• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 08:04:22
Алматы
+35°

25 Мамыр, 2015 NEWS

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун кім болған?

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы лауазымына сайланған алғашқы азиялық дипломат.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы лауазымына сайланған алғашқы азиялық дипломат.

1944 жылы жапонның Чхунчхон-Пукто  ауылында  (кейін Корея Республикасының иелігіне өткен)дүниеге келген Пан Ги Мун  (Бан Ки Мон) Чхунджу деген қалада,кәсіпкер отбасында,алты баланың үлкені боп ержетеді. Пан Ги Мун алты жасқа келгенде әкесінің бизнесі тоқырауға ұшырап, отбасы басқа аймаққа көшуге мәжбүрболады. Бұл кәріс соғысы басталған шақ еді. Кейін ол«International Herald Tribune» газетіне берген сұхбатындабала кезінде жұпыны тұрмыста өмір сүргенін, аштық көргенін айтқан.

 Соғыс аяқталған соң Пан Ги Мунның отбасы Чхунджуге оралады.  Оқушы кезінен халықаралық саясатқа деген ұмтылысы байқалады. Жас кезінен американдықтармен араласуға құштар болады. Мектептіңүздігі болған ол ағылшын тілін зор ынтамен оқиды. Кішкентай кезінде ауылынан 10 шақырым жердегі  американдықтар жұмыс істейтін фабрикаға барып, ағылшынша тіл сындырған деседі. Тілді мықтап меңгеру үшін ағылшынша әр сөйлемді он реттен көшіріп жазып, жаттыққан.

Пан Ги Мун сегіз жасында мектептің атынан Бірікен Ұлттар Ұйымының сол кездегі басхатшысы Дагу Хаммаршелдке хат жазған.  Ал 1962 жылы  оқушылар арасындағы байқаудан жеңіп шығып, АҚШ-қа жолдама алады. Сан-Францискода бірнеше ай тұрған ол президент Джон Кеннедидің қабылдауына барады. Бұл кездесу Пан Ги Мунға болашақ мамандығын таңдауға түрткіболады. АҚШ журналистерінің «Болашақта кім боласың?» деген сұрағына кәріс баласы бірден «дипломат боламын» деп жауап беріпті. 1970 жылы Сеул ұлттық университетінің бакалавр бөлімін бітірген соң Гарвардта оқиды.  Пан Ги Мунныңғылыми жетекшісі болған Джозеф Най  оның оқуға деген құлшынысын, өжеттігін жоғары бағалаған.

1975 жылы Пан Ги Мун Корея Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ жөніндегі  бөліміне қызметке кіреді. Одан соң қызметі көтеріліп, республиканың БҰҰ-дағы  тұрақты өкілі болып тағайындалады. Нью-Йоркте біраз жұмыс істегеннен кейін  БҰҰ-ның  Сеулдағы министрліктегі бөлім басшысы болады. Одан соң Пан Ги Мунды Венаға елші етіп жібереді. 1999 жылы Пан Ги Мун ядролық сынақтарды жою жөніндегі  комиссия жұмысын басқарады. Сол кезде «BBC News» Пан Ги Мун туралы«Дипломат ретінде озық тұрған,  әлемдік деңгейдегі ұйымдастырушы» деп жазған.

Пан Ги Мун 2001-2002 жылдары бас ассамблеяның аппарат басшысы ретінде  сессияның алғашқы резолюциясын қабылдауға  ықпал етеді. Ол баяндамасында 11 қыркүйектегі террорлық актіні сынға алып, ассамблея жұмысын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын жария етеді. Тоқырау кезеңінде өткен сессияда Пан Ги Мунның арқасында бірнеше маңызды реформалар бекітіледі.

Пан Ги Мун 2009 жылы Вашингтон штатының университеті мен  Мальта университетінің құрметті докторы атанады. Кәріс, ағылшын, жапон тілдерін жетік меңгерген Пан Ги Мун БҰҰ-ның бас хатшысы болғанға дейін  Кореяның Сыртқы істер  және сыртқы сауда министрлігінде  дипломат қызметін атқарған. 2004-2006 жылдар аралығында министр болған. Корея республикасы президенттің сыртқы саясат және ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болып істейді. Одан соң Сыртқы істер министрінің  саясатты жоспарлау жөніндегі орынбасары және американ бөлімінің  бас директоры қызметіне кіріседі.

Пан Ги Мун қос Корея арасындағы бірқатар мәселелерді шешуге қатысқан саясаткерлердің бірі. 1992 жылы Сыртқы істер министрлігінің арнаулы кеңесшісі ретінде Солтүстік пен ОңтүстікКорея арасындағы ядролық бақылау жөніндегі бірлескен комиссия басшысының орынбасары болады. 2005 жылы Сыртқы істер министрі ретінде Корея жарты аралында  бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау туралы келіссөздерге қатысады. Алты жақты келіссөзде Солтүстік Кореяға арналған ядролық мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен мәлімдеме қабылданады.

БҰҰ-ның басхатшылығына сайланарда ұйымның Қауіпсіздік қызметінің  тұрақты бес мүшесінің барлығы Пан Ги Мунды жақтап дауыс берген.Орнын Пан Ги Мунға берген Кофи Аннан кәріс дипломаты туралы «Әлемдегі бірегей ұйымның басына жаһандық ойлау қабілетіне ие  адам келді» деген. 

2007 жылдың 1 қаңтарында бас хатшы болған Пан Ги Мун бейбітшілікті сақтауға көп көңіл бөліп, БҰҰ-ның қызметін ұйымдастыруда маңызды реформалар жүргізеді.  Басхатшы ретінде ол жаһандық жылынуға үлкен мән  береді. Ірі реформаларды қолға алған Пан Ги Мунды  саясаткерлер «Біріккен Ұлттар ұйымының халықаралық қатынастардағы негізгі рөлін жоғалтты» деп  те сынаған. Кореядағы әріптестері оны «Пан-чуса»,яғни «бюрократ» деп атаған. Бұл Пан Ги Мунныңбасқарушылық қабілетіне берілген баға болса керек.  Ал кәріс журналистері өткір сұрақтарға тіке жауап беруден тайсалатын Пан Ги Мунды  жыланбалыққа теңейді.

2011 жылдың 21 маусымында Пан Ги Мун БҰҰ-ның басхатшысы ретінде екінші бесжылдық мерзімге сайланады.

Ол жылдық бюджеті 5 миллиард доллар болатын БҰҰ-ның басына  ұйым кейбір өкілдерінің сыбайластығы үшін сыналып жатқан кезде келді. Өзінің қызметіне қатысты Пан Ги Мун «Біріккен Ұлттар Ұйымында сөзден гөрі іс көп болуы керек» деген.  БҰҰ-ның бас хатшысы ретінде кәріс дипломатыСПИД-пен күрес, кедейлікті жою, экология сияқты мәселелермен айналысуды өзіне басты мақсат деп біледі. «Кедейлікті түп тамырымен құртпайынша  қақтығыстар толастамайды» деп мәлімдеген, БҰҰ бас хатшысы. «Associated Press» агенттігі ол қызметіне кіріскенде «Пан Ги Мун  жер бетінде байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты жойғысы келеді»деген ақпарат таратқан. Пан Ги Мунның өзі болса«Менің миссиям жоғалған сенімді қайтару. Бұл ұйымға, мүше мемлекеттер арасындағы және хатшылыққа деген сенім» деп мәлімдеген.

Әріптестері оны кәріс шенеунігінің айқын үлгісі деп бағалайды. Сұңғыла саясаткер биік лауазымға дұшпан жинамай, өзінің ептілігімен жеткен деседі. Пан Ги Мун әлем саясаткерлері алдында еңбекқорлығымен, кәсібилігі және дипломатиялық шеберлігімен құрметке ие.  Әріптестері оның басқару қабілетін, арағайыншылық қабілетін ерекше атайды. Астарлы ойлайтын, пікірін тура айтпайтын, жұмсақ мінезді адам деседі. Ісіне ұқыпты ол межелі жерге ылғи уақытында келетін тиянақты саясаткер ретінде танылған. Күніне бес сағат  қана ұйықтайды екен. Білетіндердің айтуынша оның гольф ойнауға да уақыты жоқ көрінеді.  Үш жыл министр болғанда бір де бір рет демалыс алмапты,  қызының үйлену тойында ғана жұмыстан сұранған.

БҰҰ-ның бас хатшысы 2010 жылдың сәуір айында Орта Азияға сапары кезінде Қазақстанға келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, ядролық қаруды таратпау жөніндегі әңгімелесті. Пан Ги Мун Қазақстанға Арал теңізіне қатысты мәселелерді шешуде халықаралық бастамаларды басқару туралы ұсыныстарын білдірді. Астанада Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелерімен кездесуі кезінде  Пан Ги Мун республиканың ұлтаралық келісімді нығайтудағы саясатына жоғары бағалады.

Халықаралық қатынастағы еңбегі ескеріліп, Пан Ги Мун Корея республикасының «Қызметіне сіңірген еңбегі үшін» орденімен үш рет марапатталды.  Австрия, Бразилия, Перу, Алжир, Филиппин, Тәжікстан, АҚШ, Монако, т.б. мемлекеттердің орден-медальдарына да ие болған.  БҰҰ бас хатшысы 2010 жылғы сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен  1-ші дәрежелі Достық орденімен марапатталды.

Пан Ги Мун  мектеп партасынан досы Ю Сун Дэк деген қызға үйленген. Ұлы және екі қызы бар.

Шарафат Жылқыбаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір