Отбасы, отағасы, отанасы сияқты сөздердің барлығының түбірі от сөзінен, одан ары қазбаласақ Отаннан басталатыны түсінікті ғой. Неге адам баласы өмір бойы кіндік қаны тамған жерін, туған жерін аңсап, сағынып-сарғайып өтеді. Оның бәрі кіші Отанға құрмет, ата-бабалардан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан туған жерге деген ешқашан да сарқылмайтын сағыныш.
Қай заманда да халқымыз отбасының амандығына, оның мүшелерінің бір-бірімен үзілмейтін нәзік сезімдермен, таңғы шықтай пәк көңілмен араласып-құраласып, ешқашанда үлкендердің алдын кеспей, кішілерге құрметпен қарап тіпті атын атамай сыйлай білген-сыйласа білген. Түсіне білген адамға, қайнағалары мен ата-енелерінен бастап, қайындары мен қайынсіңлілеріне де әртүрлі ат қойып еркелетіп «Еркежан», «Мырзажігіт»деп атауы тамаша емеспе? Ал атасының баласы саналатын немере-шөберелер ше? «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»–деген қағидатпен жастарға, болашақ отбасын құратындарға нағыз үлгі-өнеге көрсетуге тұрарлық таптырмайтын тәжірибе емес пе? Кебеже есімді атасын «төртқұлақ» - деп, жағы бір тынбайтын қайнысын «тақылдақ» - деп атаған,ата-енесінің баласы саналғандықтан, тұңғыштарының атын атамай,
«Бөбек», «Әлди», «Алақай», «Сарбала» - депөткен аналарымыз ақылдың да, дұрыс нақылдыңда көзі. Кейбіреулер онда тұрған не бар деуі мүмкін, бірақ біздің ешкімге де ұқсамайтын ұлттық ерекшелігіміз бен салт-дәстүріміздің тамыры тереңде.
Отбасындағы отағасының орны өте үлкен, оның айтқан әрбір сөзі бұлжұмай орындалуға тиіс бұйрықтай. «Әкең жынды болса байлап бақ» деген сөзді бекер айтпаған аталарымыз.Себебі, ол сенің әкең өмірге келтірген, ол қандай адам болса да оны қандай жағдайда болмасын бала-шағасы тастамай бағуға міндетті. Өкінішке орай қазіргі кезде ата-анасын қарттар үйіне апарып тастайтындар бар екені өмірдің ащы шындығы. Қанша жерден қарны тоқ болғанымен, көңілі тоқ емес, немере-шөберелерін бір иіскеуге зар болып отырған қарттар қаншама?
Отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызы зор. Елімізде халық санының өсуі отбасылардың сақталуымен, ұлттық негізде тәрбие берудің,
көп балалы отбасылардың үлгі тұтудың арқасында ғана іске асатыны айқын. Соңғы жылдары «Мерейлі отбасы» байқауында да көп балалы, өсіп-өнген, тамырын тереңге жіберген, ұрпақтар сабақтастығы жарасымды жалғасқан отбасылардың жеңіске жетіп жатуы осыған дәлел.
Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек.
Байғали Әбдәліұлы,
«Нұр Отан» партиясы Бостандық
аудандық филиалының кеңесшісі.