Теңізге көктегі күн күрсінгенде...

/uploads/thumbnail/20170708204449581_small.jpg

 

Құтқар мені,жалғыздық

 

Сенен өзге іздер дейсің кім бізді,

Жылдар мүжіп тауысқан сынды жұлдызды.

Қараңғылық жетіп мысық табандап,

Көлеңкемен қол алысып үлгерді.

 

Өзге ағытқан түймесіндей меңдімнің,

Көкжиектен көлбеп суси берді күн.

Жабығады жартаста өскен жас терек,

Өз тамыры тесіп еніп өз діңін...

 

Сүртілген мың құрғақ бұлтпен ысқылап,

Аспанымнан түскендей бар құс құлап.

Жалбыр - жұлбыр жапырақтар ауаға

Қол жаяды күміс жармақ – шық сұрап.

 

Жаралы жыр жылан – түнмен арбасып,

Аласұрдым таба алмай айла түк.

Құтқар мені жалбызыңмен, жалғыздық,

Қасіреттің қазанына қайнатып.

 

                             Секем

 

Жарым, мені жабықсын дегенің бе,

Сөндірмеші шырақты, керегі не?!

Қайнаған қара майдай түнді біреу,

Құярдай ай – ожаумен көмейіме!

 

Түтіні бейне туған жердің бұлты,

Шылыммен ашылар-ау мұңның құлпы.

Көтерме телефонды,

Онсыздағы

қаптаған құлағыма сөздің құрты.

 

Қиялым қайда менің шыңды арбаған,

Шексіздіктен шеңгелім мұң қармаған.

Далаға шықпайыншы,

Мен бір пенде

ақ қардан басқасында ізі қалмаған.

 

Қалдырдым тым алыста бар асылды,

Таппадым сенен басқа жанашырды.

Тастайын темекімді,

Өртеп алып

жүрмейін қара майдай қара түнді.

 

Тұйық әлем

 

 

Сол әлем,

Тұйық әлем...

Жарда күліп

Тұрамыз адыра қап арман - үміт.

Күндер кейін қашады,

Отызыншы

біреуі алса басын айға ұрып.

 

Сол қала, ол баяғы бұрыштамыз,

Бұрыштан басқа жерды ұмытқамыз.

Жанымды  езді - ау сылбыраң даламен бір,

Жылаған  жапырақ–  ерні жырық тамыз.

 

Құм – қайғы жас өмірдің өртін көміп,

Ғажап - ау,жылдар бойы серпілмедік.

Жаңа  жыл отшашудан беті күйіп,

Кетеді  сәтте кәрі кемпір болып .

 

Баратқан ақсай басып жөніне бір ,

Жаңалық, ей, жаңалық! Үйіме кір.

Тұншығып жатырым тағы тырмаланып ,

 Сол әлем,

 Тұйық алем,

 Тұйық өмір...

 

 

Алтай  аңызы

 

Арда Алтай мен Алматының арасын,

Жалғамасаң қалай тыным табасың?!

Дөң  басында бұғы тұр ма,

Жарты аймен

мүйізінің көбейтіп бір саласын?!

 

Анаң мен тек ақ әлемді көресің,

Сана қайда сергелдеңді сезетін?

Қайнар – көзі үзілсе де ақ бұлақ,

Құйырығы жоқ кесірткедей безетін!..

 

Ғажайып боп көрінсін деп қара түн,

Жанарыңа жұлдыз сурет салатын.

Самал тербеп өтсе сылқым гүлдер де,

Шық – моншағын ауыстырып тағатын.

 

Таста от шашып тұлпарлардың тағасы,

Жан  отым да тұтанған - ау шамасы.

Жартастарға айғайласаң,

 Үніңнің

 жетер шауып көп жаңғырық – баласы.

 

Алтай!

Алтай!

Аңыздағы бір ұғым,

Шыңғырады құрық бунап құлының.

Медет тұтам көріп көктен жарты айды,

Кер бұғымның мұйізінің сынығын...

*****

 

Біреудің жолын қуып жүрсің деме,

Жаралған жүрек дара дүрсілдеуге.

Түйсіктің толқыны боп тірілгенмін,

Теңізге көктегі күн күрсінгенде.

 

Пакизат өнер сыйлап паң балаға,

Өзі сүйреп келеді арман алға.

Көктеген көңіл гүлім ,

Аңсау дейтін

анамның сүті тамып ақ далаға.

 

Сұлатып сұр далаға кәрі қысты,

Емдеймін жанартауым жанып ішкі.

Көп  жатып жартастарда,

Көкірегіме

жүз жылдық дала жыры жазылыпты.

 

Қолтыққа тасқа айналған теңді қысып,

Таулар маған ермекші ентігісіп.

Кім білсін қашан тоқтар ,

Тойымсыздау

жүрегім келе жатыр жолды жұтып ...

******

 

Бұлт – мұңды қаузай беремін,

Нөсер боп сәтке құйылмай.

Өлді ғой талай өлеңім,

Ақ парақ – кебін бұйырмай.

 

Кетіппін тас боп, білмедім,

Мұң шағып жүріп тасқа да.

Жоғалды бірге кір дейін

достарым сіңген ақшаға.

 

Қайтатын қандай қақым бар,

Қалдырым бәрін алыста.

Ғарып боп кетер ақындар,

Кетем деп жүріп ғарышқа.

 

Қараусыз қалған қалқада,

Жатыр ғой жырым жөтеліп.

Мәз болады алау арқаға,

Албасты –  түнді көтеріп...

 

*****

 

Еңкейер  шыбық табылған

Сүймек боп жерің әр тасын.

Жатады таулар ауырған

Бастырып бұлтқа арқасын.

 

Жазады сағым басқа ешкім

түсінбес жырын астарлап.

Жағаға келген ақ толқын

 Көтеріп қайтар бас бармақ.

 

Аясына айна-бастаудың

Кетердей сыйып ғарышың.

Шырмауық өрлер жас талдың

Жанының сыйпап ағысын.

 

Артықтай  мынау алапта,

Барады  адам жолда ағып.

Арқасын сүйеп ағашқа

Көлеңке отыр ойланып...

Қалау Сәлеметбайұлы

Қатысты Мақалалар