Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІҮ сессиясы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Президент ел арасындағы жер учаскелерін шетелдіктер иеленіп кетеді деген сыбыстың шындыққа жанаспайтынына назар аудартты.
«Соңғы уақытта жер мәселесіне ерекше назар аударылуда. Қазақстандықтар арасында жер шет ел азаматтарына сатылады деген жалған ақпарат тарауда. Ауылшаруашылық жерлерін шетел азаматтары мен компанияларына сату туралы мәселе жоқ, ондай мәселе қарастырылмайды да. Бұл тақырыптағы спекуляциялардың біреуі де негізсіз, арандатушылар анықталып ел заңдарына сай жауапқа тартылатын болады. Тіпті, бізден жер алған ЖШС шетелдік инвестор тартып, оларға өз акциясын беретін болса, онда ол жер қайтадан арендаға өтеді. Мәселе фермерлерге меншік иелену, жер иелену мүмкіндігін беруде болып отыр. Біз бұған дейін жерді жалға алу мерзімі 10 жыл болғанын айттық. Бірақ, бұл уақыт ішінде шетелдік инвесторлардың ешқайсысы салған ақшаларын қайтара алмайды. Сондықтан біз аренда мерзімін 25 жылға ұзарттық. Салыстыратын болсақ, Ресейді бұл мерзім 49 жыл, БАӘ-де – 99 жыл, Еуропада – 49, 59, 99 жылды құрайды. Бұдан сонша не жамандық көрдіңіздер? Шулап жүргендер қырманда жұмыс істейтіндер емес, ауылшаруашылығынан мүлдем хабарсыз, ол жерлердің қайда орналасқанын да білмейтіндер!», - деді Н. Назарбаев.
Кеше Елбасы осы мәселеге қатысты сөз қозғап, елдің Бас прокуратурасына жерге қатысты заңнамаларды дұрыс түсіндіру туралы тапсырма қойған болатын.