Жер туралы даудан бейхабар қазақ жоқ шығар бүгінде. Басында әлеуметтік желіде, біртіндеп жекелеген ақпарат құралдарында қызу талқыланған бұл тақырып, сәуірдің соңында Атырау жұртын алаңға алып шықты. Артынан Ақтөбе, Семей, Қызылорда...
Бүгінде жер тақырыбындағы мәселе бар қазақты, бүкіл Қазақстанды толғандырып отыр. Маңызды мәселеге Елбасы араласып, шикі реформаға мораторий жарияламағанда жағдайдың қалай өрбитінін болжау қиын.Ел ішінде жерге қатысты толқуларды сырттан біреулер әдейі ұйымдастырып отыр екен деген де әңгіме шыққанын білеміз. Алғашында ақпарат құралдарына сұхбат берген депутаттардың бірі Атырауда болған митингті «сыртқы күштердің араласуы» деп бағаласа, кейін тіпті «Еуразия» телеарнасында митингке шыққан әрбір адам үшін 50-150 доллар қаражат төленген деген ақпарат жарияланды. Бастапқыда көзі ашық, көкірегі ояу жұрт бұл мәлімдемелерге сенбей, тіпті күлкіге айналдырып, әлгіні айтқандарды бірінен соң бірін әжуа етті. Енді Елбасы жариялаған мораторий жер мәселесінде баршамызды сабырға келіп, маңызды тақырып төңірегінде салмақты ой айтуға, эмоцияны жиып қойып, нақты сараптамаларға, тұщымды талдауларға жүгінуге мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, өткен-кеткенді аз-маз салмақтасақ.
Әсілі, «сыртқы күштер» туралы әңгіме бекерге айтылған жоқ. Мұндай шиеленісті, даулы мәселелерді пайдаланып, кез-келген елдің ішінде бүлік шығару, төңкеріс ұйымдастырмаса да түрлі наразы топтарға астыртын қолдау көрсету деген бір бүгін шыққан құбылыс емес. Әлемдік тәжірибе, халықаралық саясатта ондай мысалдар жетіп артылады. Оның барлығын тізбелеп жату артық болар. Өз басым Қазақстандағы жер дауын қоздыруға, оны жалпыхалықтық наразылық акциясына айналдыруда сыртқы күштердің мүддесі болғанын жоққа шығара алмаймын. Керісінше, осы бағытта белгілі бір топтың, нақтырақ айтсам, Ресейдің елімізде жер дауының көтерілуіне мүдделілік танытқанын қуаттаймын. Неге дейсіз бе?
Біріншіден, Орталық Азияда, посткеңестік елдер арасында солтүстіктегі көршіміз өзінің ықпалын жоғалтқысы келмейді. Мейлі, Қазақстан, мейлі Қырғызстан немесе Өзбекстан, одан әрірек жатқан Тәжікстан болсын, Ресей бұл елдерді саясатта өзінің «кіші бауыры» санайды. Халықаралық кейбір мәселелерге қатысты бұл мемлекеттердің өзін қолдайтынына әубастан-ақ сенімді.
Екіншіден, Қазақстан соңғы уақытта Қытайға қатты жақындап кетті. Жоғарғы мемлекеттік басшылықты былай қойғанда қазір Қазақстанда облыс әкімдеріне дейін Қытайға барып, тікелей келіссөздер жүргізетін дәрежеге жетті.
Үшіншіден, бұл да алдыңғы айтылған факторлардың жалғасы іспеттес, Қазақстан мен Қытайдың экономикалық әріптестігі, сауда-экономикалық саладағы жоспарлары Ресейдің, Ресей әмірін жүргізіп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың мүдделеріне қайшы. Бір ғана мысал, Қытай жүзеге асырып жатқан «Жібек жолы» жобасы, Батыс Қытай-Батыс Еуропа көлік дәлізі Ресей экономикасына айтарлықтай нұқсан келтіруде. Мұны қазақстандық экономистер де жоққа шығармауы тиіс.
Елдегі жер дауынан Ресей қолтаңбасын іздеуге итермелейтін тағы бір себеп – Қазақстанның соңғы уақытта солтүстік көршісіне қатысты сыни ұстанымдарын ашық білдіруі. Алдыңғы жылдары Қырым мәселесіне қатысты Ақорда Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын білдірді. Одан бөлек, бірқатар мектеп оқулықтарынан «Қырым – Ресейдің аумағына кіреді» деген мәліметтерді алдыртып тастағанымыз және бар. Күні кешегі Таулы Қарабақ қақтығысында да Қазақстан Еуразиялық одақтағы әріптесі әрі Ресейге жақын Арменияны емес, түркі тілдес ел Әзірбайжанды қолдайтынын ашық аңғартты. Мұның барлығы Кремльдің қитығына тиетіні сөзсіз. Демек, Ресей Қазақстанды қайткенде де «тәубесіне» түсіріп, аймақтағы өз ықпалын қалпына келтіруге мүдделі.
Алайда, Ресей Қазақстандағы жер дауын саясиландыруға мүдделі болғандығы оның қазақ жеріне алаңдағанын, қазақ халқына жаны ашығандығын білдірмесе керек. Бар болғаны «Мемлекеттер арасындағы мемлекеттік мүдде» ғана. Яғни, бұл жердегі басты мақсат - ел ішіндегі наразы көңіл күйді қоздыру, халықтық толқуларды астыртын қолдау арқылы ресми Астанаға жасырын белгі беру. Ал, жер сатыла ма, жалға беріле ме, жоқ заңнамалар бұрынғыша қала ма, ол қазақтардың проблемасы. Міне, Мәскеудің бұл ойлағаны жүзеге асқан да сияқты. Кеше Елбасы Н. Назарбаев шақырмаса да Мәскеудегі Жеңіс парадына барып, РФ президентімен кездесті. Бұл жердегі жеңіс парады тек желеу ғана. Әйтпесе, шет мемлекеттердің басшылары былтырғы мерейтойлық парадқа шақырылған. Оған Елбасы басқа да әріптестерімен бірге қатысқанын білеміз. Президент Н. Назарбаев бұл жолы В. Путинді «Восточный» ғарыш айлағынан алғашқы зымыранның сәтті ұшырылуымен құттықтау үшін барды дегенге де сену қиын. Демек, бұл жолғы сапардың сыры басқада...
Асхат Сердалы
Пікір қалдыру