«Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен «Абай туралы естеліктер» жинағы тағы да жарық көрді.
Абай өмір сүрген ортада күн кешкен, ақынмен аралас-құралас болған, көзін көрген адамдардың естеліктері – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын, адамдық тұлғасын зерттеуде мол ақпарат береді.
1940 жылы Семей қаласында Абай мұражайын ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап ұлы ақынға қатысы бар экспонаттар жинау жұмысы басталды. Заттық жәдігерлермен қатар сол кезде көзі тірі Абайдың замандастары, ұрпақтарынан бар білген естеліктерін, шығармаларын жинау жұмысын сонау 40-жылдары Абайдың немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов бастаған болатын. Ол елден жинаған естеліктер, шығармалар қолжазбалары бір төбе болса, өзінің естеліктері де қазіргі күнде құнды жәдігерлер қатарында.
Естеліктерде Абайдың бойындағы ақындық өнері мен машықтары, мінез-құлық ерекшеліктері, өз ортасымен қарым-қатынастары қызықты түрде баяндалады.
Жинаққа Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қолжазбалар қорында сақталған Әрхам Кәкітайұлының, Тұрағұл Абайұлының, Көкбай Жанатайұлының, Қасен Құсайыновтың, Мүсірәлі ақсақалдың, Дәулетияр Стамбектің, Ниязбек Алдажаровтың, Ахат Шәкәрімұлының естеліктері топтастырылған.
Кітап Абай Құнанбайұлының өмірбаяны мен шығармашылығын тереңдеп тануға қызыққан зерттеушілер мен әдебиеттанушыларға, магистранттар мен студенттерге, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, жалпы қалың оқырманға арналған.
Мейрамгүл Қайрамбаева