Қазақ – қашаннан жауынгер халық. Қайсарлық иесі. Қанда бар осы қасиет қазақтың баласына әлі күнге тыныштық тапқызбайды. Бірі палуан, бірі боксшы дегендей спортың жекпе-жек түрлерінің қай-қайсысынан болмасын озық шығып жүр. Қазақтың осы бір ұлы қасиетін әлемге паш етіп, төрткүл дүниені мойындатып жүрген батыр ұлдарымыз да жетерлік. Сондай ұлдарымыздың бірі – біз сөз еткелі отырған Қытайдағы қазақ қандастарымыздың арасынан шыққан кәсіпқой боксшы Асхат Қуанышұлы. Кәсіпқой боксшы арғы беттегі қазақ арасында күннен-күнге зор бедел иеленуде. Әр кездесуде бар қазақ бір қазақ болып тақымын қысып, жанкүйерлік танытады. Әр бәйгеден оралғанда Үрімжілік атқа мінер азаматтар ат мінгізіп, шапан жауып, лайықты сый-құрметін жасауда. Қазақ халқының атын шығарып жүрген бауырымыз, Қанат Исламдай жұмыр жұдырықты ағаларының жолын қуған Асхат «Қамшы» ақпараттық порталына өз жеңістерімен бөлісіп, сұхбат берді:
- Асхат, біз сені ең әуелі осы жолғы үлкен жеңісіңмен құттықтаймыз! Алдағы уақытта әлі талай осы сияқты шыңдарды бағындырып, биіктерден көріне бер дегіміз келеді! Және осы жерде өзің туралы, осы жолғы жарысың мен жеңісің туралы қысқаша баяндап берсең.
-Рахмет аға! Ал мен енді осы жолғы сайыс туралы айта кетер болсам, осы жолғы жекпе-жекке шыққан қарсыласым нағыз спорт шебері ретінде әлдеқашан танылып, талай жеңістерге жеткен, әбден ысылған Бота деген боксшы болды. Өзі ірі денелі, бойы 2 метрдей жоян боксшы екен. Спортқа келгеніне бірталай уақыт болған көне боксшы Марк Тайсон, Холифилд сынды бокс майталмандарымен кездесу өткізген көрінеді. Спорт майданынан біржолата кетпей тұрғанында жекпе- жекке шығып,бәсекеге түскенім бағым деп ойлаймын. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Жалпы алғанда жақсы жекпе-жек, жақсы жеңіс болды.

-Бұл жеңісіңді қәсіпқой бокстағы алғашқы жеңісің деп естідік. Бұл рас па?
-Иә. Кәсіпқой боксшы ретінде қалыптасып келе жатқаным енді ғана десем де болады. Жақын арада Қытай қазақтарының спорттық ұйымы саналатын «Kunlun fight» ұйымымен келісімшартқа отырғанмын. Ол ұйым көптеген спорт түрлері бойынша басшылық жасайды. Оның ішінде Ардақ Назаров бастаған жігіттер де кәсіпқой боксты жақсылап қолға алған.
- Ендігі сауал өмір жолың мен спортқа алғаш келуіңе байланысты болмақ. Сол төңірегінде айта кетсең.
- Мен 1989 жылы 26 наурызда Шәуешек қаласы, Шәші ауылында дүниеге келдім. Мектептегі оқуымды тәмәмдағаннан кейін 2003 жылы Шәуешек қаласындағы спорт мектебінен бір жыл,Үрімжі қаласында ары қарай жалғастырып екі жыл білім алдым.
2007-2012 жылдар аралығында Шинь-Жияң ұлттық командасының құрамында болдым. Сол команда құрамында жүріп көптеген жарыстарда, халықаралық деңгейдегі додаларда бақ сынап, жеңістерге қол жеткіздім. Мемлекеттік «Спорт шебері» атағын иелендім.
2007 жылы үлкен деңгейдегі бір додада Бақтияр Артаевпен шығып, жеңіліс таптым. Бірақ тәжірибием аз бола тұра олимпиада чемпионына қарсылас болғаным мен үшін үлкен мақтаныш болды. Содан кейін де біраз ел танып, біраз биіктерден көріндім.

2012 жылы командадан кеттім. Жақсы естеліктер мен қунышты сәттер көп болды. 2013 жылдан бастап кәсіпқой боксқа бет бұрдым.
-Осы жолы алған кәсіпқой бокстағы алғашқы жүлдең елді біраз дүрліктірді. Негізінен бұл тұңғыш жеңісің бе?
-Жоқ бұл алғашқы жеңісім емес. Бұған дейін 2013 жылы Америкада өткен кездесулердің бірінде рингке шығып, жүлделі орын алғаным бар. Одан да басқа ірілі- ұсақты кездесулерім тағы бар. Жалпы осы уақытқа дейін 13 кездесу өткізіп,оның 11-і женіспен аяқталды. Оның 6 –уы нокаут болды.
-Асхат, жеңісің тағы да құтты болсын!Осы жерде болашақ жоспарың мен еліңе деген тілегіңді айта кетсең,сонымен біз де сұхбатымызды аяқтасақ.
- Рахмет! Осындай іргелі жарыстардың жүлделі орындарын қанжығама байлап жүргенім ең алдымен өзімнің тәрбиешілеріме, жаттықтырушыма байланысты дер едім. Сонымен қатар мені ел - жұртқа таныстырып, жеңісті сәттерімді айта жүретін ұйымдастырушылар болғандықтан, үлкен алғысымды сол кісілерге білдіремін. Алдағы уақыттағы армандарым да сол спорт додаларында биіктерден көріну. Әлемнің ең мықты деген боксшыларымен майданға шығу, ауыр салмақтағы,яғни 100 кг.-дық көрсеткіші бар спортшылармен қолғап қағыстыру. Және осы спорт түрін барынша насихаттап, тамаша нәтижелерге қол жеткізу.

Сондай-ақ менің осылай шалқып-тасып жүргенімнің өзі елімнің арқасы екенін жақсы білемін. Елім болмаса, қазағым болмаса мен ешкім емес едім. Сондықтан әрқашан қолдау көрсетіп отыратын еліме ризашылығым шексіз. Қазақтың бір баласы мені танып, мақтан етіп жүрсе, содан асқан бақыт бар ма?!Елім аман, жұртым тыныш болса деймін! Қазағым көтеріле берсін! Өркендей берсін!
- Ой, бәрекелді! Айтқаның келсін! Сұхбатыңа рахмет! Сәттілік тілейміз!
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай