«ҰРАНДАП ЖҮРІП ҰРЫНЫП ҚАЛМАЙЫҚ!»

/uploads/thumbnail/20170709005214032_small.jpg

Елді елеңдеткен ереуілге қатысты қос ақынның пікірі ортақ

Аманхан Әлімұлы:

Достарым, осы жаңа Есенғали досыма кірсем, назарларыңызға ұсынып отырған сөзді жазып, Тоқаш көкемізше айтқанда, «қатты қапаланып отыр» екен. Менің де көңіл күйімнің оңып тұрғаны шамалы еді. Өйткені, жер мәселесін өткен ғасырдың 1998 жылдары «Жас Алаш» газетінен бастап, басқа да БАҚ-да «КЕШЕ: «АДАМҒА ТАБЫН ЖЕР ЕНДІ! - ДЕСЕК, БҮГІН: САТАМЫН СЕНІ ЖЕР ЕНДІ! –ДЕЙМІЗ» деп жазғаныммен бірге, бір емес, осы тақылеттес бірнеше мақала жазған басым, бүгін, жастарды сабырлыққа шақырған сөзім үшін, есітпегенді есітіп, досыма көңілсіз күйде келген едім. Со кезде «ауызын суға толтырып» алғандар бүгінде өзгені қаралап, өзін асқақтатқысы келеді. Біз о кезде өзгені қаралап, өзгеге кінә артпай-ақ, айтарымызды айтып, жазатынымызды жазып жаттық. Өзгеге күйе жақпай, өзіміздің азаматтық ұстанымызды жеткіздік. Демократикалық ұстанымға қылау түсіргіміз келмеді. Сондықтан да, мен Есенғали достың осынау сөзіне толық қосыламын. Жастарымыз арандап, бірдеңеге ұрынып қалмау керек. От басып, опық жемесін! Оларды сабырлыққа шақырып, «ұзынқұлақтың, анау ананы айтыпты, мынау мынаны айтыпты, мынау мынаны істеп, анау ананы істепті, ана жерде анау болып жатыр, мына жерде мынау болып жатыр» деген қау-қуына ілесіп кетпеуіне, біз, үлкендер бәріміз де жауаптымыз. Ендеше, бұл мәселеде мен Есенғали жағындамын. Сосын, оның осы пікірін назарларыңызға ұсынып отырмын.

Есенғали Раушанов: 

– Міне, бір жұмадан асып барады,жер сатуға орай қазақ арасы абың - күбің . «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады» дейді ,ол рас. Бірақ, таспен бірге шөп - шалам, қоқыс- қалдықтар да шығатыны жасырын емес.Ұзынқұлақ деген бар,бүгінгінің ұзынқұлағы әлеуметтік желілер болып отыр.Әлеуметтік желі аяғыңды шешіп,тазаланып кіретін ғибадат үйі емес,ол Абай айтатын «көрінген ит кетеді бір бір сарып» мекенге айналып барады.
Мұндай толқымалы кезеңдерде Мұхаң, Мұхтар Омарханович айтатын «толыспаған толстойлар мен шала шекспирлердің» Құдайы беріп қалады.Сондайлардың бір тобы, тобы емес, тобыры тағы да бірсыпыра шығармашылық интеллегенцияға айтағын қосуда.Не әдебиетте ,не өмірде жолы болмаған бейшаралармен сөз жарыстырып керегі де жоқ. Американдықтардың «loser» дейтіндері осылар.Бұл оларға жауап емес.
Бірден бір нәрсенің басын ашып алайық.Менің, мына, Үкіметпен алты аласым,бес бересім жоқ. Мен өзімді бұл Үкіметке қарызбын деп есептемеймін.Елдің оған қарызы жоқ, керісінше ол елге қарыз. Демек мақсат билікті мақтау емес, біреулерді даттау да емес. Бізге ел арысының тыныштығы керек.
Жастар, шығармашылық жастар аға буыннан ақыл кеңес сұрайды. Әдебиеттің айналысында ағайындардың хабары бар,олардың жиі соғатын адамының бірі менмін. Біз,әлбетте қадари қалымызша дұрыс жол көрсетуге тырысамыз.Ол парыз.Жастардың өз тыңдайтын адамдары бар,олар аз емес. Бірақ, тыңдамайтын адамдары, тыңдайтындардан гөрі көбірек. Ресмилердің ойланатын кезі осы. Хемингуэйден қалды дейтін бір сөз бар,әлемнің қай түкпірне барсаң да бір бірінен аумайтын кәсіп иелері бар,олар көше сыпырушылар,таксистер,полицейлер,саясаткерлер және көше жезөкшелері деген.Классик тағы айтады, бұлардың ұқсас болатыны қай қайсының да өз заңдары бар және олар сізбен бізбен санаспайды деп .

Мен кеше ақыл сұрап келген жастарға көшеге шығып,көтеріліс бастаңдар демеген себебім (мен де соны айттым - А.Ә.), ең біріншісі, олардың амандығын ойладым. Шығыс шайырларынан қалған сөз «Сақтықпенен қорқақтықтың екеуі, белгілі ғой сырттан ұқсас екені»дейді. Егер, ел амандығын ойлай қорқақтық болса, онда сол тізімге мені де жазыңыз. Біз қазір таяқтан болса да қазақ жасап алғымыз келіп жүрген елміз. Қақтығыста,ал, қақтығыстың болғанын қалап отырғандар аз емес,міндетті түрде жастар зардап шегеді,ең бірінші таяқ соларға тиеді.Кеше Желтоқсанда да, Жаңаөзенде де, Ақтөбеде де солай болды. Полицияның өз заңы бар. Олар, әдетте «біз бұйрықты орындаймыз» дейді. Басқа сөз жоқ. Осындай кезде «өзі ура!» деп айқай салды, бірақ, окоптан шықпай қалды» демекші, жастарды айдап салып тығылып қалатын ағалары барын олар білмеуі мүмкін. Сондай «данышпандар» жастар арқылы өз есептерін түгендеп алады. Жастарда да жастар бар,біз оны да білеміз.Қуаныштысы инттеллектуалдық деңгейі ауыл мектебінің төңірегінде қалып қойған шала сауаттылырдан гөрі, шын мәніндегі мәдениетті талантты жастар көбірек. Біздің жанымыз екеуіне де ауырады, бірақ, соңғы топқа көбірек ашиды.

Сөз соңында айтарым, ресми билік шығармашылық инттелленгциямен, шығармашылық Одақтармен жұмыс істей алмай отырғанын ашық айтуымыз керек. Саясатта бос орын болмайды. Сіз бір жерді елеусіз қалдырыңызшы ,ол жерге ертең ақ әлдебіреулер отыра қалады.Әңгіме сол әлдебіреулікте болып отыр.Әлдебіреулік деген кездейсоқ адамдар,кәсіпқой емес адамдар деген сөз. Олар неғұрлым өктем сөйлесе соғұрлым өтімді сөйледім деп ойлайды. Неғұрлым Абай айтатын қара наданның сөзін айтса, соғұрлым ел қамын жеген есіл ер болып көріндім дейді. Неғұрлым қатты айқайласа батыр боп көріндім дейді. Неғұрлым мәдениетті кісілерге жексұрын болса қара тобырға соғұрым сүйкімдімін деп шешеді.

Көрдіңіз ғой, мен Жер сату туралы ештеңе айтпадым. Ол басқа әңгіме. Әрине, ол сатылмауға тиіс. Бұл сөзді екі жақ та айтып жатыр. Бірақ, көріп отырғаныңздай, халықпен сөйлесе алатын, халыққа айтқанын тыңдат алатын адамдардың жоқтығы,немесе аздығы көрініп тұр. Кешегі кемеңгер Кекілбаев жоқ, біреу ұнатар, біреу ұнатпас Мұхтар Мағауин алыста жатыр.
Ал, біздің отырысымыз мынау, ауыл арасының айтқышбек, айтқышгүлдерімен алысып.
Екі жақпыз. Екі ұдай күй кешіп отырмыз. Екеумізге де ойланатын кез келді. Ақын айтпақшы, «Айқасқадан түсші бір, батыр, айналып алды-артыңды көрші бір, батыр, ар жағын өзің білерсің» дегіміз келеді.

Қатысты Мақалалар