Ақпан айының басында жол ақысын төлеуден бас тартқан екі жолаушы соққыға жығып, бір көзінен айрылды делінген автобус жүргізушісі полицияға жалған мәлімет берген, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Аталған іс бойынша ҚК 293-бабымен тергеу басталғанын хабарлағанбыз. Тергеу барысында жәбірленуші белгісіз екі ер кісі ұрып кетті деген болатын. Соққыға жығу себебін жүргізуші белгіленген тәртіппен жол ақысын төлеуден бас тарту деп түсіндірген еді.
Аталған қылмысты тергеу бойынша құрылған топ жәбірленушінің жалған мәлімет бергенін және тергеуді басынан бастап басқа бағытқа бұрып жібергенін анықтады. Шын мәнінде жәбірленушіні өзінің туған жиені соққыға жыққан», - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Тергеу барысында жүргізушіні 33 жастағы туысы материалдық келіспеушілік салдарынан соққыға жыққаны анықталған. Күдікті нағашысының оған ірі көлемде ақша қарыз болғанын айтқан.
Сондай-ақ, ІІД баспасөз қызметі мәселенің мән-жайы анықталған соң жәбірленушінің өзіне қол жұмсаған туысын жауапкершілікке тартпау туралы өтініш бергенін хабарлайды.
«Жақын күндері осы оқиға бойынша процессуалдық шешім қабылданып, арызданушының әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», - дейді Медеу аудандық ІІБ бастығы полиция полковнигі Ерлан Оралбеков.
Бұған дейін біз аталған жүргізушінің денсаулығына келтірілген зиян үшін «Оңай» электронды билеттендіру жүйесін енгізген компаниядан 5 миллион теңге өтемақы талап еткенін жазған болатынбыз.
Пікір қалдыру