Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлының тынымсыз еңбегі арқасында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның тізімен еніп отыр. Бұл әрине қуанышты жағдай. Алайда, Ұлт көсемінің мерейтойын ресми билік қалай бағалап, қандай деңгейде атап өтеді? Бұл жағы әзірге белгісіз. Шынын айтқанда, Әлихан Бөкейхан және Алаш арыстарына қатысты мәселеде сұрақтар өте көп. Біз солардың бір сыпарасын Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлына қойған едік.
Сұлтанхан аға, кейбір азаматтар Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның тізіміне сіздің арқаңызда енді деп жатыр. Нақтырақ айтсақ құзырлы органға қайта-қайта хат жазып, Әлекеңнің мерейтойын халықаралық деңгейде өткізуге күш салыпсыз...
– Иә бұл сөздің жаны бар. Мен өзім Астанаға 2013 жылдың тамыз айында келдім. Міне осы уақыт аралығында үш Мемлекеттік хатшы және екі Мәдениет министрі ауысыпты. Олардың барлығына қоярда-қоймай хат жазып, ақыр аяғында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуіне себепкер болдым. Бұған әрине қуаныштымын. Нақтырақ айтсам бұған дейін Мемлекеттік хатшы болған Әділбек Жақсыбеков мерейтойға байланысты Мәдениет министрлігіне нұсқау берді. Содан кейін маған Мәдениет министрлігінен «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын не үшін ЮНЕСКО көлемінде тойлау керек. Бізге соның негіздемесін жазып беріңіз» деп хабарласты. Әрине министрлікте Әлихан Бөкейханның өмірі мен саяси қызметін бес саусақтай білетін азаматтар жоқтың қасы. Алайда Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына байланысты негіздемені ЮНЕСКО-ға аталған министрлік жазып беруге тиіс еді. Әйткенмен Әлекеңнің әруағын сыйлап аталған негіздемені орыс және ағылшыл тілінде жазып бердім. Біздің елдің ЮНЕСКО-дағы өкілі сол негіземеге сүйене отырып Әлихан Бөкейханның мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтуге күш салыпты.

Көпшілік «Әлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО-ның тізіміне кірді, енді аталған ұйым Үкіметті Ұлт көсемінің мерейтойын атап өтуге мәжбүрлейді» деп қуанып жатыр. Алайда Алаш ардақтысының мерейтойын атап өту, атап өтпеу жағын Үкіметтің өзі шешпейді ме?
– Иә, расында Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын атап өту Үкіметтің ықыласына байланысты болып отыр. Әйткенмен, Әлекеңнің мерейтойы Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде тойланады. Алайда, бұл шараларды Мәдениет немесе Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырады. Мен үшін ЮНЕСКО-ның Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын айтулы даталардың тізіміне кіргізуінің өзі үлкен жаңалық болып отыр. Өйткені бұған дейін Үкіметтің Алаш арыстарына, әсіресе олардың ішінде Әлихан Бөкейханға деген көзқарасы дұрыс емес болатын. Ал, енді Әлекеңді халықаралық қоғам мойындап отырғаннан кейін Үкімет 150 жылдықты лайықты деңгейде атап өтуге мәжбүр болады. Менің ойымша Әлихан мен алаш идеясын ұлттық деңгейде насихаттауға мүмкіндік алдық.
Жуырда Әлихан Бөкейханның мерейтойын атап өту жөнінде Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Аталған сауалға Үкімет «Біз Парижден жаңалық күтіп отырмыз. Сол жаңалыққа байланысты қаулы қабылдайтын боламыз. Бірақ қазір дағдарыс кезеңінде тұрғандықтан Әлихан Бөкейханға арналған іс-шаралар шығынды көп қажет етпейтін болуы керек» деп жауап беріпті. Бір қызығы Үкімет ЭКСПО өткізгенде ақша табыды да, Қазақ елінің іргетасын қалаған Әлекеңнің 150 жылдық мерейтойын атап өтуге ақша таппай қалады. Өйткені Үкіметтің депутаттарға қайтарған жауабына қарағанда 150 жылдықты атап өтуге кәсіпкерлердің демеушілігіне жүгінетін сияқтымыз. Жарайды солай-ақ болсын. Менің ойымша еліміздегі 11 миллион қазақ 100 теңгеден жинаса Ұлт көсемінің мерейтойын жоғары деңгейде атап өтер едік. Оның үстіне еліміздің бетке ұстар кәсіпкерлері де қарап қалмай, өзінің қол ұшын созса нұр үстіне нұр болар еді.
Әлихан Бөкейханды билік қана емес сонымен қатар кейбір оқыған азаматтардың өзі төре деп жақтырмайды. Алайда, Ұлыбритания, Жапония сынды мемлекеттер әлі күнге дейін патшалары мен патшайымдарын төбесіне көтеріп отыр емес пе? Ендеше біз неге Әлиханды хан тұқымы деп тұқыртамыз?
– Биыл біз бір жыл бойы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Ойлап қарасаңыз қазақ халқын, жалпы қазақ деген этносты тарих сахнасына алып шыққан төрелер болатын. Мәселен, Керей мен Жәнібектен бастап қазақты биік дәрежеге көтерген азаматтардың барлығы дерлік төрелер. Сондай-ақ ХХ ғасырдың басында Алашорда мемлекетін құрып, қазақтың шекарасын шегендеп кеткен Әлихан Бөкейханда төре тұқымы. Солай бола тұра біз неге төрелерді жақтырмай шеттетуіміз керек? Шындап келгенде біз төрелерді төбемізге көтеруіміз керек.

Жалпы бізге мынау арғын, мынау қыпшақ деп бөлудің қаншалықты қажеті бар? Мәселен 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетінде қазақты ру-руға, жік-жікке бөлген бірде бір сөз кездестірмейсіз. Олар қазақты бір атаның баласы, алты алаштың өкілі деп қабылдады. Сондықтан да қазақты төре, арғын, қыпшақ, шапырашты деп бөлудің ешқандай қажеті жоқ. Бұл барып тұрған көрсоқырлық. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген арысымызды қалайша төбемізге көтермейміз?!
Бір қызығы бұл көрсоқырлықты көзі ашық көкірегі ояу азаматар жасап жатқан сияқты. Өйткені, Әлихан Бөкейханды сынап, қаралаған азаматтардың пікірі өте сауатты жазылған...
– Біздің ғалымдардың арасында жікке бөлінушілік өте күшті дамыған. Мәселен, Тұрар Рысқұлұлы мен Халел Досмұхмедұлын зерттеп жүрген ғалымдардың ойынша Тұрар мен Халелден артық Алаш азаматы жоқ. Жалпы, кез-келген ғалым өзі зерттеп жүрген тұлғаны бірінші қатарға қояды. Шын мәнісінде бұл дұрыс емес. Өйткені тарихты тобырлар емес тұлға жасайды. Ал ХХ ғасырда тарихты жасаған жасампаз тұлға Әлихан Бөкейхан болатын. Өйткені ол Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел және Жаһанша Досмұхамедұлы сынды алаш арыстарының басын біріктіріп Алашорда мемлекетін құрды.
Жалпы, ғалымдардың арасында жершілдік пен рушылдық анық байқалады. Мәселен, Ақмола облысына барып Сәкен Сейфулинды немесе Батыс Қазақстан облысына барып Халел және Жаһанша Досмұхамедұлын сынасаң олар төбеңді ояды. Сондай-ақ, оңтүстік өңірге барып Тұрар Рысқұлұлының кемшілігін айтсаң өре түрегеледі. Бұл нені көрсетеді? Менің ойымша қазақтардың басым бөлігі әлі күнге дейін ұлтшылдықтан гөрі рушылдықты тәуір көріп отыр.
Біздің елде ұлт үшін күрескен Әлихан Бөкейхан мен Әліби Жанкелдинды бір қатарға, тіпті одан жоғары қояды. Мәселен, Астанада Әлиханға арналған көшеден Әлібиге арналған көше үлкен...
– Қазір Қазақ елі қолайсыз, тіпті сана-сезімге сыймайтын кезеңде өмір сүріп жатыр. Мәселен, кеңес үкіметі кезінде Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдин сынды халық пір тұтатын азаматтар болды. Бір қызығы Кеңес үкіметі құлап, Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан кейін біз оларды теріске шығарған жоқпыз. Былай қарағанда кеңес үкіметі жасаған жалған көсемдер мен нағыз қазақтың басын біріктірген алаш арыстары бір қатарда тұр. Бұл санаға кірмейтін қжағдай. Өйткені, Кеңес үкіметі құлағаннан кейін оның жалған көсемдерін ұлықтаудың қажеті жоқ еді.
Көпшілік арасыннан Алаш арыстары араз болған деген пікірді естіп қаламыз. Өйткені, олар Тұрар Рысқұлұлы, Сәкен Сейфулин сынды азаматтарды Алаш қайраткері деп есептейді. Жалпы, Кеңес үкіметіне қызмет еткен бошевиктерді алаш азаматттары деп атау қаншалықты дұрыс?
– Менің ойымша болшевик болып, Кеңес үкіметіне қызмет еткен азаматтарды «Алаш арыстары» деу дұрыс емес. Жақында мен Тұрар Рысқұлұлының Сталинге құпия түрде жазған бірнеше хатын оқыдым. Аталған хаттарды бірнеше рет оқығаннан кейін Алаш арыстарын қудалау Тұрар Рұсқұлұлының Сталинге жазған хаттарынан кейін басталды деген тұжырымға келдім. Өйткені, Тұрар Алаш арыстарының аты-жөнін тізіп, Сталинге осылардың үйінде тінту жүргізіңіз, оларды биліктен аластатыңыз деген ұсыныстар жасайды. Бұл хатты Тұрар Сталинге 1924 жылы жазған. Ал 1919-1920 жылы болшевиктерге қарсы күрескен Алаш арыстарына Кеңес үкіметі рақымшылық жасаған болатын. Өкінішке орай аталған қаулыға қарамай Тұрар Рысқұлұлының ұсынысының салдарынан алаш арыстарына неше түрлі айып тағылады. Ал, Әлихан Бөкейханның артына ерген алаш арыстары ешқашан бір-бірімен араз болмаған.
Бұған дейін Әлихан Бөкейханның 9 томдық шығармалар жинағын шығарғаныңызды білеміз. Негізі Әлекеңнің шығармалар жинағы қанша том болуы мүмкін?
– Әлихан Бөкейханның толық шығармалар жинағы қазірдің өзінде 16 том болып тұр. Алайда Әлекеңнің еңбегі 16 томдықпаен шектелмей одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Себебі, оның «Фигаро» деген газетпен тығыз қарым-қатынаста болғаны расталып отыр. Егер аталған газеттегі Ұлт көсемінің материалдарын алатын болсақ оның қанаша том болатынын бір Құдай біленді. Ал дәл қазіргі таңда 16 том дайын тұр. Алайда нарық заманында оларды шығаруға қаржы тапшылығы қол байлау болып отыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана