әркім өз білгенінше аударатындықтан кейде ол мәтіннің аудармасын оқығаннан гөрі түпнұсқасын оқығаның артық болып тұрады. Ал іс қағаздарын жүргізуде әр мекеменің ішкі құжаттарын әр аудармашы әртүрлі аударса да, кіріс-шығыс құжаттарында бірізділік сақталуы керек деген ойдамын. Мысалы, исходящие – шығыс; служебная записка – баянхат; заявка – өтінім, тапсырыс; символ – рәміз; режим – тәртіп; вакансия – бос жұмыс орны; заработная плата – жалақы, т.б. Кәсіби, салалық, ғылыми терминдердің әр жерде әртүрлі жазылуы көпшілігімізді жаңылдырады. Әр басылым сөзжасамның әртүрлі нұсқаларын ұсынады. Олардың жазғандарына сүйенсек, аударылмайтын бірде бір сөз болмауы керек. Бұл, әрине, қате түсінік. Қазақ тіліндегі терминдердің, сөзжасамның ғылыми принциптерін негіздеп, қалыптастыру жолында көп еңбек сіңірген тілші-ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбановтар халықаралық терминдерді жаппай аудара беруге болмайтынын ескерткен еді. Әсіресе, термин сөздерді аударғанда абай болғанымыз жөн. Сондықтан қазақ тілінде іс қағаздар жүргізуге қажетті анықтамалық құралдар мен сөздіктердің шығуына бақылау жасалғаны дұрыс. Ал ол үшін жоғарыда айтқанымыздай, осы мәселені қолға алып, мемлекеттік деңгейде реттеп, аударма саласындағы барлық жұмыстарды үйлестіріп отыратын тиісті мекеме немесе органның құрылғаны абзал болар еді. Себебі қалыптасқан сөздердің жаңа баламалары пайда болса немесе аударма саласындағы өзге де жаңалықтар енгізілсе, одан барлығы хабардар етілмегендіктен бірізділік сақтау ісіне айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Осы орайда іс қағаздарды аудару кезінде қолданылатын жекелеген сөзді, грамматикалық тұлғаларды ресми стильге оңтайландыра қолдану үшін орын алмастыру, ауыстыру, т.б. транс­фор­мациялық үдерістерді орнымен, мүм­кін­дігінше пайдалануға болады деп санаймын. Қорыта келе айтарым, аударманың өзекті мәселелеріне баса назар аудара отырып, бұл салада орын алып келген қателерді түзетіп, шын мағынасында нақты аударма жасау, іс қағаздарды бірізділікке түсіру шараларын ойластыруымыз қажет.

Ләззат Құрманбаева,  Тараз қаласындағы  №1 гимназияның аудармашысы

Қатысты Мақалалар