Хасантану Жаңақорғаннан басталды

/uploads/thumbnail/20170709003829208_small.jpg

Есімі елге ғана емес, Еуропаға әйгілі, еңбегі ерлікке пара-пар Хасан Оралтайдың өмірі мен шығармашылығына арналған  «Хасан Оралтай – алашшыл қайраткер» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференция 2016 жылдың 14 сәуірінде Қызылорда облысы,  Жаңақорған өңірінде өмірден өткеніне алты жыл толған күні аталып өтті.

Алқалы басқосу жиынына Германияның Мюнхен қаласынан Хасан Оралтайдың ұлы Бөгенбай, күйеу баласы  Смайыл Сәбихан арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ Түркиядан Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінде қызмет істейтін ғалым Әбдіуақап Қара, Алматыдан тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлы, белгілі жазушы Смағұл Елубай, кезінде «Азаттық» радиосының Қазақстандағы бюро жетекшісі болған Саясат Бейісбай, Хасан ағаның туысы, қайраткердің мұраларын жинақтап, насихаттаушы  Әбілбашар Ілиясұлы және Алматы мен Астана, Қызылорда қалаларынан бірқатар зиялы қауым өкілдері  арнайы келіп ойларын ортаға салды.

Түркі әлемінің танымал қоғам қайраткері, Еуропада өзінің алашшыл азамат екенін «Азаттық» радиосы арқылы таныта білген, Мұстафа Шоқай ісін жалғастырушы, әрі ізбасары Хасан Оралтайдың құрметіне «Кейден» ауылындағы № 208 орта мектепте арнайы сынып ашылды. Әрі осы ауылда  Хасекеңнің өзі 1992 жылы іргетасының қалануына себепші болған «Кейден» мешітінде қайраткер рухына Құран бағышталды.

Осыдан кейін  аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен халықаралық ғылыим-танымдық конференция өтіп, оны аудан әкімі  Руслан Рүстемов өзі ашып жүргізіп отырды. Жиынға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысып,  алашшыл қайраткер тұлғаның азаттық үшін күрес жолына, оның кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды істеріне тоқталды.

Осы арада атап айта кетер жәйт, Хасан Оралтайдың Еуропада жүрген айтулы қайраткер екенін еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізбей тұрып, сонау тоқсаныншы жылдардың басында-ақ «Азаттық»  радиосы арқылы танып білген көзі ашық азамат Аманкелді Есей Шымкент шаһарының іргесіндегі Тассай елді мекенінен Хасан Оралтай құрметіне соның есімімен көше бергізуге мұрындық болғанын еске салып өту парызымыз. Кейін Жаңақорған ауданынан да Хасан Оралтай мен Түркияның көрнекті қайраткер тұлғасы Алпарыслан Түркеш  есімдері берілген көше ашылғанына осы Аманкелді Есей мырзаның еңбегі зор. Сондай-ақ, осы ғылыми-танымдық конференцияны ұйымдастырып өткізуге үлкен септігін тигізген Хасекеңмен көзі тірісінде қоян-қолтық араласқан Алшынбай Тұртанұлы мырзалар болды. Осы екі азамат тәуелсіздік жылдарында Хасан Оралтайды  Германиядан бірнеше мәрте Жаңақорған өңіріне шақырып, жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Алаштың айтулы тұлғалары жөнінде сыр бөлісіп, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды әңгімелерін тыңдап, емен-жарқын сырласты. Алашшыл асыл қайраткерді елге танытты.

Жаңақорған ауданы әкімшілігі ғимаратының мәжіліс залына халық лық толды. Тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Нәбижан Мұқаметханұлы, жазушы Смағұл Елубай, Түркиядан келген тарихшы Әбдіуақап Қара, Хасекеңнің осы өңірдегі іні-досы болған Аманкелді Есей «Қазақ даласындағы  1931-33 жылдардағы зобалаң және Хасан Оралтай шығармашылығындағы ұлт көші», «Елім-айлап өткен өмір», «Мұстафа Шоқайдың ізбасары Хасан Оралтай», «Танымал тұлғаның шығармашылығындағы тарихи шындық», «Халықаралық деңгейдегі ұлттық журналистиканың негізін қалаушы»  деген тақырыптарда баяндама жасалды.

Жиын соңында «Хасан Оралтай тағылымы» атты кітаптың тұсаукесері болды. Шағын еңбекте Хасекеңнің  ел тәуелсіздігі, азаттыққа байланысты өткір де үзік-үзік ойлары, тағылымды тұжырымдары жинақталған.

Хасекең батыс Германияның Мюнхен қаласында 28 жыл бойы «Азаттық» радиосындағы қазақ редакциясында қызмет етті. Өзінің бар мақсат-мүддесін қазақ елінің тәуелсіздігі мен дербестігі жолына арнады. Ал «Азаттық» радиосы  қазақ  елінің  тәуелсіздігі үшін  ақпапат айдынында жылдар бойы күресіп, ел тыңдауға қорқатын батыл пікірлерді әуе толқыны арқылы  бүкіл әлемге таратумен келген.

1995 жылдың басында Мюнхеннен Чехия астанасы Прага қаласына  көшкен «Азаттық» радиосын орналастыруға атсалысып, Қазақстаннан жаңадан  қызметке келген жігіттерге ең алдымен елдің мүддесіне жұмыс істеуді тапсырды, сол тұрғыда көп нәрсені үйретті. Сол жылы көкек айының 30- күні 63-ке толған Хасекең жаңа қызметкерлерді жинап алып, былай деді:

-Мен ертеңнен бастап зейнеткермін. Енді сендер қазақ елінің тәуелсіздігін баянды етуге қызмет етулерің керек. Сендерге айтар аманатым, жыл сайын Мұстафа Шоқайдың туған күні мен өмірден өзған күнінде арнайы хабар дайындап, оның халқына жасаған қызметін, азаттық үшін күрескенін, аңсаған арманын, іске асыра алмаған идеясын тыңдарманның құлағына жеткізіп, санасына құйып отырыңдар. Екіншы айтарым, Шығыс Түркістандағы Оспан батырдың ұлт-азаттық үшін күресін, елінің дербестігі үшін айқасып өткенін, қалай аюандықпен өлтірілгенін еске алып, сол датаға орай жыл сайын хабар беріп  тұрыңдар. Алашорда үкіметінің құрылған күнін ұмытпаңдар. Сондағы қазақ мемлекетін құрып, соның қалыптасуына жанын сала күрескен Әлихан Бөкейханұлы бастаған қайраткерлерді еске алып отыру сендерге аманат. Жалпы, желтоқсан айы қазақ халқы үшін қасиетті күндерге толы. Желтоқсан көтерілісі, жастардың азаттық үшін бас көтеруі естеріңнен шыға қоймас. Осындай айтулы кезеңдерді «Азаттық» радиосы ешқашан назардан тыс қалдырмасын. Халқымыз үшін кез-келген маңызды оқиға, ұмытылмас тұлғалар ескерусіз қалмасын. Бұл келер ұрпаққа қажет. Менің соңғы аманатым, өтінішім осы» деген еді Хасекең Прагадағы жігіттермен қоштасып тұрып.

«Азаттық» радиосындағы  әрбір хабар, алынған сұхбаттар қазақ үшін қызмет етуі керек, соған бағышталсын. Американың «көк қағазын» алып, босқа жүрмей қазақтың тәуелсіздігі, елдің дербестігі мен азаттығы үшін  күресейік» деп айтудан танбайтын.  Мінеки, Алаштың айтулы азаматы Хасан Оралтай осындай ірі  тұлға еді.

Саясат БЕЙІСБАЙ

«Азаттық» радиосының 1991-2004 жылдар аралығындағы Қазақстандағы тілшісі.

Қатысты Мақалалар