Кісі өліміне айыпты деп танылып, артынша өз басшылығының былықтарын әшкерелейтін хат жазған атыраулық экс-полицей 23 жылға сотталуы мүмкін. Бүгін мемлекеттік айыптаушы Өзбекстан азаматы Дмитрий Кимді айуандықпен өлтірген Манарбек Өтеуовке осындай жаза сұрады, -деп хабарлайды КТК арнасы.
Бұрынғы полиция лейтенантына қатысты сот процесі осыдан дәл 1 ай бұрын басталған. Өтеуов абақтыда қарап жатпай, өзін бұл қылмысқа басшыларының итермелегенін қағазға түсіріп жазған болатын. Қазір мамандандырылған прокуратура қызметкерлері сол хатқа қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Ал соты өтіп жатқан экс-полицейге Қылмыстық кодекстің 8 бабы бойынша айып тағылған. Оның ішінде қызмет бабын асыра пайдалану, адам өлтіру, тонау, қылмыстық істі ұйымдастыру секілді айыптаулар бар. Егер сот мемлекеттік айыптаушының сұраған мерзімін кессе, Өтеуов жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейді.
Рамазан Камел, мемлекеттік айыптаушы:
-Сотталушы Өтеуов Манарбекке өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқынан айырып, қылмыстық жолмен табылған мүлкін тәркілей отырып, полиция лейтенанты арнаулы шенінен айырып, 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, жаза өтеу орнын қатаң режимдегі түзеу колониясы деп белгілеуді сұраймын
Пікір қалдыру