Бейкүнә балапан (әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170709010452461_small.jpg

Өзі төрт жасқа толды ма, толмады ма... Бірақ жанарының ішіндегі мұңды байқасаң, жүрегің ауырады енді. Адам балаға қарағанда тамсанып, сәби болғысы келеді емес пе? Құшақтап, иіскеп, бала күнін еске алып... Жоқ, мен бұл баланы көрген сайын түнеріп кетем. Өмірдің тауқыметін көп көрген кісінікіндей терең...

Әлде маған ғана солай көріне ме?.. Сонда да Тимур досымның баласын қатты аяймын.

Тимурды білемін ғой. Ана қызбен бір, мына қызбен бір көңіл қосып, пәтерге қонбай, түнімен қаңғып жүргені кеше еді... Көзді ашып жұмғанша төрт бес жыл өте шығыпты-ау, ә?! Қыздарға «пәтерге барайық та» деп, қылжақтап тұрушы еді, қазір бала-шағасының қамымен күн кешуде.

Аңқалаңдап жүріп, бір қызды жүкті қылып қойды. Ол уақытта пәтерде бірге тұратынбыз.

-Не істесем болады?-деді ол маған.

-Аласың енді,-дедім.

-Қазір жағдай жоқ,- деп қипақтады. Екеуі бір-бірін жек көреміз деп, бастары қатып, айғайласып... Аборт жасатамыз деп келісіп... Оны қыздың анасы біліп қойып, даң болып... Қыздың үй-іші Тимурдың ата-анасымен сөйлесіп, баланың өмірін сақтап қалған.

Тимурдың әке-шешесі ұрсып-ұрсып, ақыры тойларын жасап берді ғой, әйтеуір.

Бала аман-есен өмірге келді. Бірақ, баласының көзқарасы айналаға ренжі-і-і-п қарайтын сияқты. Балиғат жасқа дейін жанында жүретін Періштелер жоқ секілді елестейді. Некесіз болғандықтан ба, махаббатсыз дүние есігін ашқандықтан ба, маңдайында Нұры жоқтай көрінеді. Ата-анасының шалыс басқан жерінен өсіп шыққан Гүл іспетті...

Көпқабатты үйлердің ауласында Тимур екеуіміз темекі шегіп тұрғанымызда балалар ойнап жүргенін көзім шалып қалды. Ал ол өзі жалғыз отырды құмда. Машинасына қара-а-ап... Салмақты сондай... Топқа қосылмайды... Бөтен...

Ренжі-і-іп отыр ғой ол... Жаным...

Әлішер РАХАТ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар