Қырғызстанның президенті Алмазбек Атамбаев келер жылы қызметтен кететінін мәлімдеді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Ойнет сайтына сілтеме жасап.
Өткен аптада Бішкекте өткен сенбілікке қатысқан ол көпшілікпен бірге топырақ қопсытып, көшеттерді суарды. Президент сенбілікке жиналғандарға бұл кәсіпті өте жақсы көретінін айтып, ағынан жарылған.
--Жерді баптап, суару менің дүниедегі ең жақсы көретін жұмысым. Шөліркеп тұрған жерді суару, жердің суды ішкенін сезіну ғанибет іс. Ертеңіне сарғыш тартқан шөптердің көгере бастағанын көргенде ләззат аласың. Менің қазіргі жұмысым зор қажыр-қайратты қажет етеді. Өкінішке қарай, ол жемісін де бірден бере қоймайды. Дегенмен жағымды өзгеріс бар деп ойлаймын, әсіресе энергия саласында. Келер жылдың көктемінде бұл қызметтен кеткен соң мен көшет отырғызып, оларды суарумен айналысатын боламын деп үміттенемін. Қазір бұған уақыт жоқ,--деді президент.
Алмазбек Атамбаев Қырғызстанның президенті болып 2011 жылдың қазанында сайланған.
Пікір қалдыру