Ғалым Боқаш. Анекдот

/uploads/thumbnail/20170708151456593_small.jpg
Батыстың Украина мен Қырымға "араша түсіп", Ресейге салып жатқан "жойқын" санкциялары мен "қаһарлана" телефон соғуына қайран қалып отырып мына бір анекдот есіме түсіп кетті.

Баяғыда бір Дәу келе жатса, бір ағаштың қуысында өкіріп жылап отырған Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарысты көріп, жүрегі езіліп кетіпті. - Өй, Қырық қарыс әкем, кім тиісті-ей саған? Неге мұрның сынған, бір тісің қалмаған, сақалың күйген, көзің қып-қызыл, үсті-басың қан-қан? - деп гүжілдей сұрайды Дәу.

- Ақсарбас, ақсарбас, менің де күнім туды ма?! Дәу аға, мына жақта бір Айдаһар шықты. Жолға кесе-көлденең жатып алған. Үйіме қарай өткізбейді. Сәл жақындасам, құйрығымен салып қалады. Не аузынан от шашып күйдіреді. Шап беріп ұстап алып сойдиған тырнақтарымен тырналап ойнайды. Үсті-басымнан сау тамтық қалмады. Сабала-сабала аузымда жалғыз азуым қалды. Айналайын, Дәу-аға, араша түс! Құдай жіберді сені, Құдай! - деп зарлай жөнеледі әлгі. Дәу Қырық қарысты жетектеп алып, қабағын түйіп, ышқырын көтеріп, Айдаһарға жақындап барады да, айғай салады. - Әй, ұшатын жаман кесіртке, бері қара! Мына сорлыға енді әлімжеттік қылсаң бар ғой өз обалың өзіңе! Сөйтсе әлгі айдаһар бұған назар да аудармайды. Тісін шұқып жата береді. Ол аз болса құйрығының ұшымен Қырық қарыстың басынан салып қалады. - Әй, мынау қайтеді-ей?!!! Мен кіммен сөйлесіп тұрмын-ей?!!! Енді бар ғой, мына сорлыға тырнағыңның ұшын тигізсең бар ғой, біттім дей бер!!! Осы кезде Айдаһар Қырық қарысты құйрығымен тағы бір періп қалып, жалп еткізеді. - Әй, Айдаһар, сен өзі мені естіп тұрсың ба? Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе?!!! Иттің ғана баласы, мына Қырық қарыс - менің туысым! Ұқтың ба?!!! Осыдан бар ғой, тағы бір тиісіп көр, төрт аяғыңды көктен келтірем!!! Айдаһар Дәудің сөзін елең қылмай Қырық қарысты құйрығымен орай қысып, аспанға атып жібереді. - Ей, соңғы мәрте ескертем..., - дей берген Дәу жеңінен біреудің тартқанын сезеді. Қараса, жаңа ғана аспанннан жалп етіп құлап түскен Қырық қарыс екен. - Дәу аға, - деп қырылдай сөйлепті әлгі бейшара, - Дәу аға, қойшы, құрысын, ештеңе деп ескертпей-ақ қойшы. Одан да жалғыз азуым мен соңғы бір тұтам сақалым сақталып қалсын десең, манағы ағаштың қуысына қайта көтеріп апарып тасташы!

 

Қатысты Мақалалар