– Қазір әлемде «ақпараттық майдан» жаңа деңгейге көтерілген кез. Қай елдің БАҚ-ы мықты сол ел өз идеологиясын өзге жұртқа таңа алады. Осы орайда еліміз ақпарат саласындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр ма?
– Ақпараттық қауіпсіздік дегенде оның негізгі екі бөлігі еске түседі: ақпараттық-технологиялық және ақпараттық-психологиялық. «Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздік қандай жағдайда?» деген сұрақтың жауабын табу үшін осы екеуін саралау керек.
Ақпараттық-технологиялық қауіпсіздік дегеніміз – ел үшін аса маңызды ақпараттарды тарататын, сақтайтын технологиялардың кілтін өз қолыңда ұстау. Біздің неміз бар? Ғылым мен технологиялық дамудың кенжелеп қалуы кесірінен тұтас ақпаратымыз өзгенің қанжығасына оңай байланады. Технологияның көкесі – ғарыштық технология, космос зерттеу. «Байқоңырымыз бар» деп күпінгенмен, бұл салада қай дәрежеде екеніміз мен айтпасам да түсінікті. Ақша төлеп жасатқан Жер серігі кеңістікте адасып кететін елміз. Ақыр-аяғы желіде де РФ-ның mail.ru-ларына, АҚШ Цукербергінің Facebooкіне тәуелдіміз. Бір мекеме базалық бағдарлама орнатайын десе де лицензиясын Ресейден, Германиядан, тіпті Қытайдан алады. Осындай ақпараттық қорлардың қақпасының кілті кімде болса билік те сонда. Ақпараттық қауіпсіздігің жетілуі үшін ең әуелі технология жетіліп отыруы керек. Ол жағынан мақтана алмаймыз, ондай озық дүниелерді ойлап табу, сондай идеяларды жүзеге асыру үшін ми керек. Милыға мүмкіндік жасау керек... Бұл – бір. Екіншіден, «бізде жаңа техникамен жабдықталған отандық телеарналар, ақпарат агенттіктері бар» деп өзімізді жұбатуымызға болатын шығар, бірақ солардың қаншасының «құлақ күйін» ресейлік «менеджерлер» келтіріп отырғанына да назар аудару керек. Мемлекет қаржыландырып отырған үлкен медиа-холдингтерге ресейлік палейлер келіп жатыр дегенде бұл нәубеттің қаулайтынын ішіміз сезді. Қазір әр арнаның көкжелкесінде бір-бір ресейлік отыр. Кейбірінде екеуден... Тіпті қалалық шағын арнаға да көрші елден екі «мықты» келіпті. Сонда қазақтың қып-қызыл ақшасына сатып алынған жаңа технология мен ол тарататын ақпар кімнің уысында? Сондықтан біздің мемлекет сыртқа тәуелді. Өз халқынан ақпарат жасырып, ішкі қауіпсіздікті күйттей беретіндер сыртымыздың аймандай болып жатқанын біледі, содан қорқады. Ал олар қорқатын мәселе – Қазақ ақпарат құралдарының өзгенің уысына өтуі болатын. Осыдан 8 жыл бұрын ресейлік «СТС» мұрнын сұққанда танауынан жақсылап тұрып қағып жіберу керек еді. Өйтпедік. Енді өзге мемлекеттің әуеніне төңкерілетін «Бірінші арнасы» бар ел болып отырмыз... Өзгенің аузындағыны өз сөзіндей етіп сайрайтын ақпарат құралы ақпараттық бодандықтың айқын белгісі. Қазаққа жаны ашитын БАҚ «елім, жерім, тілім» десе, тағы бірі «аюдай ақырған көрші болмаса арам қатамыз, қазақ ел бола алмайды» деп көкиді. Ақпарат кеңістігіндегі алауыздық ауыздағы тәуелсіздіктен айыруы мүмкін.
– Екінші мәселеге тоқталсақ?
– Енді ақпараттық-психологиялық күйге ойысайық. Бюджеттен миллиардтаған қаржы алатын арналар аутсорсинг атты жұқпалы «дертке» шалдыққан. Ол қаражат кабельдік жүйедегі шетелдік арналарға телмірген қазақ халқына жан-жақты шын ақпарат беру, бізді «Рейтерс», «Россия +» тердің шеңгелінен құтқару, өзіндік ақпарат көзіне ие болуымыз үшін жұмсалуы керек еді?! Аутсорсинг сол қазанның төңірегінде жүрген 10 адамға, олардың туыстарына пайдалы шығар, ал 10 миллионнан аса қазаққа пайдасы шамалы. Ар мен ұятты ұмытқан 5-6 әншіні жырқылдатып, кезектесіп экранға шығара беретін көп бағдарламаның кесірінен жыл сайын миллиардтаған қаржыны шоттан қағып тастап отыру – арсыздық. Рухани-моральдік құнары жоқ дүниелермен ұлтыңның руханиятын жұлым-жұлым күйге түсіру – тексіздік. 5 жыл бойы осындай хабар көрген халықтың психологиясы тұрақты деп айта аламыз ба? Қазір Сайлаубекті түртпектеушілер көп. Ол – бар болғаны шатпағы жастарға жаққан, езу тартқызған пенде. Ал шынтуайтына келер болсақ, Сайлаубек – санасы ақпараттық шабуылдан қорғалмаған қазіргі қоғамның бет-бейнесі. Өзімізді айнадан көріп шошып жатырмыз. Ол соңғы 20-30 жылдықта өз санасына құйылған түсініксіз тіл, жабайы ритмді насихаттап, нан тауып жүр. Біз бұл ритмге, бұл тілге баяғыда үйренгенбіз... Сенбесеңіз «Пах, пах!», «Пох, Пох» деп елді табындырып жүрген жүрген жұлдыз-әншілерді тыңдаңыз?! Сөзі қазақшаға ұқсағанымен үндестігінде, стилистикасында, мәнерінде қазақылықтан түк жоқ. Мақау тіл. Бізге Сайлаубек сол тілдің түпнұсқасын танытты. Насихаттың кемшіндігінен ұлттығы ұлықталмаған, салт-дәстүрі босағада жүрген, өнері экспонат дәрежесіне түскен халық түбінде «сайлаубекке» айналады. Әзірге бізде шала-жансар иммунитет қалды. Сайлаубек-вирустан қорғанған боламыз, күңкілдейміз, кепка киген байғұсты сыбап алсақ, ішті кеміріп жатқан «психологиялық кемшіндік» деген көртышқан сәл де болса тынышталатындай.
– Газет ше...
– «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» мүлдем қиын жағдайда. «Маған керегін ғана айт!» деп алқымды бұрай бергеннен тілі салақтап, көзі алақтап жаны шығып барады. «Парасат» кірпігін әзер қағады, «Ана тілінің» үні бәсең шығып тұр, тек «Комсомолкалардың» күні туып тұр?! Қазақ басылымдарының кейбірі бас сауғалап, сайт сағалайды. Сол жерге барып күнделікті желі аралайтын оқырманды сұрыптап, електен өткізген соң ерен саясат жайлы ертегілердің ешкімге керек емесін, халықтың күнделікті толастамайтын бір сарыннан жерінгенін, оларға одан көрі ажырасқан, зорланған қыз туралы шатпақ қызық екенін түсінеді. Газеттерде – мағынасы бірдей, стильдік ерекшелігі ғана бар мақалалар, желіде – жел сөз, телеарнада – жөнсіз бағдарламалар... Ел психологиясы соған бейімделген, ақпарат сұрыптаудан қалған. Маргарет Тэтчердің «Мемлекет қаржысы деген жоқ, тек халық қаржысы бар» деген сөзі бар. Мемлекет – халық. Демек, қазынадан бөлінген әр тиын халықтың игілігіне, әл-ауқатын арттыруға, бастысы қорғауға жұмсалуы керек. Ал жоғарыдағы ойды тұжырымдасақ біздің ақпараттық саясатта үлкен қателік барын ұғу қиын емес. Бұл – ақпараттық қауіпсіздіктің Ұлттық қауіпсіздіктің негізі екенін түсінбеуден туған кемшілік. Оған Ұлттық идеяны қосыңыз. Ақпараттық бағыт осы Идеямен сиам егіздеріндей тұтас. Өкініштісі, біз бұл сөзді көп айтамыз да «Ұлт» дегенді анықтауға келгенде қырқысып қаламыз. Жасанды жолмен абстракты ұғымға айналған Ұлттық идея нақтыланса ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, БАҚ-ты осы мақсатта тиімді пайдалануға жол ашылар еді. Ал әзірге қазақтілді БАҚ көп адамға жайлы қоныс болған үйдің шам жылтыраған терезесіне сырттан ұрылып жүрген жындыкөбелек іспетті.
Кез келген діңі мықты мемлекетте «Ақпараттық қауіпсіздік саясаты» жүргізіледі. Ол ақпараттық кеңістікті қызғыштай қоруы тиіс. Бізде? Егістікке жабылған торғайлардай қаптаған біреулер ділімізді шұқып, мазамызды кетірді. Қалың торғайды үркіту үшін қырғи-мінез керек! Ақпараттық тасқын күннен-күнге күшейіп, топансуға айнала бастаған кезеңде қарақұстай қалбаңдай беру елімізге абырой әпермейді.
Әңгімелескен
Темірлан БАЯЗИТ