Абайдың балалық шағы үлкен анимациялық жобаға арқау болмақ

/uploads/thumbnail/20170708224128618_small.jpg

Қазақтың бір туар ұлы, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының балалық шағы 104 сериялы 3D форматындағы анимациялық фильмге арқау болмақ, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Бұл туралы жоба продюсері, «Абай жолы» компаниясының президенті Ғұсыман Қажытайұлы айтып берді.

ҚХР Үрімжі қаласында орналасқан «Абай жолы» компаниясы осы жобамен 2 жылдан бері айналысып жатқан көрінеді. Ғ. Қажытайұлы уақыттың көп бөлігі дайындық жұмыстарына, сценарий мен пысықтау жұмыстарына кеткенін айтады.

«Алғаш рет айналысып жатқан жоба болғандықтан екі жылдай уақыт алғашқы екі серияны әзірлеу мен сценарийді пысықтауға кетті. Фильм сценарийін қазақстандық сценаристер, Жайлыбай Жанат, Халиолла Рамазан, Бақытжан Құлжабайұлы мен Қытайдағы қандасымыз Қасиет Сақиолла жазып жатыр. Сценарий, бейнелеу жұмыстарына ақыл-кеңес беретін кеңесшілеріміз бар. Мәдениет, дәстүр мәселесінде этнографтардың көмегіне жүгінеміз», - дейді Ғұсыман Қажытайұлы.

Жоба продюсерінің айтуынша, анимациялық фильм сериялары кезең-кезеңмен әзірленбек. Биылғы жылы жобаның 15-20 сериясын тамамдау жоспарлануда.

«Жобадағы негізгі мақсат – сапаға мән беру. Бұл фильм кейінгі қазақ анимациялық фильмдеріне үлгі болатын, 3D форматындағы анимациялық фильмдерді әзірлеудің стандартына айналуы тиіс. Осы себептерге байланысты біз дайындық, пысықтау жұмыстарына көп айналдық. Әрбір қимыл, секундттық қозғалыстары бейнелеуге қыруар еңбек кететінін білесіздер. Ендігі кезеңде біршама қарқынды жұмыс істейміз деп отырмыз. Жыл соңына дейін 15-20 серияны дайындау ойымызда бар», - дейді Ғ. Қажытайұлы.

Көп сериялы анимациялық жобаға Абай Құнанбайұлының балалық шағы, дана Абайдың бала бейнесі арқау болмақ. Көрермендерді бала Абайдың ақылдылығы, тапқырлығы мен шешендігі арқылы тәрбиелеу, фильм барысында қандай да қиындықтардан ерекше ақылдылығы мен тапқырлығы арқасында жол таба білетін Абайды үлгі ету – басты мақсат.

«Абайды білмейтін қазақ жоқ. Осы күнге дейін біз «Абай жолы» бастаған шығармалар арқылы ақынымыздың бозбала шағы, өмірінің ақыл тоқтатқан, толысқан, ел ағасы болған кезеңдерімен таныссақ, мына анимациялық жобада Абайдың 8 жасқа дейінгі өмірі суреттеледі. «Абай жолында» аталатын кейіпкерлер мен дана ақынымыздың туыстарының, достары мен жақындарының аттары, жер-су атаулары өзгертілмейді. Барлығы сол күйінде сақталады», - деген жоба жетекшісі анимациялық фильм тиімді тәрбие құралы ғана емес, бірнеше тілге аударылып, үлкен табыс көзіне айналатынына да сенімді.

«Егер осы жобаны бірнеше тілге аударып, Астанамызда өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсынсақ үлкен оқиға болған болар еді. Әлем қазақты мұнай мен металдан, газ бен көмірдег басқа, тағы бір қырынан танылар еді», - деген Ғ. Қажытайұлы анимациялық фильмді жақын болашақта Қытайдың ең ірі CCTV телекомпаниясының балалар арнасынан көрсетуге әзірлік жасап жатқандарын айтты. Анимациялық фильмнің сапасы мен техникалық сипаттамалары телеарнаның қоятын негізгі талаптарына толықтай сай келеді екен. Қытайда CCTV-дан басқа қаншама телеарна барын ескерсек, бұл бастаманың болашағының зор екенін пайымдау қиын емес. Осылайша анимациялық фильмнің әзір болған алғашқы 20 сериясын бір уақытта бірнеше елде көрсетуді мақсат етіп отыр жоба авторлары.

Қытайда жүріп қазақ руханиятына қамқорлық танытып жүрген Ғұсыман Қажытайұлы Қазақстанмен байланыс мәселесіне де ерекше мән беру керек деп санайды. Алматы кәсіпкерлер қауымдастығы ұйымдастырған басқосуға арнайы келген ол қазақстандық фильмдердің прокатына қатысты да тың ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, қазақ киногерлері түсірген фильмдерді шет тілдеріне аударып, халықаралық прокатқа шығаруды қолға алу керек. Бұл істе Қытай нарығына еркін кіріп, мәдени өнімдерді саудалауға болатынын айтып отыр.

«Қытайда мәдени өнімдердің нарығы үлкен. Әлемнің көптеген елдері айналасына киносымен, мультфильмдерімен, басқа да мәдени өнімдерімен танылуда. Танылып қана қоймай пайдаға кенелуде. Біз де қазіргідей мәдениет тұтынушы қалпымызда қалмай, мәдениет таратушы елге айналуды мақсат етуіміз қажет», - дейді Ғұсыман Қажытайұлы.

Продюсердің бұған дейін сауда, экономикалық салада байланыс орнатып, тек шикізат пен тауар тасымалын ғана жүзеге асырып келген Қазақстан мен Қытай арасында жақын болашақта мәдени байланыстардың да жаңа белеске шығарына сенімі зор. Қос тарап та осы мақсатта бірлесе жұмыс істеуге мүдделі деп отыр.

Дархан Мұқантегі

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар