Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша, жалпы алғанда 200-ден астам қазақстандық Ислам мемлекеті жауынгерлері (ДАИШ) жағында соғысып жатыр. Бұл туралы еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеп отыр, - деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
«Қазақстан азаматтарының халықаралық лаңкестік ұйымдардың жағында ұрыс қимылдарына отбасы мүшелерімен қатысып жатқан 200-ден астам адам саны белгілі» деп жауап берген ҰҚК informburo.kz сауалына.
Сонымен қатар, Комитет 2016 жылдың наурыз айында елдің жоғарғы басшылығына қоқан-лоққы көрсетіп, қазақстандықтарға видеожолдау жасаған адамдардың жеке басына қатысты мәліметтерді анықтау мүмкін екендігін хабарлаған.
«2016 жылдың наурыз айында Интернетте бейнеролик тарағанын хабарлаған болатынбыз. Роликтегі бірінші ер адам ҚР азаматы Мауленов Марат Амангелдіұлы 1971 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Содырлар лагеріне 2015 жылдың тамызында жұбайы мен 6 баласын алып кеткен. Екіншісі 1981 жылы туған Ресей азаматы Жұмабеков Ринат Қадыржанұлы. Ол да ДАИШ мүшесі болып табылады» , - деп хабарлайды ҰҚК.
Сондай-ақ видеода көрінген екі азаматтың жеке басы анықталған. Олар Мауленовтың ұлдары Нұрдәулет Амангелді (1993 жылы туған) және Әли Амангелді (2010 жылы туған)
«Жоғарыдағы қылмыстық істі тергеуде Қазақстан азаматтарына халықаралық қолданыстағы заңнамаға сәйкес іс қозғалды. Жарияланған тізім бойынша Қазақтан азаматтарын елге қайтару мәселесі қаралатын болады», - делінген ҰҚК мәлімдемесінде.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан бүтін бір отбасының Сирияға аттанып кеткенін жазған болатынбыз.