Тіршілік көзінен тарықпас үшін суды амалсыз арнайы көлікпен үйлеріне тасып ішуге көшкен. Өйткені, қала билігі «Кеңсай» ықшамауданына әлі күнге су құбырын жүргізбепті, - деп хабарлайды КТК арнасы.
«Кеңсай» тұрғындары күнделікті тіршілігін су толтырудан бастайды. Таң атысымен бәрінің сарыла күтетіні су әкелетін машина. Тек, үйінде су құйып алатын ыдыс болмай қалса, ертеңге дейін сусыз отыруға мәжбүр.
Осы көлік болмаса, маңайдың бәрі тіршілік нәрін татудан қалады. Ауыр техниканың шлангасын ауласына сүйреп әкелу әсіресе, шал-шауқанға қиын. Бұған көршілер де үйренген. Су келгенде бәрі үйлерінен шығып, қарт кісілерге көмектесіп, молынан құйып алуға тырысады.
-Осы көшенің кәрісімін. Балаларым жұмыста. Су алу маған қалады. Әзір қартайдым. Шланганы көтеретін шамам жоқ, қысқасын айтқанда. Мына жастар жұмыс істейді. Бұлар жұмысқа кетіп қалса, водовоз келеді де бұлар ол күні су ала алмайды. Судың жетпеу себебі де сол, - дейді тұрғын Әкім Зейнахунов.
Мұндағы жұрт ауласында азын-аулақ жеміс-жидек өсіру дегенді де ұмытқан. Тек, күнделікті шәй-суы мен ыдыс-аяғына әзер жеткізіп отырады. Айтуларынша, тұрғындардың осылай қиналып жүргендеріне 40 жылдан асқан.
-73-жылдан бері тұрамын. Одан бері 43 жыл болды. Міне, содан бері водовозбен ғана су ішеміз. Орталық қала Алматының өзінде 21 ғасырда сусыз өмір сүру деген қандай қиын жағдай?! Әрине, кейбір кезде қыстың күні су келмей қалады, жетпей қалады, - дейді Райхан Нұрахметова.
Кеңсайлықтар шағымын айтып, қайта-қайта арыз жазса да әкімдіктегілерден әлі күнге қайыр болмапты. Отыз қаралы түтіннің қашанғы осылай отырары да белгісіз. Қырық жылдан бері қайыр көрсетпегендерден біз де бір жөнді жауап ала алмай қойдық.