Ресейдің Сириядағы содырларды бомбалап жүрген Су-24 ұшағын 24 қараша күні Түркия әскери әуе күштерінің әскери ұшағы атып құлатты. Құлатылған ұшақттан парашютпен секірген ұшқыштардың біреуі апат орнында мерт болып, енді бірін сириялық әскерилер құтқарып алған. Екі тарап осы оқиғадан кейін бірін-бірі айыптаған мәлімдемелер таратуда. Тіпті, кей сарапшылар мен ақпарат құралдары Түркия билігінің бұған дейінгі Ресейге бағыттаған ескертулеріне сүйеніп, ұшақ құлату оқиғасы үшінші дүние жүзілік соғысқа ұласып кетуі мүмкін дегенге дейін баруда. Бортына екі жүзден астам адам мінген жолаушылар ұшақтары құлап жатқанда болмаған соғыс, шынымен бір әскери ұшақ үшін тұтанып кетуі мүмкін бе?
Негізі «Терроризммен күрес» деп аталатын бір мақсатқа жұмылғын кейіп танытқанымен Ресей мен Түркия арасында көптеген саяси мәселелерге қатысты біршама пікір алшақтығы мен көзқарастар қайшылығы бар. Алысқа бармай-ақ, алдыңғы жылдары Ресей Украинадан Қырымды аннексиялағанда Түркия тарапы Қырым татарларына араша түсіп, Ресейді айыптағанын айтса болады. Терроризммен күресем деп Ресей Сирия содырларын бомбалауға кіріскенде Түркия тағы да Сирияның солтүстігіндегі түркімендер мекендеген елді-мекендерді отқа орадың деп ашық айыптады. Осындай бірнеше мәселе Ресей мен Түркияның көбінесе сауда-экономикалық әріптестікке негізделген қарым-қатынасына сызат түсіріп келеді. Жалпы Сирия мәселесінде де екі елдің мақсат-мүдделері алшақ. Путин Сирия басшысы Башар Асадты ашық қолдаса, Ердоған шиитттік бағыттағы қызылбастардың (алавит) көсемі Башар Асад билікте заңсыз отыр, соның сұрқия саясаты салдарынан қаншама сүнниттер жапа шегуде деген пікірде. Лаңкестікпен күрес бойынша ортақ пікірге келу мақсатында қанша жерден жасырып, жапқанмен бұл кереғарлық екі ел қарым-қатынасында көрініс бермей қоймады.

Ресей президенті В. Путин ұшақ құлай салысымен мәлімдеме жасап, түркиялық әріптесін айыптады. Түркия билігінің бұл әрекетін лаңкестікпен күреске жасалған кедергі, арттан оқ ату деп бағалады. Түркия тарапы ресейлік ұшақтардың өз әуе кеңістіктерін бірнеше рет бұзғанын айтып президент Р. Ердоған да, ел премьері А. Дәуітұлы да бұған дейін ескерту жасаған. Тіпті, қазан айында ресейлік ұшқышсыз ұшатын ұшақты түркиялық әскерилер атып құлатқан еді. Сонымен, қазіргі таңда қос тарап өз әрекеттерін ақтаумен әлек болуда. Ресей тарапы «Ұшағымыз Түркия аспанында емес, Сирия аумағында атылып құлатылды. Ешқандай шекара бұзу болған жоқ» десе, Түркия «Біз бұл жағдайды қаламадық, бірақ Түркияның өз шекарасын қорғауына деген құқығын барлығы құрметтеуі керек. Белгісіз әскери нысан біздің әуе кеңістігімізге кіріп кетті, бес минуттың ішінде оған он ескерту жасалды, бірақ олар тыңдамады. Біз қатерлерге қатысты әрекет етудің ертеде жария етіп, қабылдаған ереже бойынша қатаң түрде әрекет етуге шешім қабылдадық» деген мәлімдеме таратып отыр.
Оқиға орын алысымен Түркия басшысы өзі мүше болып отырған НАТО тарапынан және АҚШ басшылығынан ресми қолдау алды. Ресей болса Түркиямен сауда-экономикалық байланысты үземіз деп кіжінуде. Бүгінге дейін ресейлік туристік операторлар түркиялық демалыс орындарына жолдамалар сатуды тоқтатты. Қос тарап кешелі бері осындай ерсілі-қарсылы мәлімдеме жасап, экономикалық қатынастарға қатысты шешім жасағаны болмаса, басқа ешқандай батыл қадамға барып отырған жоқ. Біздің ойымызша, ондай қадамға екі жақ та бармайтын сияқты.
Ең бастысы осы оқиға әу баста Ресей мен Түркия үшін де маңызды мәселе саналған, бүкіл әлем зұлым күшке балаған лаңкестікпен күресті екінші кезекке ысыратын сияқты. Бірқатар қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылардың да пікірі осыған саяды.
Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түркия әскери-әуе күштерінің ресейлік Су-24 бомбалаушы ұшағын негізсіз атып түсіруі – екі жақты қарым-қатынасқа тиетін салдары өте ауыр оқиға» деп бағалады. Сенат спикері бұл пікірінде Ресей мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың салқын тартып кету қаупін меңзесе керек. Өйткені, Түркия – Еуропа мен АҚШ тарапынан Ресейге жарияланған экономикалық санкцияларға қосылмаған, Ресейге экономикалық қысым жасаудан баст тартқан ел. Бұл әрекетімен Түркия билігі болашақтағы әріптестіктен үмітті екенін білдірген еді. Ердоғанның Мәскеуге сапары кезінде түрік президенті екі ел арасындағы тауар айналымын 100 миллиард долларға жеткізу бастамасын да көтерген. Енді мұның барлығы ұзақ уақытқа кейін шегеріледі.
Қазақстандық саяси сарапшы, президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин да бұл оқиғаның салдары ауыр болады деп отыр.
«Ресей ұшағының құлауы бұл кикілжіңдегі мәмлеге келу мүмкіндігін жоққа шығаратын оқиға болып отыр. Сирия дағдарысы енді басқа деңгейге өтеді. Енді оған қатысушы елдер әу бастағы күн тәртібінен, яғни лаңкестікпен күрестен алыстап, басқа мәселелермен айналысады» дейді Ерлан Қарин.
Сондай-ақ, сарапшы мәмілеге келу мүмкіндігі қандай жағдайда болмасын табылатынын, алайда, мына жағдайдың салдары Түркия мен Ресейдің саяси эмоциясын ескере отырып қиынға соғатынын айтқан.
Бірақ, бұл шиеленіс екі мемлекет арасында біраз уақытқа дейін салқын қарым-қатынастың орнауына, экономикалық байланыстардың үзілуіне әкеліп соғатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда жылына 30 миллиард доллардан асып отырған тауар айналымы қарқынын әлдеқайда азайтады. Енді осы кикілжіңдер қай тарапқа көбірек салмақ салады, кімге ауыр түседі, кім пайда табады деген сауалдарға жауап іздеп көрсек. Қазірден-ақ көптеген экономикалық сарапшылар бұл шиеленісте Түркиядан гөрі Ресейдің ұтылар тұсы көп екенін айтады.
Ресейдің Еуропаға сатылатын газын көп тұтынатын елдің бірі Түркия. Еуропаның басқа елдеріне газ тасымалдау үшін де Түркия Ресей үшін тиімді әріптес болатын. Каспий мұнайын тасымалдауда да Түркияны айналып өту қиын. Атом өнеркәсібі саласындағы тапсырыстың да көбін «Росатом» Түркиядан алып отыр. Ең бастысы Ресей осы уақытқа дейін Түркиямен еркін сауда-саттық аймағын құруға талпынып келген болатын. Ресейлік «Лукойл» , «Газпром» сынды алып компаниялардың Түркияда көптеген жобалары бар. Бір сөзбен айтқанда, Түркия Ресей үшін Еуропадағы тиімді экономикалық қатынас орнатуға болатын жалғыз мемлекет болатын. Сол байланыстың барлығына осы кикілжің балта шабуы мүмкін.

Ерлан Қарин айтқан «саяси эмоция» да бұл жерде үлкен рөл ойнайды. Жағдай одан әрі шиеленіссе үлкен саяси тартысқа ұласып кетуі мүмкін. Түркияның НАТО сынды ірі әскери блокқа мүшелігін ескерсек, Ердоған атлантикалық одаққа арқаланып, Кремльмен арадағы дауды одан сайын үдетіп жіберу мүмкіндігіне ие. Онда кикілжің экономикалық сипат шеңберінен шығып, толықтай саяси мүдделердің қақтығысына ұласады. Тіпті, Ресейдің ішкі тұрақтылығы мен мәскеушіл өңірлердегі саяси ахуалға қауіп төндіруі де мүмкін. Олай дейтініміз, мақала басында айтылғандай, Анкара қырым татарларына араша түсіп, орыс-украин мәселесінде Ресейді айыптады. Қажет деп тапса, Қырымдағы жағдайға араласа салуы мүмкін. Одан кейін, «Ресей «Орыс әлемі» деген бағдарлама жасап, әлемдегі орыстардың «қорғаушысы» болғанда, Түркияның бұрынғы КСРО аумағындағы, қазір Ресей құрамында күн кешіп жатқан түркі халықтарының тағдыры туралы «қам жеуіне» хақысы жоқ па?» деген де заңды сауал көрініс береді. Посткеңестік елдер мен араб мемлекеттерінде түрлі-түсті төңкерістер жасау тәжірибесі бар АҚШ түркі дүниесінде саяси серпіліс жасау мәселесінде Анкарадан көмегін аяп қалмасы анық.
Жомарт Абдоллаұлы