Дәрігерлерге беймәлім, түсініксіз дерт бұрын уран өндіретін шахтаның маңында орналасқан ауыл тұрғындарын жайлап барады. Өткен аптада, дәрігерлер «энцефалопатия» деп атап жүрген белгісіз дерттің белгілері бар тағы бес адам ауруханаға жатқызылды. Олардың екеуі балалар. Ақмола облысы Есіл ауданына қарасты Калачи ауылында бұрын болмаған, ұйқышылдық, ұмытшақтық, әлсіздік симптомы бар белгісіз ауру пайда болды. Оның нақты диагнозы да, себебі де, емі де әлі нақты анықталған жоқ. Аты да белгісіз, жұрт оны «ұйқы ауруы» деп атап жүр. Ұйқы ауруына шалдыққандардың саны бүгінде қырықты шамалап қалды. Калачи ауылының тұрғындары былтырғы көктемде жаппай медициналық тексеруден өткізілген, ұйқы ауруының белгілері тұрғындардың барлығынан дерлік байқалған. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың пікірінше, Калачи ауылының тұрғындары шалдыққан энцефалопатия ауруының белгілері бұл жердегі эпидемиологиялық жағдаймен байланысты емес деп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл маңдағы радиологиялық жағдай қалыпты көрінеді. Шындығында да бұл ауыл 60-80 жылдары уран кені өндірілген аймаққа орналасқан. Қазақстандық бақылау органдары ол жерде бірқатар зерттеулер жасады, бірақ олар ураннан келетін ешқандай кеселді тапқан жоқ. Алайда бұл аумақта радонның көрсеткіші жоғары екені белгілі болды. – Бұл жерде бұрын уран шахталары болғандықтан біз радиациялық бағытта зерттеулер жүргіздік. Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» зертханаларына (су құбырының -1 сынамасы, жертөледен – 4 сынама топырақ, 29 науқас адамдардан биологиялық материалдар сынамасы: шаш, тырнақ, түкірік және кіші дәреттер) жеткізіліп, зерттеулер жүргізілді. Зертханалық тексерулер негізінен радиологиялық, санитарлық-химиялық, токсикологиялық көрсеткіштерге бағытталып жүргізілді. Әкелінген материалдар радиология, санитарлық-химиялық және токсикологиялық зертханаларда, заманауи қондырғыларда зерттелді, атап айтқанда радионуклидтердің, радионуклидтегі альфа-бета бірлескен жиынтығы, топырақтағы қорғасын, мыс, кадмий, цинк сияқты токсикологиялық элементтер, шаш, тырнақтардан қорғасын,мырыш, сынап сияқты ауыр металдардың бар-жоғы тексерілді, зертханалық қорытынды бойынша аталған элементтер мөлшерден ауытқыған жоқ. Барлық зерттелген 47 материалда хлорорганикалық заттар, полихлорлы дифенилдер анықталған жоқ, - дейді Қазақстан Республикасы тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің «санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының» директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Шалғынбай Өтегенұлы Жандосов. Сонымен белгісіз аурудың қайдан шыққаны, оны не қоздыратыны әзірге белгісіз болып отыр. Облыстық медицина басқармасы қолынан келгеннің бәрін істеп жатыр, бірақ дерттің түп-тамырын зерттеу-ге шамалары жоқ. Қарағанды мен Семей ғылыми институттары мұны қолға алайын десе – жергілікті бюджеттің қаржысы көтермейді. Сондықтан бұлар шарасыз болып отыр. Егер аздап ақша бөлінсе аурудың себебі анықталар еді, одан кейін оған ем табылар еді. Қаржының бөлінуіне қарамай-ақ Қарағанды еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу орталығының Радиациялық медицина және эколо-гия институты бұл түсініксіз ауруды зерттеп көрмекші болған. Алайда Қазақстанда сирек кездесетін радиоктивтік элементтерге нейтрондық-активтендірілген сараптама жасауға лайықтандырып заңдастырылған зертхана болмағандықтан толықтай зерттей алмапты.
Осылайша біздің Радиациалық медицина орталығы және Экология ғылыми-зерттеу институты өзара ғылыми қарым-қатынас жасайтын Томск ұлттық ғылыми-зерттеу политехникалық университетінің Геоэкология және геохимия кафедрасынан көмек сұрапты. Енді ұйқы ауруының себептерін анықтау бойынша зерттеулерді Томск ұлттық ғылыми-зерттеу политехникалық университеттің профессоры Леонид Рихванов басшылығымен ресейлік ғалымдар жүргізетін болыпты. Олар қар кетіп, күн жылынған соң жұмысқа кіріспекші. Профессор Леонид Рихвановтың мәлімдеуінше, қазақстандық мамандар медико-биологиялық зерттеулерді жүргізеді, ресейлік ғалымдар даладағы материалдарды зерттейді, радиациалық жағдай бойынша қорытынды шығарады және талдау жасауға көмектеседі. Оның пікірінше, кешенді талдау жүргізу арқылы ауруға жаппай шалдығудың себебін анықтауға болады екен. Ресейлік ғалымдар міндетті түрде жүргізілетін жұмыстардың жоспарына осы аумақта уранның, ауыр металдардың, әртүрлі химиялық элементтердің бар-жоғын зерттеуді кіргізіп отыр. Ол үшін нейтронды белсендіру тәсілі қолданылады.
Қайыржан Төрежан
"Айқын" газеті