Гүлжан Қарақұсова: Жер мәселесінің ушығуына журналистер кінәлі

/uploads/thumbnail/20170709005415015_small.jpg

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарақұсова елде өршіп кеткен жер дауына журналистерді кінәлап отыр, - деп хабарлайды Qamshy.kz  Informburo.kz сайтына сілтеме жасап.

Депутат тілшілерге берген сұхбатында, «тілшілер әу баста контекст ішінен мәтінді бөліп алып, заңның мағынасын құбылтып берген» деп қалам иелерін кінәлайды.

"Қазір мәселенің мән-жайын анықтамай, контекст ішінен ойыңды бөліп алып, мағынасын өзгертіп беру сәнге айналды. Журналистер мықты сарапшы болуы керек. Мен мұны үнемі қайталап келемін. Сіздер, журналистер, талдауға сүйенулеріңіз керек, өйткені, ең соңғы сөзді халыққа жеткізетін сіздерсіздер. Жер мәселесіне қатысты жағдайды ешкім саралаған жоқ, контексттен қиып алып, өздеріне ыңғайлы етіп бере салды. Салдарынан шындыққа жанаспайтын пікірлер айтылып жатыр" дейді Қарақұсова.

Депутаттың айтуынша, елге инвестор тарту жұмысы 2013 жылдан бері қызу жүріп жатыр. Алайда әзірге нәтижесі көрінбеген.

"Қазір 2016 жыл. Бізге әлі инвестициясын көтеріп ешкім келген жоқ. Ауылшаруашылық жерлерінің тек 0,06 пайызын ғана шетелдіктер жалға алып отыр. Оның 2 пайызы қырғыздарда, 2 пайызы өзбектерде, қалған 2 пайызы еуропалық елдердің үлесінде" деп атап өтті мәжілісмен.

Айта кетейік, «даулы жерде жүретін» депутат Гүлжан Қарақұсова бұған дейін VI шақырылымындағы Парламент Мәжілісінің депутатттардың «Бейжің сарайы» қонақ үйінде тұруына байланысты пікірлерімен басы дауға қалған болатын. Бұл жолы журналистерді айыптаған депутат «жерімізді жалға аламыз деп кезекте тұрған шетелдік әзірге жоқ" екенін айтты. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар