Қарашаның 27-сі күні Алматы қаласы ОКЖ-нің №4 кітапханасының қызметкерлері мен №128 орта мектебінің әкімшілігі ұйымдаса отырып, Сапарғали Ысқақұлының туғанына 120 жыл толуына байланысты 5-6 сынып оқушыларына «Бала жанының бағбаны» атты әдеби сағат өткізді. Оқушыларға жазушының өнегелі өмір жолынан үлгі алуға шақыру,шығармаларын насихаттау, сөз өнерін қастерлей білуге үйрету мақсатында өткізілген бұл әдебиет сағат барысында Сапарғали Бегалин жайлы көптеген мәліметтер айтылды.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы, ақын, жазушы, аудармашы, тарихшы, этнограф, драматург, жалпы айтқанда, сан қырлы тұлғаның ерекше болмысы, өскен, білім алған ортасы, артына қалдырған қазыналы мол мұрасы, өмір жолы жайында «Бала жанының бағбаны» атты видеопрезентация көрсетілді.
Әдебиет – өмір мектебі. Көркем шығармаларды оқи отырып, біз жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіре отыра, жамандықтан жиренуді үйренеміз. Балалар классигінің қай туындысын алсақ та, терең тағылым теңізі болып табылары хақ. «Сымбатты Сима», «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Ұрыншақ бала», «Есеннің кірпігі», «Алданған жолбарыс», «Жас бұтақ», «Бала Шоқан», «Мектеп бағында» сынды туындыларының мазмұнына тоқтала отырып, шығарма кейіпкерлерінің мінездеріне талдау жасалып, оқушылардың пікірі тыңдалынды.Өз кезегінде оқушылар ақын өлеңдерін тебірене оқып, өздері оқыған шығармалары жайында ой бөлісті. Қанша уақыт өтсе де, жазушы шығармалары тәрбиелікмаңызын еш жоймақ емес. Осылай біз оқушыларды жақсы мен жаманды саралай білуге, үлгілі, тәртіпті, қайырымды да қамқор болуға бағдар бердік.
Оқушылар көрнекті қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы викториналық сұрақтарға жауап беріп, білім сынына түсті. Ерекше қабілетімен көзге түскен оқушыларға арнайы сыйлықтар берілді.
Сапарғали Бегалин бір естелігінде:«Екі үлкен империяның ортасында өсіп-өнген данышпан халқымыздың басынан не өтпеді дейсің. Өзінің кең байтақ жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғай білген халқымның алдында басымды иемін» - деп толғанған еді.Әдебиетіміздің заңғар тұлғасы қазағымен мәңгі бірге жасамақ.
Әйгерім Хаметова