"Ұлттардың өзара жақындасуы" дегенді кейбіреулер тек шағын ұлттардың орыстарға немесе қытайларға жақындасуы деп түсінетін сияқты. Қай ұлт өзінің тілін, дәстүрін ертерек жойып орыстану, қытайлану жолына түссе, оларша сол ұлт "жақындасуға, интернационалдануға" бет түзеген болып мадақталады. "Жақындасу" деген, ең алдымен КСРО-да орыспен, КХР-да қытаймен жақындасу, өзін өзі жойып жіберу жолындағы қасыретті күндерді жылап тұрып күтіп алуға зорлап көндіру деген сөз. Әділдігін, құдайшылдығын айтар болсақ, орыстар да, қытайлар да басқа халықтарға адалдықпен жақындасуы керек қой. Өңмеңдеген, озбырлана, өктемдікпен кимелей жақындаудан не шығады? қазіргі жағыдайда"Сен маған жақындасуға міндеттісің, ал мен саған жақындасуға міндетті емеспінді" ғана көріп отырмыз. Шынтуайтқа келгенде, сөз ойнатуды, саяси құйтырқылықты қайырып қойып, шындықтың бетіне тура қарай алсақ, зор, өктем билеуші ұлт пен бодан, кірме ұлттың арасында ешқашан да, еш жерде де теңдік болған емес, әрі болмайды да. тарихтың біз көріп- білген шындығы осы, қалғандарының бәрі- тек сұрқия насихаттық даңғаза ғана!