ҮСТІРТ ҚАШҚЫНЫ («Сират» романынан үзінді). Басы.

/uploads/thumbnail/20170708221726094_small.jpg

Құрметті сайт оқырмандары! Өткен жылдың соңына қарай «Қамшы» порталында «Сират» романынан үзінді жарияланып еді. Сол кезде оқырмандар романның жалғасын сұраған болатын. Осыған орай  шығарманың тағы бір тарауын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Үстiрт үстi үскiрiк.

Көкек келсе де, түнде терiсiнен тиетiн қызыл еспе жапан түздiң төсiн қуалап, Қарабауырдың қара тұмсығы салбыраған Бесқаланың бозаң ойынан бiр-ақ шығады. Қыстағы бет қаратпас қаһарынан қайтса да, көктемдегi таңғы қарасуығы қабағат: жылқының жiлiншiгiн үзiп, түйенiң тобығын кемiретiнiн қайтерсiң! Түске тарта Тұранның теңiз бетi – кәрi Каспийден келетiн жылы леп күн көзiмен қосыла жан жадыратады да, бесiн ауа ұлы Үстiрт жоны қайтадан қылаңыта қалып, терiскейден тiмiскiлей жететiн сырдаң желге жалын тiктеп алады.

Үстiрт ызғырығын елең құрлы көрмей келе жатқан бiр топ бар. Олар – аттылы-түйелi шағын топ. Топ басында қызыл бас iңген мiнген – Оразмағанбет геолог.

Алған бетi – Ақжiгiт соры...

Топ iшiнде бөгде екеу – Оразмағанбет пен Құрманғали. Бұлар – аңдудағы адамдар, ел қойған «Мешел» деген аты бар Жұмабайдың айтуында «қарауылдағы қазақтар». Мешел Жұмабай соғыс басталғалы милиция iшiнде шенi өсiп, «лейтенант» атанғалы «мешел» есiмi естiлмей қалған. Ол да Түрiкменстанға кәмпеске кезiнде жылжып кеткен қазақтардың ұрпағы. Қасына ерткен орыс пен түрiкпенi аралас бес жауынгерi бар. Бәрi де бiрақ әскери киiмдерiн тастап, қыр елiнiң терiден иленген тонын киген.

Ақпан айының аяғында Түрiкменстаннан шыққан бұл топ қар суымен қанағаттана, Үстiрт үстiн тәуiр-ақ арылтып тастады. Ираннан келгелi Түрiкменстанның тас қабырғалы түрмесi мен құм шағылды түзiнен Құрманғали мен Оразмағанбет тұңғыш рет  ұзап шыққан. 1938 жылдан 1940 жылға шейiн екеуi де тар қапас, тас қамақ төрiн босатпады. Қырқыншы жылдан берi ғана әлде қандай геологтар – орыс, түрiкпен, қазақтармен Түрiкменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан жерлерiн кезқұйрықтай кездi. Бiрақ үнемi «бақылауда» жүрдi.

Құрманғали болса құм жалдаған, қыр жондаған геологиялық экспедиция малының бақташысы болып келедi. Оразмағанбет болса, экспедиция басшыларымен сөзге келiсе, керiсе жүрiп Құрманғалиды тастатқызбайтын. Әлде әлгiлерге сенбей ме, әлде мұны қара тұта ма, әлде бұл ел мен жер көрсiн дей ме – қайда аттанса да атқосшы қылып ала жүредi. Бұл жолы да солай болған.

Қырықсегiз атты теппеден енген бұл топ Үстiрт үстiне суыт көтерiлiп, қар суымен шөлiркеп, кәусар сулы шыңыраулардан тер басып, түлкiлi түлейлерге түнеп ұзақ жортты. Ораз ғана бiлетiн ұлы жонның құлан өтпес, құс ұшпас қиян күрелерiн наурыз бойы кестi. Адыраспан мен ақ баялышты, қара жусан мен жантақты жондардан қызыл-күрең тас жаңқаларын, сексеуiл мен жыңғылды, кекiре мен сүттiгендi түлейлерден сортаң сазын, жүзген мен көкпектi, киiкоты мен түйесiңiрлi ойлардан ұлутас сынықтарын сықай терiп алысты. Сол жерлердiң бедерiн белгiлеген картасын да сызды.

Көкек туа Ораз ағасы Сам құмына қарай бет түзеген. Мешел Жұмабаймен кикiлжiң әңгiме осы арада туған.

Мешел Жұмабай:

– Осы да жетедi. Керi қайтатын уақыт болды, – деген.

Оразмағанбет:

– Жоқ, керi қайтуға үлгеремiз. Үстiрт үстiне күнде келiп жатқан жоқпыз. Ендi келер-келмесiм де күмәндi... Туған жердi соңғы көруiм шығар. Самнан қайтпай тоқтамаспын. Үстiрттi арылту – менiң ғұмырдағы арманым едi... Сол арманыма кiрiптар болсам да қолым жетiп отыр. Жолыма кесе-көлденең тұрма, Жұмабай! Жауапты өзiм берем, – деген.

Сонда:

– Сам құмында мол ел бар. Ел iшiне кiруге саған да, маған да рұқсат жоқ. Әлде баяғы «банды» болған кезiң есiңе түсiп, ел iшiне сiңiп кетем бе деген ойың бар ма?.. Баяғы Мамайдыңжолын құшарсың! – деп ескерте әрi үркiте сөйледi Жұмабай.

– Әй, Жұмабай! Ел сенi: «Өзi – мешел, iшi толған кесел» деп тегiн айтпайды екен. Мамай мен Ысмайылдай ердi ерден аударысқанның бiрi ме едiң?! – деп қалды Оразмағанбет.

– Е-е, одан берi он жыл өтпедi ме? Ол бандиттердiң сүйегi де қурап қалған шығар. Ол уақта мен Красноводскiге келiп түскен Қазақ атты әскерi полкына атқосшы болып ерiп жүргем. Он алты жастағы жұмысшы, жас комсомолмын. Бандылардың әкесiн көзiне көрсеткенбiз!.. – деп мақтана түстi ат үстiндегi Жұмабай. – Мына орыс маузерiн сол соғыста ерлiгiм үшiн жазып тұрып сыйға тартқан. Сендер секiлдi бандылардың тұқымы әлi де сақталынып қалғаннан менi соғысқа да жiберген жоқ. Осында керек адаммын... Ха-ха-ха! Бiлдiң бе бiлiмдiм!

– О, қанiшер! – деп, шыдай алмаған Оразмағанбет қызыл iңген үстiнен жерге түкiрген. – Затсыз!.. Қай бетiңмен айтып тұрсың? Олар ел үшiн күреспедi ме, елi сол үшiн де жер түбiне ермедi ме?! Жетесiз!

– Оттапсың, қақпас! Елдi алдаған сұмдар! Сен де соның бiрiсiң... Отыз сегізде-ақ атып тастау керек едi, сендей сұмпайыны!

– Әлi үлгерерсiңдер...

Оразмағанбет бұдан әрi әңгiменi созбады. Қызыл iңгенмен қозғалып кеттi. Сол бойы тiс жармай қойды.

Жұмабай да, тапаншаларын қолтығына жасырған жауынгерлерi де Оразмағанбеттi алған бетiнен қайтара алмасын сездi ме, алдынан ақырып шықпады. Соңынан ердi. Құрманғали да қауiп ойлап, әлде бiр беймәлiм, бұйрықсыз iске бас тiккен едi.

Осы бiр оспадар әңгiме соңы екi жағының да iшiне қан қатырып, жүректерiн суытып кеткен...

Күнiмен-түнiмен жүрген жолаушылар күн көтерiле Ақжiгiт сорына құлады. Үстiрт үстiндегi Қаратүлей мен Елтеже, Ақсексеуiл мен Белсексеуiл түлейлерiнiң бос топырағы ащылы, боз жусаны жұтаңды жерiндей емес, түстiк беттегi Ақжiгiт соры сортаң болса да топырағы тығыз, ыза тепкен сазды, бұйра-бұйра бұйрығыны күйреуiк бұтамен қабаттасқан өлке едi.

Сорға табан тигелi жалтаң қырдың суығы қайтып, суыт жүрген салқын қабақ топты жаймашуақ арбады. Оразмағанбет ел отырады-ау деген жерлерге соқпастан iшкерiлей түстi. Жұмабай да сызданып алған. Құрманғали бастаған қалған «қанжыға» қосшылар сыр бермеуге үйренген. Езу тартпай ередi.

Бел шешпеген жүрiстен бесiн ауды...

Бесiн ауа барып Ақжiгiт сорының бел ортасындағы отыз құлаш Шынжыр шыңырауға тұмсық тiрестi. Келе түйелердi шөгерiп, қомды түсiрiп, шыңырау басындағы малшылардан қалған қада, сырғауыл, шiлiк шарбақтардан қос тiгуге кiрiстi. Қосты қос-қостап тiктi. Бiрiне – Оразмағанбет пен Құрманғали, ендi бiрiне Жұмабай жiгiттерiмен жатады. Қос тiгiлiсiмен Құрманғали мен жауынгер жiгiттердiң бiр-екеуi ас қамына кiрiстi.

Көкек күнi де еңкейе бастаған. Сортаң сор iшi жылы екен. Үстiрт үстiнде әлi де ала шарбы қар жатыр едi. Жел де басылған. Желемiк қана бар. Сөткеден астам тоқтаусыз жүрiстен астарындағы күлiктерi де ашығып қалыпты. Жылқылар сордың қара жусанына, түйелер қызыл жантағына тiстерiн қайраған.

Жолаушылар да дастархан басына жиналысқан. Жұпыны дастархан үстiнде әлгi бiр әңгiменi Мешел Жұмабай қайта бастады.

– Сам құмына бара алмаймыз. Малшы ауылдар мал төлдетiп жатыр. Құм iшiнде күн жылынды, қар кетiп қалды. Шыңыраулар мен суат бастары бос емес, – деп әдейi қыжырта сөйледi.

Оразмағанбет бiрақ суық еттен қарбыта қасқырша асап, ләм демедi. Құрманғали Жұмабайға жақтырмай қарады. Қалған екi түрiкпен мен үш орыс жiгiтi бұлардың сөзiне көңiл аудармаған сыңай танытты. Бұл бес жауынгердiң бәрi де он алты-он жетi жастардағы жас балалар едi, неміс фашистерімен соғысқа ер-азаматтың жiлiктiсi аттанып кеткендiктен, әйтеуiр Жұмабайға қара көбейтiп қосып бергендер... Бiрақ тапаншалы.

– Сен неменеге ит көрген қасқырдай кiжiне қарайсың? – деп Жұмабай мұны да iле түстi. – Бiлем-бiлем, бөрiнiң бөлтiрiгi.

Құрманғали Ораз ағасына қарап, оны қатты сыйлайтындықтан үндемей қалды.

– Әй, Жұмабай, тарт тiлiңдi! Тар жерде жолықсаң, ол кесiп алар... – деп Ораз ағасы да қыршып алды.

– Ей, Ораз бандит! Тап осы жерде сен екеуiңдi менiң қолымнан айырып алар адам жоқ... Түлкiдей терiңдi бiтеу сыпырсам да өз еркiм. Байқап сөйле, сорлы!

– Сорлы кiм екенi – бiр Аллаға мәлiм... Ал сен – сiлiмтiктiң нақ өзiсiң, – деп Оразмағанбет те қатты кеттi.

– Ә-ә-ә... Жыланның тiлiндей тiлiң ендi шығайын дедi, бандит! Советтiң қас жауы екенiң бұрыннан да белгiлi едi... Менi «Советтiң сiлiмтiгi» деп отырсың ғой. Қолақпандай к... ашылды, арамза! Сенi тайраңдатып қойған соғыс қой, әйтпесе баяғыда басыңды алар ек... Сен соғысып жатқан фашистерден де қауiптiсiң!

– Совет өкiметi сен секiлдi әпербақан, тұрпайыларға сенiм артса, оның да арты белгiлi... Жендетсiңдер! Сендер кiмдi аяп едiңдер, Тобанияз бен Құрмашты да құртқансыңдар.

– Жап аузыңды, фашист! – деп Мешел Жұмабай бақырып қалды. – Қақпас! Әлгi милиция бастығы айтып едi: Үстiртке шықса банды болғаны есiне түсiп, құтырып жүрмесiн деп... Қиқаңдаса қағып таста! Қашырып алып жүрме! – деген. Соның айтқаны келдi.

– Келсе келген шығар. Ажалым сен болсаң, алып тын! Сiлiмтiк! Опасыз!

– Ах, иттiң баласы! Өз үкiмiңдi өзiң шығардың, – деп Жұмабай маузерiн жұлып алды.

Қамшысын тобылғы сабынан бiлемдеп, екi көзi ежiрейе қанталап отырған Құрманғали оқыс сiлтеп қалды. Маузер бiрақ бұрын атылды... Қамшы өрiмi бiлезiктен тиген Жұмабай қолы сылқ етiп, ауыр тапанша жерге түстi.

– Ах-х! Бейшара! – деп Оразмағанбет малдасын құрған күйде кеудесiн баса шалқалай құлады.

Құрманғали үстiне де жақын отырған жауынгерлер мiнiп қалды. Тырп еткiзбей байлап тастады.

– Бөрiнiң бөлтiрiгi! Көзiңдi түрмеде құртамын! – деп келiп, Жұмабай мұны басы мен жауырынынан тептi.

Состиып тұрып қалған үш орыс пен екi түрiкпенге «тебiңдер» деп бұйырды! Олардың да бiр-екеуi етiктерiнiң ұшымен мезiрет жасады.

Ораз ағасы қайтiп тiлге келмей кеттi...

Мұның қол-аяғын қайырып байлап, қос iргесiне тастады. Жолсоқты болып жеткен қалған алтау екi қосқа бөлiне жатты.

Каспий теңiзi жағынан ай көтерiлдi. Құрманғали қонышына тығылған кездiкке қолын жеткiзем бе деп едi, байлаулы аяғы мен қолы икемге келмедi. Жұмабайға жақ ашпаған күйде көз жұмуға бел байлаған ол түнгi суықтан қалтырай бастады. Тiстенiп алды.

Түн ортасы ауа көршi қоста жатқан қос түрiкпен жiгiтiмен Жұмабайдың ыбыр-сыбыр сөйлескенi, ыбыр-жыбыр жүргенi бiлiндi. Ұйқысыз жатқан Құрманғали құлағын түрген күйi тың тыңдады. Ораз ағасы екеуi жататын қосты иемденген ана үш орыс құлақ түбiнен қорылдайды. Қос сыртында, ай астында, түнгi суық жел өтiнде жатқан бұл қанша тiстенсе де, тұла бойы безгек тигендей қалшылдайды.

Әлден уақта түрiкпен жiгiтiнiң бiрi мысықтай жымып басып, қасына қарауыта келдi. Ай сәулесiнен түн күлгiн тартқан. Жанына жақын келген он алтыдағы Тұрды атты бозбала едi.

Тұрды мұның құлағына еңкейiп:

– Маған қашырып жiбер дедi, аға! Тез құтылып кетiңiз, Бозшолаққа тиiспеңiз! – деп, пышақпен қол-аяғын байлаған қанжыға қайыстарын кесiп жiбердi.

Құрманғалидың ойына ештеңе орала қоймады. Ұйыған қол-аяғы мен бел-омыртқасын жазып, тоңған тұла бойы ештеңе ойлатып үлгертпедi. Тұрды да «Аға, жылқылар жел жақта... Тезiрек кетiңiз!» деп сыбырлай асықтырды. Бұл ерiксiз бүгжеңдей жөнелдi. Жолай ерi мен жүгендi, шылбырын iле кеттi. Кенет тоқтай қалып, орыстар қорылдап жатқан өз қосына қайырыла жүгiрдi. Бозаң түнде байқастап тұрған Тұрды да секем алып қалды, бiрақ жүрексiне қойған жоқ. Қайта қашқынды өзiмсiне, өзiн батырсына қасқайып тұрды.

Құрманғали қосқа жеткен бойда тiзерлей отыра қалып, ұзын қолын iргеден жыландай жүгiртуге көштi. Тұрды аң-таң. Қашқын бiрақ бұған назар да аударған жоқ. Бала ғой деп менсiнбеген де сыңайлы. Сөйткенше ол серпiле тұрып, жылыстай бердi.

Кешiкпей Тұрды айтқан Бозшолаққа жүген салды. Жылқы iшiнде жүйрiгi Мешел Жұмабай мiнiп жүрген осы едi. Әйтеуiр қашқан соң, жүйрiкке қамшы басуды ойлады.

Қашқын батысқа қарай қылаңыта тiзгiн бұрды.

* * *

Кәрi Каспий – жар жағасына жынын шашып ашулы, жарлауыттан алыста жалын басып толқулы. Шетсiз шалқар үстiнде қара баркас қауырсындай қалқулы.

Гурьевтен кеше шыққан ескi баркас Форт-Шевченкоға да жақындап қалған. Төрт тарап толы көк айдын селеулi даладай толқиды. Тұздалған балық таситын баркастың бесiктей тербелгенiнен алғашқы сәтте жүрегi айныған Ғали Естаев сәлден кейiн ат үстiнде лекiте желiп келе жатқандай көңiлi орнығып, өзiн еркiн сезiнген.

Ұшы-қиыры жоқ ұшан айдын үстi ылғалды. Терiсiнен терi тестi, сүйек кестi теңiз лебi еседi. Жағалауға жақындап қалғанда шарқ ұрған шағалалар легi сезiледi. Керасин түтiнi кейде бұрқ ете қалып, иiсi мұрын жаратын баркас тасбақадай табандап-ақ жүзедi.

Мамыр жаңбыры жүзiн жуып, дүние шуаққа маңып, мұңсыз бiр мезгiл туған едi. Қыс ызғары қайтып, теңiз үстi тыныстап, тiршiлiк атаулы оянып үлгерген-дi. Сонда да су бетiн сипай желпiген суық желемiк Ғалиға алыста жүрiп жатқан соғыстың салқынындай сезiледi.

Құдай қаққанда, немiстермен қан шеңгелдесiп жатқан алапат соғысқа бармай қалды. Ол да болса – МҚХК-нiң арқасы... 1940 жылы Алматыдағы Iшкi iстер Халық комиссарият мектебiн бiтiрiсiмен Мемлекеттiк Қауiпсiздiк Халық комиссариятына жұмысқа жiберiлдi де, 2-шi бөлiмнiң ұйғаруымен 1941 жылы соғыс басталғанда «броньмен» керек қызметкер ретiнде алып қалған, БКП(б) қатарына қабылданған.

Қирап қалардай сақұр-сұқыр етiп келе жатқан ескi баркас үстiнде елеңдеген Ғали бiр сәт өткенiне оралып, бүгiн де 1942 жыл екенiн ойлады. Бұл бiр-ақ күнде өзi туған батыс өлкеден қиыр түстiкке қарай бет бұрғанына әлi де күдiктене қарайды. МҚК қызметкерiне тән басты қасиет – кез келген iске, кез келген пендеге күдiкпен қарау... Бұл әдет мұның бойына соңғы төрт жылда ұялаған, тiптi жанына жұғысты, сүйегiне сiңiстi бола бастаған едi.

«Үйiрмел» деп шаша салған асықтай аз ғана үйлi Гурьевке бұл Орал айналып келген. Алматыдан Орал қаласына арнайы тапсырмамен көкек айында аттанып едi. Қалаға келiсiмен ескi Үйшiктi мекендейтiн ағайындары арасындағы жалғызiлiктi шешесiне барып қайтуға рұқсат алған. Үш жыл бойы жүзiн көрмеген шешесiне бұл бiрақ жете алмады. Алматы мен Оралдан iзiн суытпай жеткен шұғыл телеграмма Форт-Шевченкоға дереу жетсiн деп бұйырыпты. Түйенiң жабағысындай ақшулан толқынды жағадан жыртық-жамау баркасқа амалсыз мiнген.

Мiне, теңiзге тюлень тектес тұмсығын сұғынған Түпқараған түбегiне де жетiп, баяғы Форт-Александровскiге табаны тидi. Табаны тиер-тиместен милиционерлер мен Қауiпсiздiк комитетiнiң бiрер адамы салт атты көлденең тартып, құба жонға қарай ала жөнелдi.

Ту сыртында түнере толқыған теңiз қалды...

Түздегi әлде бiр ауылға бұлар түнделетiп жетiп, жеңiл-желпi қаужаңдасып алған соң жатып қалды. Ғали сенделмелi сапардан серейiп түстi. Қалғандары қорылға басқан.

Бұл таң бозында топырлаған ат тұяғының дыбысынан оянып кеттi. Қалың салынған құрым киiз бен сырмақ үстiнде, түйе жүн көрпе iшiнде қатар-қатар жатқан қасындағылар да бастарын көтерiстi. Бәрi де тез киiнiп, тысқа шықты.

Келгендермен Ғалиды таныстырды. Бұлар – Үстiрт үстiнде бандыны қашыртып алған Жұмабай тобы, осы беттерi Бейнеуден келе жатыр екен. Ақжiгiт сорынан қашып шыққан банды тұқымы Бейнеудi басып, Сарықамысқа қарай кетiптi.

Дастархан басындағы ораза ашу үстiнде:

– Жұмабай, Құрманғали қашқын туралы жайды өз аузыңнан естиiкшi, – дедi милиция бастығы Мұқан.

– Ол жай қашқын емес, нағыз бандит! – дедi Мешел Жұмабай.

– «Бандит» деген артық болар, – деп қалды Ғали сынай қарап.

– О, не дегенiң жолдас... – деп Жұмабай Ғалидың фамилиясын есiне түсiре алмай, күмiлжiп қалды.

– Естаев, – дедi Мұқан.

– Жолдас Естаев, – деп Жұмабай ендi жүгiне отырды.

– Сiз асығып-аптықпаңыз! Ас ала отырып әңгiмелеңiз, – дедi Ғали сабырмен. Мешел Жұмабайдың жүнi жығылып қалды.

– Құрманғали кiм? Ол неге Ораз ағамен ерiп жүр? Бұл өңiрге қайдан келдi? Ғали жолдасқа егжей-тегжейлi айтып берсең! – дедi Мұқан. Өзгелер өздi-өзiн бағып, ауыздарын өгiздей буып алысқан.

– Мұқан, сен менi жақсы бiлесiң, – дедi Мешел Жұмабай. – Баяғы отыз бірдiң күзiнде «Үстiрт үркiнiн» шығарған бандылармен айқасқан кезден бiлесiң... Құрманғали – жай қашқын емес, баяғы Боқымаштың бозы, боздағы.

Ол Ғали алдында ақтала сөйледi, өзiнен күдiктенiп отыр-ау деп қарадай қуыстанып, Мұқан мен Ғалиға сенбедi.

– Ол уақтың қандай қатысы бар? – Ғали жақтырмай қалды.

– Тiкелей, – дедi Мешел Жұмабай ендi еркiнсiп, тарылған тынысын да кең алып. – Мұқан «Ораз аға» деп отырған әлгi Оразмағанбет бандит сол Адай бүлiгi кезiнде елдiң шет елге аууына себепкер болды емес пе?! Ал мына қашқын Құрманғали – Ораздың құйыршығы. Бұл да Досан бандының құрамында елдi қырған, жұртты үркiткен. Кейiн Оразмағанбетпен Иран асқан. Оразмағанбеттi кезiнде Советке қарсы iстеген қастықтары үшiн 1937 жылы КГБ-шылар Ираннан жасырын түрде ұстап әкелгенде, жанындағы Құрманғалиды да қоса ұстаған. Содан берi екеуi бір елі ажыраған емес.

– Ата-тегiн, туған-туысын бiлесiңдер ме? – дедi Ғали.

– Әрине, – дедi Мешел Жұмабай мақтанышпен. – Жемнiң Жайық жақ бетiнде Шүкiрғали деген ағасы тұрған. Ол қазiр Алматыда тұрады: балалы-шағалы, әйелi – татар. Құрманғали мен Шүкiрғали екi түрлi көзқараста болған. Шүкiрғали 1931 жылғы бандитизммен айналыспаған, бiрақ iнiсi Құрманғалиды iздестiруге байланысты сескенiп, Орал қаласына, одан Алматы асқан...

– Iм! – деп Ғали үнсiз, мұқият тыңдады да: – Әкелерi кiм екен? – дедi елеусiз ғана. – ...Қарапайым қазақ бопты, Түбекәлi деген, – дедi Мешел Жұмабай.

– Ендi түсiнiктi болды. Қалай қашырып алып жүрсiңдер?

– Айтарыңыз бар ма, Естаев жолдас?! Әлгi Тұрды деген түрiкпеннiң маубастығынан болды ғой... Иттiң баласы күзетте ұйықтап қалыпты.

– Оразмағанбеттi неге аттың? – Ғали тұтқиыл сұрақ қойды, бiрақ Мешел Жұмабай бетi бүлк етпедi.

Дайын жауабын сартылдата жөнелдi.

– Ғали жолдас, – дедi Мешел Жұмабай, – ол екеуi Үстiртке көтерiлiсiмен күдiктi бола бастады. Оңаша ым-жымы байқалып қалды. Сам құмына барамыз дегендi шығарды. Мен қарсы болдым, онда ел отыр ғой... Ақжiгiтке бұрғыздым. Сордың сорын бiлесiз, жол да ауыр болды. Бәрiмiз де шаршағанбыз... Содан асқа отыра берген ек, малдас құра бере Оразмағанбет қимылынан күдiк алып, оны бас салдым. Сол мезетте әлгi Құрман ит  екi түрiкпен жiгiтiнiң бiрiнiң тапаншасын алып та үлгерiптi. Ұрлық жасап үйренген қолы ептi екен... алты атарды басып-ақ қалғаны. «Бата тимесе, қата тиедi» деген ғой, итжығыс түскен Оразмағанбет екеумiзге қарата атылған оқ бандыны жаралады. Сол жарадан көз жұмды... Ол екi арада жiгiттер Құрманғалиды да қарусыздандырған.

– Мәйiттi қайттiңдер?

– Қос түрiкпен жiгiтiнен Түрiкменстанға жiберттiм, – дедi Мешел Жұмабай иығынан ауыр жүк түскендей алқына, дабырлай сөйлеп.

– Қашқын қайда бет бұрды деп ойлайсыздар? – деп Ғали бәрiне сұрақ қоя қарады.

– Жемнiң арғы жағына бет бұрған ғой, бәлкiм соғыс жүрiп жатқан Едiлдiң арғы бетiне кеткiсi бар да... – дедi мосқал Мұқан.

– Мұқандiкi ақылға сиятын секiлдi. Жемнiң сол бетiнде Шүкiрғали ағасы бар деп те ойлауы мүмкiн, одан хабарсыз ғой... Ал соғыс жүрiп жатқан өңiрге өтуге тырысатыны да белгiлi, қазiр қашқан-пысқанның бәрi майдан шебiне асуды, немiстерге малай болуды көздейдi... Бұл бандит те жау жағына өтпек қой, әйтпесе терiстiктегi Жемге қашып несi бар?! Түстiкке бұрылмағаны да сол, бiздi түстiк-батысқа қарай жүрiп, iзiмен адастырмақ болғаны да содан, – деп Мешел Жұмабай өз ойын тез қорытып, шұғыл шешiм шығарды.

– Онда неге Жемнiң төменгi етегiне қарай кеткен? Баяғы 30-жылдары бiздiң ауыл Жем бойында отырған... Менiң 12–13 жасым едi, – деп Ғали өзiнiң Жем бойынан хабардар екенiн бiлдiрдi.

– Ғали жолдас, – дедi Мұқан, – күдiгiң орынды... Қашқынның жолын қазiр ел емес, Жем бөгеп тұр. Жем тасып жатыр...

Келеге түскен бурадай  буырқанып, түйенi жүгiмен ағызады. Ал Ақкиiзтоғай мен Құлсары маңындағы тасжол қияр Жем үстiндегi таскөпiрге күзет қойылғанын бiледi. Ол сондықтан өзеннiң тарамдана жайылып кететiн теңiзге құлар сағасын сағалап барады... Жер жағдайы да жасырынуға қолайлы: қамыс-қорыс басқан көл-көлшiктер көп. Елсiз-күнсiз маң. Сусыз даладай емес, сусамырлы өңiр атқа да жеңiл.

– Ол бандит қандай жермен жүрудi бiледi. Мырзағали секiлдi кезiнде кезбе өлекшiндей Маңғыстауда жортқан ғой, – деп Мешел Жұмабай зiлдене түстi.

– Жарайды, жiгiттер, жолға шығайық!

Ғали орнынан көтерiлдi. Өзгелер де ошарыла тұрысты. Олар ауыл-ауылдан таңдап алынған тың аттармен суыт аттанды. Бөктерiншектерi мелжемдi, күлiктерi белдi. Жауырындарында – бесатар, белдерiнде – тапанша.

Өкпе тұстағы теңiз беттен өкпек еседi.

* * *

Маңып жатар Маңғыстаудың мұнарлы түбегi: бiр жағы – шағала ұшқан Каспийдiң теңiз бетi, бiр жағы – қызғыш құшқан Үстiрттiң түз шетi.

Қашқын Құрманғали Сарықамыстың сор-сазды бозаңын, тор-құмды жазаңын кесiп, Жемге қарай құлаған. Май тоңғысыз мамыр күнi  сүйегiн балқытқан. Бозшолақ та шұлғып тастап, тағасы түскен тұяғын сылтып басқан.

Құрманғали үшiн құмды шөл, тастақты түз артта қалды. Алдында – ағынды Жемнiң теңiзге құяр төменгi сағасы. Тармақ-тармақ болып бөлiнген қашқын тарау-тоғандары. Көбiсi өлi көлдерге барып құйып жатыр. Көкпеңбек көгалды ойпаңдар, көкжасаң майсалы былқылдақ саздар. Ат тiзесiнен жалдар жайылма сулар, су iшi ат бауырын соққан балдырған құрақтар – құрақ пен қамыс арасында уылдырық шашуға шыққан қызыл қанат шоқыр, қара қанат бекiре секiлдi балықтар. Дүниенiң дүр етiп желпiнген, Жем мен Жайық бойының желкiлдеген шағы.

Қашқынның ойын қай-қайдағы қозғап, жүрегi сыздап, ән айтқысы келдi. Ыңылдап әлде бiр әуенге салды. Сол-ақ екен тiл ұшына ескiлiктi өлең оралды, бiрақ сезiм тербетер сөз емес, шер қозғар кер оралды.

Үстiрт пен Жайық арасы –

Адайдың арыс даласы.

Қияннан ұшып қызғыш құс,

Жазылмас жүрек жарасы.

Жем мен Сағыз арасы –

Көңiлде қалды наласы.

Желмая мiнiп жер ауған

Қазақтың қара баласы...

Құрманғалидың қажыңқы жүзiне қара көзiнен аққан жас сүңгi тамшыдай сорғалады. Қашқын кенет Бозшолаққа қамшы басып-басып жiбердi. Иесiнен мұндай оспадарлықты күтпеген естi жануардың жанарында көкжазаң ойпат дөңгелене ауды.

Көкiрегiн құйын жел кеулеген, көңiлiн кермек сезiм кернеген қашқын тiстене күбiрледi.

Едiл қайда? Ел қайда?

Жайық қайда? Жем қайда?

Үркiп көшкен елiңдi

Үстiрт пенен Самға айда!

Үстiрт үстi ызғырық,

Оқ ұшады ысқырып.

Топалаң кеп тигендей,

Ер өледi ышқынып...

Қап-қара отты көзiнен жас парлаған Құрманғалидың есiне ескiлiктi суреттер түстi. Қызыл табан нар, қара табан ер... Бауырын мұздан көтере алмаған буыршын, жүгi ауып, жардан құлаған атан, бұғанасын қылыш шапқан әйел, ошақ басында от шалған бесiк, жар басында жылаған сәби – бәрi де сана сауырында мидай араласты. Күллi дүние көлеңке түскендей күңгiрт тартып, көз алдында қайдағы бiр қан-жын сапырылысты.

Сонда ғана Бозшолақты езулете тартты. Бүйiрi қызып алған жүйрiк жануар қырындай барып, сар желiске түстi. Қашқын қуаң қайқаңға көтерiлiптi.

– Әттең, дүние-ай!..

Құрманғалидың даусы шығып кеттi. Ат шаптырым жерде әлде бiр көл көрiндi. Көлдi айнала қоршаған қалың нар қамыс қайқаңнан көк мауыты бөрiктiң құндызды жұрынындай төгiле шалынды.

– Осы өңiрден де кеттiк-ау! – дедi қашқын тағы да. Тағы да ой ұшағына үзiк-үзiк өлең оралды.

Орыстың ор қаласы – Кетiк едi,

Кетiкке қара қазақ жетiп едi.

Алмаққа сол қаланы жалаңаш қол,

Қазақтың бар баласы бекiп едi...

...Қолдаған аруақ Ата-Бекет14 едi,

Үстiртке үркiн елi беттеп едi.

Қуғын кеп құйындай тигенiнде

Туған ел туған жерден шеттеп едi.

Қашқын оқыс қатайып, өз-өзiн сабырға шақырып, бүгiн-ертең төмендегi осы бiр көл маңында қорашыл лашындай қала тұруға бекiдi. Қай қиырға көз салуды шешуге бел буды.

Бетегелi белеңнен Бозшолақ етекке қарай бүлкiлдей желдi.

* * *

Қуғыншылар үшiн де құмайт дала, шаңыт шағыл соңдарында қалған. Қашқын қоналқылаған көлге де жақындаған.

Қашқынды ұстауға Мемлекеттiк Қауiпсiздiк мекемесi мұны айдаладағы Гурьевтен әдейi асығыс аттандырғанын Ғали да түсiндi. Бұл да бiр сынау екенiн сауырымен сезiндi. Қашқын Құрманғалидың ағасы Шүкiрғалидың үй  iшiмен байланысы барын, қызы Шүкiрғалиева Нафисамен жақын араласып жүргенiн МҚК-нiң бiлiп, мұны мақсатты түрде жұмсап отырғаны белгiлi... Болмаса – Оралға арнаулы тапсырмамен Дәлелхан Көгедаевқа кездесуге келген Ғалисыз да бiр қашқынды ұстайтын адамдар жетерлiк қой. Осының бәрi МҚК-нiң тереңнен тор құрған, құпиялаған «шахматтық» жүрiсi болуы да кәдiк... Құрманғалиды да Ғалидың жан-сезiмiн сынау, тiптi зерттеу үшiн қашырған болуы мүмкiн. МҚК-нің қулығына құрық, сұмдығына сырық бойламайды.

Күдiктi ойларға бой алдырған барлаушы Ғали дәп осы жолы МҚК алдында «адалдығына» сыр берiп алмауға бекiдi... Өйткені Шығыс Түркістан – Алтай өңірі күтулі. Оның жауапкершілігі сонау Москвадан бақыланып отыр. Оралда Дәлелхан Көгедаевтың да сеніміне нық кіргендей болды... Ал мына бір әпербақан Жұмабай дегеннің кесірі бұған тиіп жүрмесіне құла түзде кім кепіл?! Мына қашқынның әлгі бір Алматыдағы Шүкірғалидың ағасы болып шыққанын көрмеймісің! Қарға тамырлы қазақ деген осы. Бұл да тегін емес. Нафиса да мұндай туған ағасы барын айтқан жоқ. Ол да жасырған ғой... Ал МҚК-нің дәл осы іске мұны жұмсап отырғаны да тегін емес. Қайнағасын қайтер екен деп отыр ғой... Өртеніп жатқан Шығыс Түркістан мен Алтайға барарда от пен судың ортасына салып сынамақ та?! Бәрі мүмкін.

Ғали қиялын салқын ойға сарқыды. Қасындағы тоғыз адамға қарады.

Жұмабай ертiп жүрген үш орыс жiгiтi мен Мұқан бастаған төрт қазақ астарындағы күлiктерi де болдырайын дептi. Жол-жөнекей бiрнеше ауылдан ат ауыстырып мiнсе де, бес күндiк сапар кiм-кiмге де оңай тимеген. Әсiресе, көптен берi «орыс» ерге емес, ағаш  орындыққа отырып, етi босап, бой-бойы шау тартып қалған бұған оңай тимедi. Тiптi орыстың ана жас жiгiттерi де ерүстi шыдамды, шамасы кесiр казактардың тұқымы... Жұмабай да, басқа орган қызметкерлерi де сыр бермеуге тырысады. Әзiрге тың Мұқан ғана сияқты, ол жер шолып, iз шалып келедi.

Бәрi де қату қабақ, күрең өң...

– Қашқын жын қуғандай шапқылапты, – дедi Мұқан. – Жападан жалғыз неге шапты екен?

– Ол кәпiрге дауа жоқ. Оның өзi жын ғой, – деп Мешел Жұмабай жақтырмай қалды.

– Бiздi сезiп қалған жоқ па?! – деп Ғали секем алған.

– Ол бандит күндiк жерден сезедi... Иiсшiл ит секiлдi, – деп Жұмабай қосанжарласа бердi.

– Сезе қоймау керек. Күнiмен-түнiмен жүрiп, iзiн бастырмалатып келемiз. Әзiрге ескi iз... Мынау да кеше түс ауа өткен iз. Құмалағы кеуiп қапты. Тұяқ тиген көгi түн асса да көтерiлiп кетпептi, – деп, ойпаң жазық жүзiн жаяу аралаған Мұқан iзшiл екенiн байқатты.

Аң құстың тегi мен жымын айнытпай ажырататын аңкөс те саятшы екенi елге мәлiм Мұқан ғой... Егер жасы соғысқа барудан асып кетпегенде, ел iшiнде милиционер болып қалмас та едi, салбурында жүрер ме едi, қайтер едi?! Онда бұлар қашқынның соңынан қалмас түгiлi шаңын да шалмас едi.

– ...Анау белеңнiң ар жағында Мәтжан көлi бар. Суы мен қамысы мол. Аумағы ашық. Қазiр бiз белге көтерiлсек, қашқын Құрманғали көл маңында болса, көрiп қалады.

– Ойбай! Ол көрдi дегенше, Бозшолаққа қамшы басты де... Шаңына шалдырмай кетедi, – деп, Мұқанның сөзiн бөлiп жiберген Мешел Жұмабай шыр ете түстi.

– Аты жүйрiк пе едi? – деп қалды Ғали да.

– Ғали жолдас, түрiкпеннiң текежәумiтi... Соны ұрлап мiнiп кеттi ғой! – Мешел Жұмабайдың үнi жалынышты шықты.

– Дегенмен, аты сылтып басады, – деп Мұқан үзiлiп қалған ойын жалғады. – Тағасы түсiп, тасырқап қалыпты...

– Әй, иттiң баласы-ай! – деп Мешел Жұмабай шыдамады. – Атымды қор қылды-ау! Аяғына жем түсiрдi-ау!

– Ей, Жұмабай! Орынсыз опынбашы! Атың аман-сау! – дедi Мұқан бурыл мұртын сипап. – Үйiрден ұстап мiнген семiз мал емес, үнемi мiнiсте жүрген жылқыға жем түспейдi... Ал ендi, бәрiмiз де көлдi түстiк батыстан айналып барып, қарауыл қарауымыз керек. Әйтпесе оның iзi түсулi жаққа – көзi тiгулi... Қашқын қауiптi өзi келген жақтан күтулi.

– Бiз ар жақтан шыққанда, ол бер жаққа сытыла жөнелмей ме? – дедi Ғали.

– Иә! Иә! Ол керi қашуы да мүмкiн ғой...

– Одан бәрiн күтуге болады. Басын байлаған пенде ғой, – дестi өзгелер де.

– Мұқан, сенiң сол Құрманғали бандыға бүйрегiң бұрылатын секiлдi... – деп Мешел Жұмабай суық сөзбен түйреп өттi.

– Е-е, онда өздерiң бiлiңдер. Менiкi «қашырып алмайық» қой, – деп сүлесоқ жауап қайырды Мұқан.

Мешел Жұмабай:

– Сен олай қиқаңдама! – деп келе жатыр едi, Ғали:

– Жұмабай, сен де тоқтат! – деп басып тастады. – Бәрiне кiнәлi, әрi-берiден соң, сен! Қашуға жол бергенсiң!

Мешел Жұмабайдың мысы басылып қалды бiлем, жауап қата алмады.

– ...Мұқа, – дедi Ғали даусын жұмсартып: – Жұмабай солдаттарымен осында қалсын! Бiз, сiз айтқандай, арғы жағынан айналып өтейiк!

– Ғали жолдас! – дедi Мұқан. – Қашқын бұл көлде қона-жатып қалмаған да шығар. Әйтеуiр, абай болайық дегенiм.

– Жақсы, Мұқа!

– Жұмабай, – дедi Мұқан ендi сабырлы күймен, – сен мына үш жауынгерiңдi ғана қалдыр. Өзiң бiрге жүр. Болмаса – қашқынды өзiм қолға түсiре алмай қалдым, түсiртпеген сенсiң деп, тағы бәле салып жүрерсiң... Ал сендер, – деп солдаттарға суық қарады: – бiр сағаттан соң белден асып, көлге қарай қозғалыңдар!

Мұқанның бұл сөзiн бәрi де қош көрдi.

Күн түске тартып қалған едi. Мұңсыз мамыр күнi маужырап, бар маң мама биедей иiп тұрған. Қуғыншы топ асығыстау жүрiп кеттi. Ат кекiлiн аңызғақ тарады. Ат шашасын құмсақ жалады.

Үш орыс жауынгерi болса, ерден түсiп, күлiктерiн отқа қойып, көк шалғынға жантая жатысты. Өзара әңгiме-дүкен құрысып, тырнақтай шегiрткелердiң сырылына, бармақтай бозторғайдың шырылына құлақтарын түрiстi. Саумал дәмдi сұңғақ қымыздықтың сабағын тасбақадай талмасты.

Асқар Алтай

Жалғасы мына сілтемеде.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар