Қазақтың бай дастарханынан «кәріліктің» емінен басқа барша дәмді табуға болады. Келген қонақты төрімізге сүйреп әкеліп, бәйектенетініміз сонша, алдыларына не қоймаймыз? Анау-мынау емес Аргентинадан әкелінген сиыр еті, қазақстандықтарға таңсық емес тамақ «фуагра», Қап тауында ашытылған жүзім шарабы, Жапония жағалауынан жеткізілген ас шаяны, тасбақаның жұмыртқасынан бастап құс сүтінен басқа барлық дәмге Қазақстанда орын бар.
Өкінішке орай, сол шетелден жеткізіліп жатқан азық-түліктің және өзге бір елдер үшін «ас» саналатын кейбір заттардың қаншалықты жеуге жарамды екенін, адал-арам екенін парықтап жатырмыз ба? Жақында Әзірбайжан газеттерінің бірі украиналық «Roshen» компаниясының кондитерлік өнімдері құрамында доңыз майының элементі бар екенін жазды. Материалды жазған журналист компанияның Әзірбайжандағы өкілдігіне қоңырау шалып, мардымды жауап ала алмаған. Әзірбайжандық басылым жарияланымынан соң «Қамшы» порталы редакциясына оқырмандардан, тіпті Қытайдың Іле Қазақ Автономиялы облысының Жастар бірлестігінен осы кәмпиттер және басқа да ресейлік кейбір өнімдердің күмәнді құрамы туралы сұраулар келіп жатыр.

Біз де мұндай мәселеге көзқарасын білмекке тиісті орындарға барып, пәтуа сұраған едік.

ҚМБД «Халал» өнімдерді стандарттау бөлімі өкілі, Бақытжан Мұратбекұлы:
Мұсылман тұтынушы ретінде не жеп жатқанын білуі керек. Адам не жесе соған ұқсайды. Доңыздың табаны тиген жерден бабамыз атын оттатпаған екен ғой. Бұл қазақтың тазалыққа, гендік тектілікке қалай мән бергенін дәлелдесе керек. Шынымен де шетелден әкелген кейбір өнімдерден доңыздың ғана емес, ит, мысықтың, басқа да жеуге болмайтын хайуандардың ДНК-сі табылатын қышқыл анықталып жатады. Бұндай азық тұтынған адамдарға барлық жағынан кері, жағымсыз әсер етеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал» өнімдерді стандарттау бөліміне осындай мәселемен көптеген өтініштер түсіп жатады. Біз де мұқият зерттеу жүргізу үшін молекулалық генетикалық зертханамен келісім шартымыз бар. Әзірге дейін 20-дан астам өнімге зерттеу жасадық. Зерттеуден өткен, тұтынуға болатын шұжық, колбаса өнімдерін ҚМБД сайтында хабарлап отырмыз. Көрші елдерде қағылып жатқан дабылға біз де үн қосамыз. Алдағы уақытта зертханамызда ол өнім тексеруден өтетін болады. Украинада, Ресейде өндірілген конфеттен бөлек, кейбір шұжық өнімдерінде, балмұздақта шошқа еті элементтері бар екені Триген зертханасында анықталды. Зерттеуден өткен өнімдердің өте аз бөлігі ғана рұқсат алуға жарамды болып отыр. Біздің зертхана ашылғанға дейін, Қазақстан Жапон инновациялық орталығында бір маман өз бетінше ресейлік бір компанияның 290-нан астам «Халал» жазуы бар өнімді алып, тексеріп көрген. Солардың арасында тек 14 өнім сертификатқа сай болған.
Қазақстан Мұсылмандары рухани басқармасы өкілі, «Халал» бөлімі маманы Әбілдина Алмагүл Қуанышқызы:
Ресейдің «Халал» стандарты комитеті алғашында «Roshen» кондитерлік фирмасына сертификат берген. Бірақ, бұл конфетке соңғы екі жылда «Халал» сертификаты берілмеді. РФ, сертификаттау, стандарттау органының өкілі Газиза Гайдаргабдулованың сөзінше, Ресей тарабы бұл конфетте шошқа еті элементтері жоқ екеніне кепілдік етпейді. Сондықтан, лабораториялық тексеруден өткізу керек.
Міне, біздегі мамандар пікірі осындай. Негізі, тәтті-дәмді тағамдардың негізгі құрамында кондитерлік май деп аталатын арнайы өнім қолданылады. Кондитерлік май дегеніміз өсімдік сығындыларынан алынатын май. Бірақ, кондитерлік майдың кейбір түрлері өндірістік жолмен алынған жануарлардың майынан, оның ішінде сиыр мен шошқа майынан тұруы да мүмкін. Мұны растайтын жазбалар azan.kz сайтынан да табылды ( http://azan.kz/islam/blog/id/1725.html).
Осы мәселе жөніндегі қоғамдық пікір қозғау салып, сараптама орындары аталған кәмпиттердің құрамы мен халал стандарттарына сәйкестігіне нақты баға береді деген үмітпен, оқырмандарды кондитерлік өнімдерді тұтынуда сақ болуға шақырамыз.
Ерлан Төлеубай