СЕРІК АХМЕТОВ ЖАЗАСЫН АТАҚТЫ ҚАРАБАС КОЛОНИЯСЫНДА ӨТЕЙДІ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170708232438201_small.jpg

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылған Серік Ахметов Қарағанды облысы Қарабас елді мекеніндегі ел арасында «КарЛаг қақпасы» аталып кеткен АК 159/18 түзеу мекемесіне этаппен жіберілді, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ratel.kz – ке сілтеме жасап.

Қарағанды облыстық қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық коллегиясының Серік Ахметовтың жазасын он жылдан сегіз жылға қысқарту, жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеу туралы үкімі күшіне енген соң, оның тергеу изоляторында бұдан ары жату мүмкіндігі жойылған еді. 

Ахметовтың қай түзеу мекемесіне жіберілгенін оның адвокаты Георгий Матвиенков хабарлаған.

«Біздің қорғауымызда болған Ахметов сейсенбі күні Қарабас колониясына ауыстырылды», - деген Г. Матвиенков.

Аталған елді мекендегі түзеу мекемесіндегі жағдайға байланысты сотталғандар мен олардың туыстары тарапынан түскен шағымдардың көптігіне қарамастан Ахметовтың адвокаттары бұл шешімге қанағаттанатындықтарын айтыпты. Тіпті, Матвиенков үкім оқыла салысымен Ахметовке өзін Қарабас колониясына жіберу туралы өтініш жазуға кеңес бергенін айтқан.

ІІМ-нің Қарағанды облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті Серік Ахметовтың қай түзеу мекемесіне жіберілгені туралы ақпарат беруден бас тартқан.

Қарағанды облысы Қарабас елді мекеніндегі АК 159/18 түзеу мекемесі ел арасында «ҚарЛаг қақпасы» деген атқа ие. Бұл колония өңірдегі ең көне түзеу мекемесі саналады. Сталиндік қуғын-сүргін кезінде мұнда Кеңес Одағының әр аймағынан жер аударылғандар мен қамауға алынғандар жазасын өтеген. Қазірдің өзінде мұнда 1000 шақты адамжазасын өтеуде.

«Бұл түзеу мекемесіне «қонақ» болған танымал тұлғалар бір ғана Серік Ахметов емес. Бұдан бұрын мұнда «ВалютТранзит банкінің» қожайыны Айтбақы Біләлов жазасын өтесе, қазір осы жерде судьяға оқ жаудырып, істі болған қарағандылық адвокат Евгений Танков қамауда отыр», - деп жазады ratel.kz.

Аталған түзеу мекемесіндегі ұстау режимі мен мекеме әкімшілігінің қызметіне қатысты пікірлер әр түрлі. Бір жылдары осы колонияда жазасын өтеушілер мен олардың туыстары мекеме әкімшілігін жазасын өтеушілерді соққыға жығуда деп айыптаған болатын.

Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын Қарабастағы түзеу мекемесі ерекше мәртебеге ие сотталғандар отыратын «ВИП колония» болады деген де хабар тараған еді.

 

Қатысты Мақалалар