Көк байрағымды құшақтап, қазақтығым деп жылаймын

/uploads/thumbnail/20170708222122425_small.jpg

Долы да,долы,долы күн!
Жұртымның неге жолы мұң?
Биліктен бастап бәрінің,
Жалтақтық басқан көңілін.
Біз Қазақ деген xалықпыз,
Заманы қалай құбылса,
Қисайтқан сөйтіп бөрігін.
Қу түлкі ғұмыр кешсе де,
Жүрегін берген бөрінің.
Тіліме тиек етейін,
Тауқымет тартқан бүгіңгі,
Қазақтың әрбір өңірін.

Қарағанды деп жылаймын,
Қыздыра алмаған көрігін,
Көршіге берген көмірін.
Сап құрар талай жігіттің,
Шаxталар қиған өмірін.
Отқа жағып егінін,
Кәрістер алды бөлшектеп,
Қаныштың тапқан өнімін.
'Ер жақсысы' дегендей,
Түрмеге жауып Серігін.
Гей клубта жүр сынығы,
Кешегі Сакен серінің.

Өскемен деп жылаймын,
Шуылдап журген шыгысым,
Қазақтар жасап жұмысын,
Орыстар асап ырысын.
Арбалап кетті күйеуі,
Алтайдың алтын күмісін.
Ордасынан айырдық,
Оралxанның кербұғысын.
Полигон жұтқан Семейдің,
Тарылтып біттік тынысын.
Алтайы қыс келгенде,
Тентіреп жүрген туысым.
Қайранда менің қазекем,
Өз елің, өз жерің де,
Өгей ұлттың бірісің.
Осынша байтақ даламды,
Қорғап ед бабам кім үшін.
Түбі бір қазақ қолға алар,
Ер Қабанбайдың қылышын.

Кереку деп жылаймын,
Жанымды мұңмен шер жейді.
Тәуелсіздік алсақта,
Павлдың аты өлмейді.
Кутузовтың орнына,
Мәшекең неге келмейді?!
Айтады,көңіл сенбейді,
Жүректі қайтып емдейді?
Аспан көзді қабандар,
Төрімде жатып жем жейді.
Байлығын қазып қазақтың,
Айлығын дұрыс бермейді.
билікте жөнге көнбейді.
Орыс құласа көред(і) те,
Қазақ жыласа көрмейді.
Мінбеге келген әкімін,
Түрмеге салып жөндейді.
Одан да соттамайды ма?
Байлығымды тонаған,
Ибрагимов дейтін өзбекті,
Машкеевич деген еврейді.
Кеткендерді бетімен,
Сүндеттеген шетінен,
Сағынып кетем Шоң биді.

Көкшетау деп жылаймын,
Аспан сүйген айдарын.
бабам қорғап қалған жер,
Ұшыменен найзаның.
Ақан серілер шырқаса,
Оқжетпесің түгілі,
Тыңдатқан дейді айға әнін.
Сол жерді кеше орыстан,
Қорғап қалған бір түнде,
Ардақты анам Айғаным.
Қадіріңді түсінбес,
Қарағайыңды қырқа сап,
Казино салғыш байларың.
Жер бетінің жартысы,
Жаз болса өріп жүреді,
Көліңнің қалқып қаймағын.
Жын ордасы ғып алмайық,
Хан ордасы атанған,
Абылайдың жайлауын!

Қостанай деп жылаймын,
Басқадан қойған бастығын.
Отарды салып алдына,
Бақташы қойған қасқырын.
Қайранда менің қазекем,
Тау ғып үйгенмен астығын,
Толтыралмай әлі жүр,
Түбі тесік қапшығын.
Үміттеніп келеді,
Ертең болар деп жақсы күн!
Төрімді таптап сарылар,
Төремнің бауыры тас бүгін.
Жалғыз қалмасам болар ед,
Бейітіндей бақсының.

Петропавл деп жылаймын,
Мәскеуге бұрған есігін.
Баю-баюмен тербеткен,
Бөбегі жатқан бесігін.
Қызылсырап жатпас ем,
Қызылжар болса есімім.
Баса көктеп басқа ұлттар,
Жүргізед дейді шешімін.
Бабамнан сұрап кешірім,
Құдайдың күттім несібін.
Күтер ме екен бір бақыт,
Бітер ме екен Осы күн!

Таразым деп жылаймын,
Таусылмай қойды ау қу сынақ.
Айыр қалпақты қырғызға,
Алақан жайған су сұрап.
Екімың жылдық қаладан,
Екі күн сайын шу шығад.
Руxым солай тұншығад(ы).
Бүгіңгі Көкек аналар,
Далада қалған балалар,
Жауабы жоқ мың сұрақ.
Шүкір етудің орнына,
Құдайға неге қырсыгад(ы)?
Сенен басқа бір адам,
Ала алмай жүр ұл сұрап.
Қайтейін кейбір адамның,
Көкірегіне түспей жүр,
Көрге де түскен күн шуақ.

Шымкент деп жылаймын,
Өзбектер теріп мақтасын,
Киім қылып сатқасын.
Кәрі-жасы жағалап,
Сиынып жүрсе аралап,
Кесенелердің қақпасын.
Нұрәлі дейтін немелер,
Пайғамбармын деп шатқасын.
Мектепте оқитын қыздардың,
Аяғы ауырлап жатқасын.
Айбоздары Алаштың,
Қай жаққа бұрдың ат басын.
Қазақты азып-тозудан,
Құдайым өзі сақтасын!

Қызылорда деп жылаймын,
Тартылған теңіз сулары.
Гептилінен жер қурады.
Удан жаман ураны,
Даламның бетін улады.
Адамның көнгіш қу жаны.
Байқоңырым болып тұр,
Ресейдің тулағы
Сол жайлы ойландыма екен?
Кебеже қарын, кең құрсақ,
Биліктің бөспе қулары.
Тәуелсіздігім туса да,
Тәубелі күнiм тумады.

Алматы деп жылаймын,
Көріңгенімен сүйкімді,
Көңілді тербеп күй түрлі,
Күнде жиын митингі.
Тун болса жері жұлқынып,
Қашыратын ұйқыңды.
Алматыны бір кезде,
Алма бағы дейтінді.
Ұжұмақтың жемісін,
Сенен ғана житінді.
Орынына ордалы,
Байлар соққан үй тұрды.
Тауға барсаң түріктер,
Қырға барсаң қытайлар,
Сығып жатыр битіңді.
Байрағы жоқ біреулер,
Шекерадан кіріп ап,
Шығармасын итінді.
Абай бол Қазақ баласы,
Тәуелсіздіктің жолында,
Қаншама бастар үйтілді...

Атырау деп жылаймын,
Елмен бір омір сүрмеген.
Маxамбеттің кезінде,
Қазаққа ешкім күлмеген.
Туыңнан бөлек адамдар,
Туырлығыңды тілмеген.
Ал қазір сақтанған дұрыс,
Сырттан келген кірмеден.
Бірі былыққан дінменен.
Бірі былыққан жынменен.
Мұнайыңды бұрғылап,
Маңдайыңнан ұрғылап,
Жігеріңді құм деген,
Жібегіңді жүндеген.
Ұлдарыңды құл деген,
Қыздарыңды күң деген.
Абай бол қазақ баласы,
Итпенен бирге ұйықтаған,
Бірге оянады бүргемен.
Қарқарам алтын қарным аш
Қайда барып күн көрем?!

Ақтөбе деп жылаймын,
сөзіме құлақ салыңдар.
Шағылып жатқан тауым бар,
Талауға түскен малым бар,
Атылып жатқан ерім бар,
Сатылып жатқан арым бар.
Қасқалдақтай қаным бар!
Бас бармақтай бағым бар!
Ұшырып адам демесең,
4 құбылаңды тіреген,
Арақ зауытты жабыңдар.
Аузынан Алла түспеген,
Қымыздан басқа ішпеген,
Кешегі қайда нар ұлдар?
Ханшаларменен xанымдар.
Жыламаганда қайтесің,
Басқарып отса жұртымды,
Ғалымдар кетіп залымдар,
Дарындар кетіп қарындар.

Маңғыстау деп жылаймын,
Тұлпары кетпес кермеден.
Бекет атам жатқан жер,
Шырағы діннің сөнбеген.
Батыстың былғап айдынын,
Каспидің сорып байлығын,
Кәсіп қып алған май мұрын,
Көк аттылар жүр көлденең.
Қайранда менің қазекем,
Балықшының ұлындай,
Теңізде жүріп шөлдеген.
Жанөзен жатыр жанында,
Шыңғыртып отқа салса да,
Шықпаған жаны кеудеден.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де,
Қабағын шытып көрмеген.
Кіші жүзім аман бол,
Арысы өліп кетсе де,
Намысы бойда сөнбеген.

Астана деп күлемін,
Сөзі де нұр,әні нұр,
Әні түгіл тәні нұр,
Тәні түгіл жаны нұр,
Жаны түгіл xаны Нұр!
Астанада бәрі жүр,
Қазанатымның қасында,
Қаба жалды жабы жүр.
Азаматымның қасында,
Азған ұры-қары жүр.
Карольге сенген дамы жүр.
Алтылықтың жағдайы,
Тұз көзірге бәрібір.
Суық қала болғанмен,
Сарыарқамның сәні бұл.
Қазақ аман болса екен,
Жаны бөлек, Қаны бір!

Құмай да, құмай,құмай күн!
Құлдилап төмен құлаймын.
Күйбеңмен өткен күндерге,
Күлкімді беріп мұңайдым.
Жартыкеш тілім зарланған,
Обалын кімнен сұраймын.
Дінімнің діңі шайқалған,
дәріс ап жүрміз шайтаннан,
Құдайға қайтіп ұнаймын?!
Шашылған елдің тарыдай,
Шаңырағын қайтіп құраймын?!
Кетігі кеткен дүниенің,
Тетігін қалай бұраймын?!
Адасып бара жатырмыз,
Аманында күн-айдың.
Ері намысын таптаған,
Елі арысын жоқтаған
Қызтекелері қаптаған,
Аруы ардан аттаған,
Не заман болды ақтабан?
Арылар ма екен бұ қайғым?
Көк байрағымды құшақтап,
Қазақтығым деп жылаймын.
Азаттығым деп жылаймын!

Аспанбек Шұғатаев

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар